Инклюзивті саясаттың тұжырымдамасын іске асыру

1804
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) іске асыру шеңберінде елде жүргізілетін жұмыстың негізгі бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сөз басында Асқарбек Ертаев бұл құжаттың тұжырымдамалық жаңалығы мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу бойынша жағдайлар жасау болып табылатынын атап өтті.

«Инклюзивті саясатты іске асырудағы жаңа тәсілдер құқықтарды іске асыруға, мүгедектігі бар адамдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасу үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді.

Тұжырымдама шеңберінде биылдан бастап 13 негізгі бағытты іске асыру басталады: теңдік және кемсітпеу; құқықтық қорғалу; әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру; инклюзивті еңбек нарығы; денсаулық, абилитация және оңалту; инклюзивті білім беру; қоғамдық-саяси өмірге тарту; кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі; төтенше жағдайлар мен климаттық қауіп-қатерлер жағдайындағы қауіпсіздік; жеке отбасылық өмір; мәдени өмір, бос уақыт және спорт; ағарту-тәрбие жұмысы; мониторинг және есепке алу», – деді вице-министр.

А. Ертаевтың айтуынша, Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарында барлығы 52 іс-шара көзделген, олардың орындаушылары салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар болып табылады.

Вице-министр Тұжырымдаманың әрбір бағыты бойынша жоспарланған жұмыс туралы айтып берді.

Мәселен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа әлеуметтік-құқық қорғау моделіне сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлейтін болады.

Заң жобасы Біріккен Ұлттар ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясының ережелеріне сәйкес мүгедектігі бар адамдарға қатысты теңдік пен кемсітушілікті жоюға бағытталатын болады.

«Өздеріңіз білетіндей, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап меншік нысанына қарамастан осындай қызметтер көрсететін барлық субъектілерге лицензия беру енгізілді.

Осы жылдан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттауды жүргізу бойынша жаңа тәсілдер қайта қаралып, енгізілетін болады. Жүйелеу және есепке алу үшін әлеуметтік қызметкерлердің арнайы тізілімі құрылды. Барлығы 12 167 әлеуметтік қызметкердің 11 616-сы оқытудан өтіп, оның ішінде 9 429 адам сертификат алды», – деді Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының базасында Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы кәсіптік біліктілікті тану орталығы құрылғанын айтты.

Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілік деңгейлері бойынша білім беру модульдері әзірленді. Бейінді білімі жоқ әлеуметтік қызметкерлерді қысқа мерзімді оқыту үшін өңірлік деңгейде әлеуметтік жұмыс бойынша кафедралары бар еліміздің 14 ЖОО-мен меморандумдар жасалды. Сондай-ақ skills.enbek алаңында оқыту жүргізіледі.

Бұдан басқа халықты әлеуметтік қорғау саласындағы оңалту орталықтарында оңалту іс-шараларын бақылау мен олардың тиімділігін арттыруға бағытталған оңалтудың цифрлық күнделігін кезең-кезеңімен енгізу басталады.

Оңалту орталықтарының құрылысы, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып жүргізілуде.

Бүгінде 9 оңалту орталығының төртеуі (Семей, Тараз, Кентау, Орал қалаларында) пайдалануға берілді.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Ұлытау облыстарында және Шымкент қаласында олардың құрылысы жалғасуда.

Мүгедектігі бар адамдарды, оның ішінде мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік ұйымдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау жүйесін одан әрі жетілдіру жалғастырылады.

«2025 жылдың 1 қаңтарына 111,4 мың адам немесе мүгедектігі бар еңбекке қабілетті адамдардың 29,4%-ы (381 мың) жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар өңірлер бойынша мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту деңгейі 20%-дан 55%-ға дейін өзгереді. Осыған байланысты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және жұмыс берушілерді мүгедек адамдарды жұмыспен қамтуға ынталандыру үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің бюджетке өтемақы төлеу тетігін енгізуі көзделеді», – деді Асқарбек Ертаев.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды автомобиль көлігімен (инватакси) тасымалдау бойынша қызметтер көрсету тәсілдерін қайта қарауды жоспарлап отыр.

«Оңалту спектрінің қызметтерін кеңейту бойынша шаралар әзірлеу басталады – бұл дәрі-дәрмекпен емдеуді қоспағанда, ауылдық амбулаториялар базасында мүгедектігі бар балаларға арналған физиотерапиялық қызметтер, емдік дене шынықтыру, массаж және т.б.», – деп толықтырды вице-министр.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі кедергісіз орта құру болып табылады. Мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, халық үшін қызметтер мен инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігі кеңейтілетін болады. Бүгінде интерактивті қол жетімділік картасында 42 964 нысан тіркелген. 22 777 нысан немесе 53% толығымен бейімделген.

Еңбекмині жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мүгедектігі бар адамдардың жеке және отбасылық өмірін дамытуды танымал етуге бағытталған шаралар кешенін іске асыру көзделеді. Мүгедектігі бар баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және әдістемелік көмек көрсету шараларын көрсету тетігі әзірленетін болады.

«Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мониторинг жүргізу, талдау және бағалау мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен кезең-кезеңімен ықпалдаса отырып, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру мәселесін пысықтау көзделген», – деп түйіндеді Асқарбек Ертаев.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -