Жексенбі күні Қытай мен Моңғолия арасындағы екінші теміржол желісінің құрамына кіретін трансшекаралық теміржол көпірінің Т-тәрізді арқалықтарын орнату жұмыстары басталды.
Бұл туралы қытайлық «Нэймэнгу жибао» газеті хабарлады.
Жаңа теміржол желісі Ганьцимаоду шекаралық өткелі арқылы өтіп, Моңғолияның Оңтүстік Гоби аймағындағы Гашуунсухайт станциясымен жалғасады. Ол 1956 жылы ашылған Эрэн-Хото — Дзамын-Үүд теміржолынан кейінгі екі ел арасындағы екінші трансшекаралық теміржол болады. Жалпы ұзындығы 9,91 шақырым болатын магистраль құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталды. Оның ішінде трансшекаралық көпір бөлігінің ұзындығы 6,08 шақырымды құрайды.
Қытай тарапының мәліметінше, қазіргі уақытта қажетті 760 Т-тәрізді арқалықтың 268-і дайындалған. Оларды орнату жұмыстары биылғы қазанда аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба «бірыңғай жобалау, бөлек құрылыс және бір мезгілде түйістіру» қағидаттары негізінде жүзеге асырылуда. Қытай аумағындағы теміржол учаскесін пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Құрылыс толық аяқталғаннан кейін жаңа теміржол арқылы жылына 30 миллион тоннаға дейін жүк тасымалданады деп күтілуде. Жоба көлік байланысын нығайтып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел арасындағы логистикалық бағыттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.