Наурыз айында Алматыда Н. Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының қайта жаңғырту жұмыстары басталады. 40 жылдан астам уақыт бойы театр ғимараты күрделі жөндеуден өтпеген, деп хабарлайды DKnews.kz.
Театр жабдықтары толық жаңартылады, сахна мен жарықтандыру жүйесі жөнделеді, өткелдер кеңейтіледі, орындықтар арасындағы қашықтық ұлғайтылады, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қосымша орындар орнатылады.
Ғимараттың тірек құрылымдары нығайтылып, шатыр мен инженерлік желілер толық ауыстырылады. Театрдың тарихи сәулет элементтері – мозаика мен еден жабыны қалпына келтіріледі.
Театр жанында үш қабатты жаңа ғимарат бой көтереді. Онда камералық зал, шеберханалар, грим бөлмелері және театр студиясы орналасады. Екі ғимаратты галерея біріктіріліп, аумақ көркейтіледі.
Жөндеу жұмыстары 2026 жылы шілдеде аяқталып, жаңартылған театр қаланың маңызды мәдени орталығының біріне айналады.