Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында IX қысқы Азия ойындарына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өз кезегінде туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин және Ябули қалаларында IX қысқы Азия ойындары өтеді. Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына 6 спорт түрі: коньки спорты, биатлон, керлинг, шаңғы спорттары, шайбалы хоккей, ски-альпинизм кіреді. Жалпы бағдарламада 11 спорттық дисциплина: конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл, сноуборд, ски-альпинизм, шайбалы хоккей қамтылған. Ойындарға Азияның 32 елінен мыңнан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәлімдеуінше, Қазақстан құрамасы жарыстарға 6 спорт түрінен, 10 дисциплина бойынша қатысады. Команданың құрамы 138 спортшыдан тұрады. Олар 51 медаль жиынтығы үшін күреседі.
«Салыстырмалы түрде қарасақ, 2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 116 адам қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы 1996 жылдан бері қысқы Азия ойындарында үздік төрттік қатарында орын алып келеді. 2017 жылы Саппорода Қазақстан 32 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 4-ші орынды иеленді» Ербол Мырзабосынов
Оның айтуынша, 2025 жылы Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысынан шыққан спортшылар. Ойындарға сапалы дайындық үшін ұлттық құрама 137 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сонымен қатар, спортшылар 86 халықаралық жарысқа қатысып, онда 33 медаль жеңіп алған.
Азия ойындарына шығарып салу рәсімін 30 қаңтар күні Астана қаласындағы «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешенінде өткізу жоспарланып отыр.
Үміткерлер арасында жоғары спорттық жетістіктер мен мүмкіндіктерге ие спортшылар бар. Биатлоннан: 2023 жылғы қысқы Универсиаданың жүлдегері Александр Мухин (Ақмола обл.) және 2019 жылғы Универсиаданың екі дүркін жүлдегері Әсет Дүйсенов (Алматы обл.), шаңғы жарыстарынан: 2023 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері Надежда Степашкина (Ақмола обл.), конькимен жүгіру спортынан: 2023 жылғы 4 континент жеңімпазы Надежда Морозова (СҚО), 2023 жылғы жастар арасындағы Әлем кубогының күміс жүлдегері Алтай Жәрдембекұлы (Астана қ.), шорт-тректен: Азия ойындарының қола жүлдегері және Олимпиада қатысушысы Абзал Әжғалиев (Астана қ.), 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша (Ақмола обл.), фристайл-акробатикадан айтарлықтай келешегі бар спортшылар: 2023 жылғы Еуропа кубогы кезеңінің жеңімпазы Шерзод Хаширбаев (Шымкент қ.), 2023 жылғы Еуропа кубогының қола жүлдегері Аяна Жолдас (Шымкент қ.), сонымен қатар 2024 жылғы Азия чемпиондары – шайбалы хоккейден ерлер құрамасы қатысады.
«Аталған спортшылар еліміздің жүлделер қоржынына өз үлестерін қосады деп үміттенеміз. Ұлттық құрамалар дайындығының жауапкершілігі 10 дисциплина бойынша бас бапкерлерге жүктеледі. Олар – спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне барлық күш-жігерін салатын білікті мамандар. Қазақстандық бапкерлермен қатар, спортшыларды сапалы дайындау үшін Нидерланды, Польша, Словения, Беларусь және Ресей Федерациясынан 9 жаттықтырушы-консультант тартылды. Олар спорттың 4 түрі: биатлон, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау бойынша жұмыс істейді» Ербол Мырзабосынов
Министр өз кезегінде Қазақстан Республикасының хоккейден спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және жеңімпазы Әділ Бекетаев пен шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2017 жылы өткен Азия ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ Дүниежүзілік Универсиада жүлдегері Ольга Тихонова Азия ойындарындағы ту ұстаушылар болып бекітілгенін жеткізді. Спорттық киім үлгісі Азия ойындарының ұйымдастыру комитетімен келісілгенін, оны дайындауда халықаралық стандарттар мен ұлттық талаптар сақталғанын баяндады.
«Спортшылардың жайлылығы үшін жоғары терморегуляциялық қасиеттерге ие табиғи материалдар пайдаланылды. Киім тігу толығымен демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылды. Киімдер жиынтығы 16 заттан тұрады» Ербол Мырзабосынов
Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 7 ақпанда Харбиндегі Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium спорт нысанында өтеді. Жабылу рәсімі 14 ақпанға жоспарланған.
Жалпы, Қазақстандағы қысқы спорт түрлерінің дамуына тоқталған Ербол Мырзабосынов, елімізде 13 қысқы олимпиадалық спорт түрі дамып келе жатқанын айтты. Олар: конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау,биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл, сноуборд, шаңғы қоссайысы, шайбалы хоккей, ски-альпинизм, шаңғымен секіру.
«Жалпы 139 123 спортшы қамтылған, 1 838 жаттықтырушы қызмет етеді. Солтүстік өңірлерде климаттық жағдайлардың қолайлы болуына байланысты спорттық резерв дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде 521 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 15 511 спортшы дайындықтан өтуде, оларға 747 жаттықтырушы жетекшілік етеді. Республика бойынша 1 республикалық, 6 облыстық және арнайы олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледждері жұмыс істейді» Ербол Мырзабосынов
Аталған мекемелерде бүгінде 500-ден астам бала оқиды. Сонымен қатар 11 олимпиадалық резерв даярлау орталығында 400-ге жуық спортшы жаттығуда. 12 жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде 1 мыңнан астам спортшы дайындалады. Ұлттық құрамалар қатарына 1 265 спортшы кіреді.
Жастар құрамасының халықаралық деңгейдегі жетістіктерінің жарқын мысалы – 2024 жылы Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен Жасөспірімдер олимпиадасында біздің спортшылар шаңғымен секіру бойынша алтын медаль және шорт-трек пен шайбалы хоккейден екі қола медаль жеңіп алды.
Елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған 1 242 спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде:
- 1 108 хоккей алаңы,
- 102 шаңғы базасы,
- 22 мұз аренасы,
- 7 коньки тебу стадионы,
- 3 шаңғымен секіруге арналған трамплин.
«Қазіргі уақытта барлық өңірде жабық спорттық кешендерге сұраныс жоғары болып отыр. Елімізде қысқы спорт түрлері тек кәсіби деңгейде ғана емес, сонымен қатар бұқаралық спорт ретінде де дамып келеді. Кейбір өңірлерде жаттығу ресурстары мен инфрақұрылымның шектеулі болуына қарамастан, бұл спорт түрлері халық арасында үлкен қызығушылыққа ие болып, тұрақты дамып келеді» Ербол Мырзабосынов
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз».
Қабылданған шаралар нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен айналысатындар саны 310 мыңға артып, 8,4 млн адамға немесе халықтың 41,5% пайызына жетті. Олардың ішінде ауылдық жерлерде 3 млн-нан астам адам спортпен айналысады.
Елімізде жыл сайын 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Оған 1,2 млн адам, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Соңғы жылдары жаппай жүгірулер, марафондар, веложарыстар, Айронмэн (Ironman), шаңғы фестивальдары, отбасылық жарыстар мен көпшілікке арналған сырғанақтар ерекше танымалдыққа ие болды. Бұл іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп келеді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, салалық заңнаманы жаңартып, спортты басқару жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Өткен жылдың соңында Министрлік өңірлік басқармалар қызметіне бақылау және талдау жүргізу үшін жұмыс топтарын құрды. Талдау нәтижесінде өңірлердегі жүйелік сипаттағы бірқатар кемшілік анықталды. Сонымен қатар Министрлік «Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі, ол Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданды» Ербол Мырзабосынов
Заң жобасында:
- спорт түрлерін қаржыландыру саясатын айқындау бойынша Министрлікке құзырет беру;
- басым спорт түрлерін нақтылау;
- спорт федерацияларын аккредитациялауға қойылатын талаптарды белгілеу;
- бұқаралық спортты дамыту мен жоғары спорт шеберлігі арасындағы өкілеттілікті айқындау мәселелері қарастырылған.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Министрлік жанынан облыстық спорт басқармаларының басшыларын келісу бойынша арнайы комиссия құрылып, бүгінде Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарына жаңа басшылар тағайындалып жатыр.
Спорт федерацияларының президенттерін қайта сайлау жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 7 федерацияда басшылық ауысты. Спорт саласының барлық деңгейінде тікелей басқару жүйесі құрылады. Сонымен қатар әкімдердің жұмысы бойынша негізгі тиімділік көрсеткіштерін енгізу жоспарланып отыр.
«Аталған шараларды іске асыру республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық нәтижелерді жақсартуға, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын адамдардың санын арттыруға, халықтың денсаулығын жақсартуға, қаржы ағындарының ашықтығын арттыруға және ресурстарды оңтайландыруға алып келеді» Ербол Мырзабосынов