Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері командирлерінің (бастықтарының) тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасарлары институты құрылды. Осы сәттен бастап Қарулы Күштердің қалыптасуы мен дамуына тікелей әсер еткен тәрбие жұмысы органдарының тарихы басталды.
Бүгінде тәрбиешілер әскери ұжымдардағы моральдық-адамгершілік жағдайды жетілдіру, әскери қызмет беделін және қоғамдағы әскери қызметші кәсібін арттыру, жеке құрамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды қамтамасыз ету, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, сондай-ақ әскери ұжымдардың жауынгерлік рухы мен ұйымшылдығын көтеру үшін орасан зор жұмыс жүргізуде. Бұл психологиялық, социологиялық және әскери-әлеуметтік салаларды, әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыруды қамтитын тиімді жүйе.
Әскери тәрбиешілердің сарбаздардың оқу-жауынгерлік қызметін, жауынгерлік кезекшілікті, қарауыл және ішкі қызметті моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастырудағы қызметі үлкен маңызға ие. Қазіргі уақытта тәрбие беру құрылымдары армия өмірінің барлық салаларына қатысатын және елдің қорғаныс қабілетін нығайту бойынша тиімді жұмыс жүргізетін қарулы күштердің маңызды институты болып табылады.
32 жыл ішінде тәрбие құрылымдарының, оның ішінде Ұлттық ұланның офицерлері командирлермен бірлесіп әскери ұжымдардағы моральдық-адамгершілік жағдайды сауықтыру, әскери қызметтің беделін арттыру, жеке құрамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды қамтамасыз ету, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін орасан зор жұмыс атқарды.
Жауынгерлік құрамның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында 2024 жылы 42 үздік рота, 197 үздік взвод дайындалды, бұл ретте 7000-нан астам әскери қызметші жауынгерлік даярлықтың үздігі атанды.
Ең жоғары нәтижелерді Шымкент қаласының 6506, Қарағанды қаласының 5451, Алматы қаласының 7552, Тараз қаласының 5513, Атырау қаласының 5546, Ақтау қаласының 3502, Астана қаласының 3656 әскери бөлімдерінің жеке құрамы көрсетті.
Жедел мақсаттағы құрамалар арасында бірінші орынды 6506 әскери бөлімі иеленді, бұл әскери бөлім Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының дипломымен және екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Міне, бүгін осы екі оқиғаны біріктіре отырып, 6506 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Бауыржан Шораевпен әңгімелесуді жөн көрдік.
Бауыржан Пердебайұлы, сіздердің әскери бөлім бүгінде Ұлттық ұлан бригадалары арасында үздік танылып отыр – бұл нені білдіреді және оған қалай қол жеткіздіңіздер?
- Алдымен бөлімнің тарихына аздап тоқталайын. Ішкі әскерлердің, қазіргі Ұлттық ұланның әскери бөлімдері өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап оңтүстік аймақта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді.
Сол кезде біздің әскери бөлім құрылды. Оның құрылған күні 1962 жылдың 6 қарашасы болып саналады. Дәл осы күні біздің бөлімге полковник Құлахмет Халменов (қазіргі отставкадағы милиция генерал-майоры) Жауынгерлік Туды тапсырды. Содан бері біз қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өттік.
Біздің бригада 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық ұланда үздік деп танылғанын мақтан тұтамыз. Бұған біздің офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің еңбегі мен жоғары кәсібилігінің арқасында қол жеткізілді.
Өткен жыл өте қиын болды, дегенмен бұдан өзге кезеңдер де оңай болған емес. Біз көптеген қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындадық. Бұл ретте 2024 жылғы сәуірде біздің екі жүз әскери қызметшінің Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуын атап өтпеске болмайды. Олар су басу аймағында азаматтарға көмек көрсетіп, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізді.
Сол шақтарда біздің сарбаздар жұмыстың ең қиын бөлігін өз мойнына алды. Олар өздерінің әскери міндеттерін орындап қана қоймай, адамдарға шын жүректен көмектесті. Бізде мұндай мысалдар көп.
Ұлттық ұланда және сіздің әскери бөлімде тәрбие және патриоттық сипаттағы қандай іс-шаралар өткізіледі?
– Біздің бригадада тәрбиелік және патриоттық сипаттағы түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бұл қатарға ардагерлер өз тәжірибелерімен бөлісетін батылдық сабақтарын және дене шынықтыруды дамытуға бағытталған спорттық іс-шараларды жатқызуға болады. Сондай-ақ, біз мектеп оқушылары үшін Ашық есік күндерін ұйымдастырамыз, жастар арасында патриотизмді нығайтуға бағытталған мерекелер мен акцияларға қатысамыз.
Мысалы, біздің бөлімде әскери қызметшілеріміздің балаларынан құралған "Жас бүркіт" әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Мұнда біздің офицерлердің басшылығымен балаларға әскери істің негіздері үйретіледі. Мұндай балаларда кішкентай кезінен Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизм сезімі қалыптасады деп айта аламыз.
Бүгінде біз Шымкент қаласының барлық мәдени ұйымдарымен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Бұл – жастар ресурстық орталығы, кітапханалар, театрлар, мәдениет үйлері және басқалар. Біздің сарбаздар сол жерде өткізілетін іс-шараларға белсенді қатысады.
Сіздің ойыңызша, тәрбиеші офицер қандай қасиеттерге ие болуы керек?
- Тәрбиеші офицер бірқатар негізгі қасиетке ие болуы керек: кәсібиліктің жоғары деңгейі, шыдамдылық, эмпатия қабілеті және әр әскери қызметшіге көзқарас таба білу. Оның жас ұрпаққа үлгі болуы, оларды жетістіктерге шабыттандыруы және дұрыс құндылықтарды қалыптастыруы маңызды. Сонымен қатар, офицер үнемі білім алуға және өзін-өзі дамытуға дайын болуы шарт. Сондай-ақ жоғары моральдық жауапкершілік пен жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөліңіздің маңызыз түсіну қажет.
Подполковник мырза, өзіңіз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз: мүмкін Сіздің ұлыңыз өсіп келе жатқан шығар – болашақта оны Отан алдындағы борышын өтеуге жібересіз бе?
– Менің офицер шеніне ұмтылысым бала күнімнен бастау алды. Мен әрқашан әскери формаға құмартушы едім. Тіпті мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағында үстіме әскери киімді киген сәтте бойымды мақтаныш кернейтін.
2001 жылы мен Петропавлдағы ҚР ІІМ ІӘ-нің жоғарғы әскери училищесіне оқуға түстім. Содан бері курсанттан әскер бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарына дейінгі жолды жүріп өттім.
Өткен күнге көз салсам, арманымның бәрі орындалған екен. Кешегі жасөспірім шағымның «әскери адам болу қиын шығар», «әскери киім киіп жүру үлкен абырой болар, әсіресе офицер үшін» деген секілді балаң ойлары әлі күнге есімде сақталыпты. Егер уақытты кері айналдыруға болатын болса, дәл өзім жүріп өткен жолға қайта түсер едім.
Мен өз еліме мақтанышпен қызмет етемін және бұл ретте отбасым мені әрқашан қолдайды. Жұбайым Назыммен бірге төрт ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым Ұлан Астанадағы IT-университетте оқиды. Менің ойымша, әр адам Отан алындағы парызын өтеуі керек. Патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу отбасында басталады, Мен бұл құндылықтарды балаларыма сіңіруге тырысамын. Сондықтан, балаларым уақыты келгенде Отан алдындағы міндеттерін міндетті түрде атқарады.
Әңгімелескен Руслан Қайыркенов, Астана-Шымкент-Астана