Оралда “SWAT Challenge 2025” жүлдегерлері – Ұлттық ұлан жауынгерлері марапатталды

6413
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы “Батыс”

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері “SWAT Challenge 2025” халықаралық жарысында арнайы мақсаттағы бөлімшелер мен әлемнің түрлі елдерінің полиция департаменттері арасында үздік он команданың қатарына еніп, ел намысын лайықты қорғады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Осы жарысқа қатысқан Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің командасы да үздіктер қатарынан көрінді. Жарыстан оралған жауынгерлерді халық ерекше ықыласпен қарсы алып, олардың ерлігі мен еңбегін жоғары бағалады. Құрмет көрсету шаралары Ақордада басталып, онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды құттықтап, арнайы жасақ сарбаздарының жоғары кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы олардың бұл жетістігі елдің күш құрылымдарының жоғары дайындығының айғағы екенін және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға ықпал ететінін айтты.

– “Елдің атын ер шығарар”. Біздің жауынгерлер халықаралық аренада елімізді абыроймен таныстырып, қазақстандық сарбаздардың қайсарлығы мен кәсіби дайындығын бүкіл әлемге паш етті. Біз сіздермен мақтанамыз! Мұндай жеңістер барша халықты, әсіресе жастарды жігерлендіреді. Мықты жауынгер – мемлекеттің сенімді тірегі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде.

Салтанатты шара одан әрі ҚР Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында жалғасты. Бүгін Орал қаласының теміржол вокзалында Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің жауынгерлерін қала тұрғындары мен әскери қызметшілер салтанатты түрде қарсы алды. Кейін 5517 әскери бөлімінде құрмет көрсету кеші ұйымдастырылды. Оған Орал қаласының әкімі Мұрат Болатұлы қатысып, жарысқа қатысушыларды құттықтап, облыс әкімінің атынан алғыс хаттар табыс етті.

Сондай-ақ шара барысында “Батыс” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Нариман Акбарав пен ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бақытжан Бердиев сөз сөйлеп, жауынгерлерге жылы лебіздерін білдірді. Айта кетейік, қазақстандық жауынгерлердің “SWAT Challenge 2025” халықаралық жарысындағы жетістігі олардың жоғары кәсіби шеберлігінің, үздік стандарттарға сай дайындықтарының және кез келген міндетті мінсіз орындауға қабілетті екендерінің айқын дәлелі болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -