Фитозертханада есірткі өсірген Қызылорда облысының тұрғыны құрықталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сырдария аудандық прокуратурасының үйлестіруімен «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында жұмысшы топпен бірлескен шаралар нәтижесінде аудан тұрғыны ірі мөлшерде сора тұқымдас өсімдігін заңсыз егіп өсірумен айналысатын фитозертхана және аса ірі мөлшерде кептірілген марихуана анықталды.
Анықталған азаматтың тұрғылықты үйіне тінту жүргізу кезінде ыдыстарға отырғызылған 78 түп қарасора, есірткі затын өсіруге арналған жабдықтар, сондай-ақ екі дана пластикалық ыдысқа салынған кептірілген марихуана тәркіленді. Жалпы 2,7 кг кептірілген марихуана және 13 кг қарасора өсімдігі анықталды.
Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен және 300-бабының 2-бөлігінің 3) тармағымен қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Сырдария ауданының прокуратурасы азаматтарды мұндай фактілер анықталған жағдайда өз азаматтық борышы ретінде дереу 102 нөмеріне хабарласуға шақырады.