Цифрлық даму министрлігінде Tencent компаниясының делегациясымен кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тараптар негізгі көрсеткіштер, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды талқылады.
Tencent – жаһандық инновацияларда маңызды технологиялық ойыншы, ал Цифрлық даму министрлігі осы ұйыммен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруды және оның Қазақстан нарығына толықтай енуін жоспарлауда. Бұл елге жаңа технологияларды тартуға, инновациялық жүйенің технологиялық әлеуетін арттыруға және отандық инноваторларға жаһандық инновациялық экожүйеге қосымша қол жеткізу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – елге озық инновациялық компанияларды тарту, олар отандық экономиканың инновациялылығын қалыптастыруға үлес қосуы мүмкін.
Бүгінгі таңда ЦДИАӨМ өзінің қызметі шеңберінде жасанды интеллектіні дамыту бойынша жұмысын айтарлықтай күшейтті. Осы орайда басты жобалардың бірі –Халықаралық AI орталығы – alem.AI құрылуы. Бұл орталық жасанды интеллектінің инновацияларын тарту орталығы әрі негізгі AI технологияларының генераторы болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен Bigtech компанияларын осы орталыққа тәжірибе алмасу, оқыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тарту жоспарлануда. Кездесуде тараптар компанияның alem.AI орталығында кеңсесін орналастыру және Tencent AI lab бөлімшесін құру мәселелерін талқылады, ол жасанды интеллект бойынша зерттеулер мен әзірлемелермен айналысатын болады.
Тараптар сондай-ақ Қазақстандағы деректер орталықтарын құру және кеңейту, Tencent-тің инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы, мемлекеттік және жеке секторлар үшін локальды бұлтты платформаны дамыту мәселелерін талқылады. Tencent компаниясы үлкен біліктілігі, технологиялары мен ресурстарымен деректер өңдеу орталықтары мен есептеу қуаттарын қалыптастыру процесін айтарлықтай жеңілдетіп, жеделдетуге қабілетті.
Министрліктің маңызды және негізгі бағыттарының бірі – киберқауіпсіздік және жеке деректерді қорғау. Осы орайда DDoS-шабуылдарынан, алаяқтықтан, зиянды контенттен қорғау, тәжірибе мен технологиялармен алмасу, Security Cloud және AI модельдері мәселелері қарастырылды.
Кездесуде министр Жаслан Мәдиев еліміздегі цифрлық экономика мен IT экожүйесін дамыту, оның ішінде жасанды интеллектіні дамыту, акселераторларға қатысу, білім беру жобаларын іске асыру, бірлескен зертханаларды ашу, eCommerce, финтех сияқты бастамаларды қолдау мәселелерін де қозғады.
Tencent Holding Limited – 1998 жылы құрылған қытайлық жеке инвестициялық холдингтік компания, штаб-пәтері Шэньчжэнде орналасқан. Ол Қытай мен бүкіл әлемдегі ең ірі инвестициялық және венчурлік компаниялардың бірі болып табылады. Tencent компаниясының еншілес ұйымдары Қытайда және басқа елдерде жоғары технологиялық бизнестің әр түрлі салаларына, соның ішінде интернет-қызметтер, жасанды интеллект және электрондық ойын-сауық салаларында жұмыс істейді. 2020 жылдың шілде айында компанияның капитализациясы шамамен 500 млрд. АҚШ долларын құрады.