Біздің әрқайсымыз жақын адамдардың, әсіресе өмірімізде өшпес із қалдырғандардың армандары мен асыл тілектерін жүрегімізде сақтаймыз.
Ұлттық ұлан офицері Жолжақсынов Ержан Ерғазыұлы атасының «балам әскери адам болса екен» деген арманын жүзеге асыруға және өмірін әскери қызметке арнауға шешім қабылдаған.
Кейіпкеріміз дүниеге келген мекен - тұмса табиғаты көздің жауын алар Жетісу облысындағы Алакөлге құятын Тентек өзенінің сол жағалауында орналасқан Сапақ ауылы. Бұл өңірдің табиғатының сұлулығы, оның су ресурстарына бай болуы, қолайлы климаттық жағдайлар Алакөл ауданына қарасты Сапақ елді мекенін ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтардың орталығына айналдырды. Бірі мұнда қанымызға сіңген мал шаруашылығымен айналысса, екіншісі бау-бақша егеді. Әкесі Ерғазы да осындай шаруашылықтардың біріне қожалық етеді. Ал анасы Сапақ ауылдық орта мектебінде ағылшын пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Капитан Ержан Жолжақсынов мектепте оқыған кезінде қатарластарынан білімімен аса қатты ерекшеленбейтін. Бірақ атасы Жолжақсын дүниеден өткен соң, немересі Ержанда «мен әскери адам боламын» деген мақсат пайда болады. Мақсаты айқын жанның өмірге деген көзқарасы өзгеретіні анық. Міне, сол сәттен бастап кейіпкеріміз әскери оқу орнына түсу үшін аянып қалмады. Күндіз-түні болашақ мамандығына керек пәндерді оқып, өзінің физикалық әлеуетін арттыра берді. Еңбегі еш кетпей, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның Академиясына «командалық-тактикалық даярлық» мамандығына оқуға қабылданады.
Курсанттық өмір - бұл күш құрылымдарында оқу жолын таңдаған жастардың қалыптасуындағы ерекше кезең. Ол қатаң тәртіпті, дене шынықтыру даярлығы мен зияткерліктің дамуына қойылатын жоғары талаптарды, сондай-ақ курсанттар арасындағы біртұтас бауырластықты үйлестіреді. Дегенмен бұл - тек оқу мен дене дайындығы ғана емес, сонымен қатар жауапкершілікті, командалық рух пен серіктестікті тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын орта. Курсанттық өмірдің дәмін татқан адам әскери қызметтің қиыншылықтарын оңай еңсере біледі. Себебі әрқашан бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол нұсқайтын оқытушылар курсанттардан көмегін аямайды. Олар түлеп ұшса да, жанашыр оқытушылар шәкірттерінің жаңа қызметке бой үйретуіне ықпал етті. Кейіпкеріміз Академия оқытушыларының өздеріне кәсіби дағдыларды ғана емес, сондай-ақ адамгершілік қағидаларын да үйреткенін айтты. Сол себепті ол ұстаздарының өз бойына ар-ұят, намыс, мұқалмас жігер сынды қасиеттерді сіңіргендеріне дән риза. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» дегендей Академия бітірген курсанттар еліміздің қандай күш құрылымында болмасын, абыройлы қызмет атқаруда.
2017 жылы «лейтенант» шенін алған жас офицерді сол жылдары Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарайтын 6636 атқыштар полкінің 2 атқыштар ротасының 1 взвод командирі етіп тағайындайды. Осылайша Ержан Ерғазыұлының әскери мансабы басталды. Әскери өмірге алғаш қадам басқан сәтте мамандықтың қыр-сырын ұғынбаған кез келген жас офицер секілді түрлі қызметтегі қиындықтарға тап болды. Күрмеуі шешілместей көрінген келеңсіздіктерді аға бастықтарының ақылын тыңдай отырып жоя білді. Академияда алған теориялық білімінің іс-тәжірибе алаңына айналған әскери қызметте жеткіліксіздігін ұғып, ендігі сәтте өзін дамытуға кірісті. Осы тұста Абайдың «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап…» деген сөзі оның алға қарай ұмтылуына серпіліс берді.
Адам қоғамдағы өз мінез-құлығы арқылы әлеуметтік және рухани қажеттілігін қанағаттандырады. Мұндай қажеттілікке еңбек етуі, білім алуы, шығармашылық жұмысы, білгенін басқаларға үйретуі жатады. Өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін міндетті түрде мақсат қояды. Дәл осылай Ержан Ерғазыұлы сол жылы өзгеріске ұшыраған Жарғының беймәлім беттерін қарамағындағыларға үйретуден жалықпады. Бұнысы басшылық тарапының назарынан тыс қалмай, қызметте ілгері қадам басуына алып келді. Нәтижесінде ол 6636 әскери бөлімінің Айдауылды алып жүру бойынша атқыштар ротасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі рота командирінің орынбасары болды. Ол лауазым - әскерде үлкен маңызға ие. Себебі сарбаздардың моральдық-психологиялық дайындығына және жеке құрамның тәртіпке бағынуына тікелей осы кісілер жауап береді. Атақты қолбасшы Б. Момышұлының ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған әскери-теориялық еңбегін оқымаған, сірә, тәрбиеші офицер жоқ шығар. Капитан Жолжақсынов та рухани азығы мол еңбекті әскери тактикалық, сарбаздарды тәрбиелеу және оқыту, командалық кадрларды дайындау зерттеулерін терең талдап, әскери іс-тәжірибеде кең түрде қолданды. Соның арқасында ата-бабаларымыздың салған ерлік жолын бүгінгі ұрпақ жалғастырып отыр. Бейбіт күннің батырлары түрлі жағдайларда өзіне өлім қаупі төнсе де тайынбай, рухын жоғары ұстайды. Міне, осы рухты шыңдау – тәрбиеші офицердің қолында. Осыны ұққан Ержан Ерғазыұлы Қаңтар оқиғасы кезінде мерзімді әскери қызметшілердің командир бұйрықтарын бұлжытпай орындап, Антына адал болуына себепші тұлғалар қатарынан орын алды.
Ержан Ерғазыұлы қазіргі уақытта жауынгерлік даярлық бөлімі бастығының көмекшісі ретінде қызмет атқаруда. Зайыбымен екі бала тәрбиелеп отырған үлгігі әке - қызығы мен шыжығы мол әскери қызмет пен түрлі иірімдерге, бұрылыстарға толы отбасылық өмірді ұштастырып жүрген жан. Демалысында отбасы мүшелеріне көңіл бөліп, оларға жағымды әсер қалдыруға тырысады. Бұны – отбасылық құндылықтарды дәріптеудің өзіндік тәсілі санайды. Өз мансабын Ұлттық ұланмен байланыстырған ол сарбаздардың өз міндеттерін абыройлы орындауына және жауынгерлік қуатын нығайтуына шабыт беруде. Осы мақсатта елге қызмет етуді жалғастыруға ниетті.
Аға лейтенант Нурдәулет МЕРГЕНБЕК