Түркістан облысындағы инфрақұрылымды дамыту жобалары

6083
Фотосурет: Gov

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Отырар» секторында тұрғындармен кездесіп, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Шаһарда жүзеге асатын инфрақұрылымдық жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды DKnews.kz.

– Өздеріңіз білесіздер, Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біз биыл 100-ден аса көшені жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал үш жылда көшелердің бәрін жөндеуге күш саламыз. Көшелердің жағдайын өз көзіммен көріп, саралау үшін арнайы келіп тұрмын. Осы ретте мына мәселені ескеру керек. Инфрақұрылым мәселелері асфальт төселгенге дейін шешілуі керек. Сондықтан тиісті инфрақұрылым, су, газ және кәріз жүйесі толық жүргізілген көшелерге асфальт төсеуді тапсырдым. Жаңадан салынған жолды қайта бұзуға жол берілмейді. Сіздерге жоспарларымызды таныстырдық. Әрине, қаржысы болса, бәрі жедел шешіледі. Дегенмен кейбір жобаларға қаржы бөлінуі кешіксе, түсіністікпен қарауларыңызды сұранамыз. Кезең-кезеңімен инфрақұрылым мәселесі толық шешімін табады, – деген Нұралхан Көшеров ел ағалары мен ақсақалдарға жастарды еңбекке баулу бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Біріншіден, Мемлекет басшысы халықтың жағдайын жасап, тұрмыс сапасын жақсартуды тапсырды. Инфрақұрылым, жол, газ, су, кәріз мәселелері шешіледі. Мемлекет тарапынан барлық жұмысты атқарамыз. Екіншіден, жұмыс орындарын ашпай, аймақтың мәселесі шешілмейді. Сондықтан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын қолға алып, өндіріс орындарын ашуға басымдық бердік. Жұмыс орындары ашылуда. Сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін жастарды даярлау қажет. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Өңіріміз үшін өте маңызды бастама. Кәсіпкерлерге, оқу орындарына тиісті ұсыныстар берілді. Аймақтағы колледждерде, жоғары оқу орындарында техникалық және жұмысшы мамандық иелерін дайындап, өндіріске жіберу – мақсатымыз, – деді өңір басшысы.

Кездесуде шаһар тұрғындары Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, жобаларға қолдау білдірді.

Облыс әкіміне Түркістан қаласында инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмыстар жоспары мен жобалар таныстырылды. Оның ішінде «Отырар» секторы бойынша 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшені жөндеу жоспарланған. Өзге де секторлар мен шеткі елді мекендерде тиісті жұмыстар жалғасады. 2018 жылы Түркістанды кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 15,8 пайыз болса, бүгінде 36,5 пайызға жеткен. Ал үш жылда қаланың 80 пайыздан астамын кәріз жүйесімен қамту жоспарланып отыр.

2024 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың ұзындығы 430,1 шақырымға (50,9%) жетті. 2025 жылы жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 95,4 шақырымды құрайтын 94 көшесінде ведомствалық сараптаманың оң нәтижесі алынып, 30 көшесінде жөндеу жұмыстар басталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -