Академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтына «СарыарқаАвтоПром» ЖШС делегациясы барып, ғылыми зерттеулермен танысып, өнеркәсіптік автоматтандыру және роботтандыру саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың келешек бағыттарын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сапар барысында делегация институттың алдыңғы қатарлы әзірлемелерімен танысты, оның ішінде жасанды интеллектімен жабдықталған мобильді көлік роботы, коллаборативті және декарттық роботтар, жүретін роботтар және басқа да озық технологиялар көрсетілді. Атап айтқанда, Қазақстанның автомобиль өнеркәсіптеріндегі роботтар, ғылыми-техникалық және бағдарламалық қамтамасыз ету негізінде икемді роботтандыру және өнеркәсіптік автоматтандыру жүйелерін әзірлеуге бағытталған BR24992947 ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаға ерекше көңіл бөлінді.
Талқылау барысында тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, роботтандыру мен цифрландыру саласындағы серіктестік болашағын, сондай-ақ «СарыарқаАвтоПром» ЖШС базасында роботтандырылған технологияларды енгізу мәселелерін қарастырды.
Институттың ғылыми жетекшісі Амандық Төлешов ғылым мен өндірісті интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті.
«СарыарқаАвтоПром» сияқты өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық инновациялық шешімдер әзірлеу жолындағы маңызды қадам, ол Қазақстан автопромының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді» Амандық Төлешов
«Бүгінде институт – автоматтандыру мен роботтандыру жобаларын іске асырудағы негізгі серіктесіміз» «СарыарқаАвтоПром» ЖШС тарапынан жоба жетекшісі Камила Наурызбаева
Кездесу қорытындысында тараптар BR24992947 бағдарламасын қолдау, роботтық технологияларды енгізу үшін жол картасын әзірлеу, тағылымдамалар мен бірлескен зерттеулер ұйымдастыру жөнінде келісімге келді. Сапар нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екені және өнеркәсіптік роботтандыруды дамыту мен Қазақстанның жоғары технологиялы өндірістегі позицияларын нығайту жолындағы маңызды қадам екені анықталды.