Қазақстан Пресс-клубында (Kazakhstan Press Club) «Ескі лифттерді ажырату керек пе, әлде адамдардың өміріне қауіп төндіру қажет пе?» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Талқылауға ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілдері, Қазақстан Лифтерлер Ұлттық қауымдастығы және лифт саласының сарапшылары қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара барысында ескі лифттерді ауыстыруға қатысты тұрғын үй заңнамасы мен бюджеттік бағдарламалардың негізгі талаптары түсіндірілді. Ерекше назар 2023 жылдың қараша айында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде қабылданған Кеден одағының ТР КО 011/2011 «Лифттердің қауіпсіздігі» техникалық регламентіне енгізілген өзгерістерге аударылды.
Жаңартылған талаптарға сәйкес, пайдалану мерзімі аяқталған барлық лифттер жаңа қауіпсіздік стандарттарына сәйкестендірілуі тиіс. Қазақстан Республикасында бұл мерзім 2025 жылдың 15 ақпанына дейін белгіленсе, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей Федерациясында – 2030 жылдың 15 ақпанына дейін ұзартылған.
Баспасөз конференциясы мемлекеттік органдар, лифт саласының мамандары және жұртшылық арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар лифт жабдықтарын уақтылы жаңартудың маңыздылығын атап өтіп, бұл шара апаттық жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Лифт жабдықтарын жаңарту мәселесін талқылау мемлекет, кәсіби қауымдастық және басқарушы компаниялар тарапынан жедел әрекет етудің қажеттілігін растады. Қабылданған шаралар қауіпсіз әрі сенімді лифт инфрақұрылымын құруға бағытталған, бұл түптеп келгенде азаматтардың жайлылығы мен қорғалуын қамтамасыз етеді. Лифттерді уақтылы ауыстыру және жаңғырту еліміздің тұрғын үй қорының қауіпсіздігі мен заманауилығын арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ.