Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының тумасы Серік Қадыров ауған соғысының ардагерімін деп ешқашан кеудемсоқтанып, еңсе тіктеген емес.
«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деген өмірлік ұстанымын бойтұмарына айналдырған ол соғыстан кейін қым-қуыт тірлікке бірден лап қойып, әр түрлі беделді қызметтерді атқарып, зор абыройға ие болған. Өміршең тағдыр соқпағымен майдан даласынан құрылыс саласына ден қойған ардагер Өскемен қаласының Стрелка ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бой көтеруіне шелектеп тер төгіп, адуынды күш-жігерін жұмсаған. Азамат тоқсанышы жылдары мектепте мұғалім болып қызметке тұрып, білім саласында да ілкім істердің ретін табады. Ауған даласындағы аласапыран шақтарды ауыр күрсініспен есіне алатын ардагерден сергелдеңге салған сұрапыл сүркей күндер жайында ерлікке толы естеліктерді суыртпақтап көрдік.
- Армысыз Серік мырза? Алдымен қан сіңген Ауған даласына алғаш табаныңыз тиген шақтағы әсеріңізбен бөліссеңіз?
- Мен өр Алтайтың өлкесінде өсіп өндім. Нақтырақ айтсам, 1961 жылы 30 мамыр айында Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Шаңырақтағы төрт ағайындының ортаншысы болған мен 1976 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс техникумында құрылысшы мамандығын меңгеріп, төрт жыл білім алдым. Ал 1980 жылы әскер қатарына шақырылдым. Мерзімді әскери қызметімді Отар әскери оқу-жаттығу алаңында өткерген мен Ауғанстанда танкіге қарсы гранаатқыш ұрыс машинасының командирі болып жауынгерлік қызмет атқарады. Өр Алтайдың бауырында асыр-салып, таулы жерде өскеніммен ауған жақтың құзар шыңдары тік келеді екен. Біздің таулардың кескіні сүйірленген үшбұрышты болса, ауған таулары құдды зау қабырғадай тік бой көтерген. Ал бейбіт халқы қазекеңдей қарапайым. Жол жиектерінде жарылған көліктер қаңқасы ауған балаларының ойын алаңдарына айналған. От пен оқтың арасында ойнаған қара сирақ балғындар бізді бөтен деп жатырқамады. Қалтаңа қолыңды сүңгітіп жіберсең, бірдеме береді ме деп жымиысып жапа тармағай жүгіріп келеді. Басқасы басқа Кеңес Одағы бізді ауқаттан зарықтырмады. Ол кезде дүркіреп тұрған Семейдің ет комбинатының шұжығы, бұқтырылған ет сақталған конвервісі аста-төк келіп жататын. Жалпы, ас өнімі тұрмақ, қолымыздағы қасық-шанышқының өзі бейбіт ауған жұртының көз жауын алатұғын. Тоқ етері, жастық жалын жігерлі шағымда мақсаты беймәлімдеу соғысты көріп, оқу-білімсіз тентіреген жергілікті жас өрендерге жанымыз ашып, ажалым қай гранаметтен болады деп, «жеті қарап, бір шоқыған» секемшіл бұқараны көріп, бейбітшіліктің қадірін ерте ұғындым.
- Сіз жауынгерлік қызметіңізді Саланг асуында атқардыңыз? Статегиялық мақсатта салынған жолмен жүрген көліктерді қалқалауда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
- Саланг асуында 1980 жылы қаншама жол-көлік оқиғасы орын алып, 16 кеңес сарбазы тұншығып қаза болған. Ал 1982 жылы жанармай әкетіп бара жатқан автокөлік жарылып, 176 адам өлім құшқан. Саланг асуы Кабулды солтүстіктегі тоғыз провинциямен және Орталық Азия елдерімен байланыстыратын маңызды жол болып табылады. Сондықтан Джабаль-Усарадж қаласының маңына жайғасқан біздің әскер үшін бұл асудан өту қиямет-қайым екендігі бесенеден белгілі еді. Ол өлке қазақтың сарыарқасындай жазық дала емес, алдыңнан бір топ шықса, жапа тармағай жан жаққа жүгіріп, бас сауғалайтын. Тау ішіндегі жалғыз жолдағы көлік жүргізушісі кері айналу үшін кеңдеу жер іздеп, біраз шақырым еңсеріп әбігерге түсетін еді. Танкке қарсы басқарылатын зымыран кешенінің командирі болған мен асудан өтетін кез келген көлікті қалқалайтынмын. Тау шатқалдарындағы бұралаң жолдар дұшмандар үшін өте тиімді еді. Бұралаң жолдардан кезекті әскери бекетке жеткенше кей кезде өзімізді жемтіктей сезінетінбіз. Өйткені қай жартастың қуысынан сені күткен гранотометтің жасырынғанын аңғару мүмкін емес. Күндердің күні азық-түлік тиелген көлікті қалқалап, Саланг асуынан өткізу қажет болды. Кенет құзар шыңнан жарқыл көзім шалды. Дұшмандардың сүйікті қаруының алдымен от жарқылы одан кейін дауысы гүрс етеді. Жалма-жан рөлді жолдан бұруға ұмтылдым. Мейлі, жолдан шығып, таудан төмен құласақ та, жарылып кетпесек болғаны. Біздің көлік екі рет аударылып, тасаға еніп кетті. Граномет дауысы азық-түлік көлігінің жүргізушісі аударылған біздің көлікке қарай жүгіріп жетті. Дұшмандар ашық алаңқайда тұрған азық-түлік көлігін жарып жібермеді. Таудан жедел төмен түсіп, көлікті жүргізіп әкетпек болды. Мен аударылған көліктің ішінен шығып, автоматпен тасадан оқ жаудырдым. Сол уақытта жартасқа бой тасалаған маған қарай гранаметтен оқ атылды. Мөлшермен менің қайда тұрғанымды шырамытқан дұшман аударылған көлікке қарай бұрқ еткізді. Құлақ шың ете түсті. Әрі қарай есімде жоқ. Сол уақытта абырой болғанда артымыздан жедел көмек жетіп, дұшмандарға тойтарыс беріп, соңында көздерін жойыпты. Ес-түсіз жатқан менің денемді шешіп, өн-бойымнан оқтың ізін таба алмайды. Мен граномет дүмпуінен тербеліс заңы бойынша басым тасқа тиіп, талып қалған екенмін.
- Ауған даласында майданда бірге болған қаруластарыңызбен араласып тұрасыздар ма?
- Әрине, жыл сайын бас қосып, сағына қауышып тұрамыз. Шейіт болған жауынгерлер есімін ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында тағылымдық, мәдени, спорттық шаралар ұйымдастыруды қолға алдық. 2022 жылдан бастап өңірдегі Ұлан ауданы Асубұлақ ауылының тумасы, ауған соғысының ардагері, көзкөрген қаруласым Александр Казаченконың құрметіне волейболдан сайыс ұйымдастырудамыз. Соғыстан кейін құрылыс саласында қарқынды қызмет атқарып, саналы ғұмырымның жиырмадан астам жылын білім саласына арнап, Өскемен қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы №17 орта мектебінде еңбек пәнінің ұстазы болдым. Бүгінде зейнеткермін. Ұл мен қыздан бес немере көріп, қызығына бөленіп отырмын. Жалпы, ауған даласынан жанар отымыз талып, бордай езіліп елімізге қайттық. Ал, қайтпай қалғандар қанша ма еді? Александр Казаченконың майдан даласында қаза болғанынан хабардар болып, анасына көңіл айтуға барғанда шешесінің менің көзіме тік қарап, «сен неге тірі келдің?» деп жағамнан ұстап, запыран құсып, зар жылағаны әлі есімде. Ондай шақта не айтарыңды да білмей қалады екенсің. Біздің елімізден жиырма екі мың адам Ауған соғысына қатысты. Олардың мыңға жуығы соғыста құрбан болды. Бәлкім, Александр да ауған даласына аттанбай, бейбіт күнде өмір сүрсе, осы күнге дейін анасымен бірге тату-тәтті ғұмыр кешер ме еді?. Сондықтан, бейбітшіліктің қадірін әрдайым сезініп, мызғымас тұрақтылығымыз бен ауызбірлігіміздің нығая түсуіне әрбір азамат ат салысу қажет деп санаймын.
- Әңгімеңізге рақмет.
Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым,
Өскемен қаласы