5 қаңтар күні ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен барлық әскери бөлімдерінде құқықтық тәртіп әскерлері әскери қызметшілерінің ерлігі мен жанкештілігін дәріптеуге арналған «Мәңгілік сапта» акциясы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл күні Ұлттық ұланның жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Жеке құрамға тәуелсіз Қазақстанның 30-жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа ұласқан қаңтардағы оқиғалар мен батырлар туралы деректі фильмдер көрсетілді.
Акцияның мақсаты - әскери қызметшілердің жоғары моральдық-жауынгерлік қасиеттерін қалыптастыруға, қызметтік-жауынгерлік және арнайы міндеттерді мінсіз орындауға, Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қоғамда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық үлгілерін насихаттап, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге арналған.
2022 жылғы қаңтардағы оқиға кезінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жаппай тәртіпсіздіктер орын алған елдің барлық қалалары мен елді мекендерінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылды.
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Ұлттық ұланның 400-ден астам әскери қызметшілері бұзақы топпен қақтығыс салдарынан дене жарақаттарын алды, 90-ға жуық әскери техникасы бүлініп, олардың 9-ы жарамсыз болып қалды.
- Бүгін біз Қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алып отырмыз. Олар – мерзімді қызметтің сарбаздары Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов. Қос батыр Отан алдындағы борышын адалжәне жанкештілікпен өтеп, нағыз батырлықтың үлгісін көрсетті, - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов.
Қоғамдық тәртіпті қайта қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында Отан алдындағы мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген ұландық қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов ерлікпен қаза тапты. Ерлігі мен жанқиярлығы үшін жауынгерлік қызмет барысында бақилық болған ұландықтар Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің кавалері атанды.
Қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов сол қайғылы оқиғалар кезінде қаруластарының батыл да ержүрек келбеті болып мәңгілік жадымызда қалды. Қарағанды өлкесінің тумалары өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, ел тыныштығы мен ынтымағы үшін жүктелген міндеттерді батылдықпен жүзеге асырды. Жас сарбаздар әскери Антқа адал болып, елді қорғау жолындағы азаматтық борышын соңына дейін орындады.
Ұландықтар өздерінің әскери міндеттерін орындауда батылдық пен ерліктің айқын үлгісін көрсетті. Олар рухтың жігерімен және Отанға деген шексіз сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Әскери қызметшілердің ерлігі мәңгі жадымызда сақталады. Айбат пен Мадиярдың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының батырлар тарихына алтын әріптермен жазылып, батырлық пен абыройдың жарқын бейнесі болып қала береді.