Қарағанды облысында алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесінің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және өнеркәсіп секторының өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа бөлімше заманауи үш қабатты өрт сөндіру депосының негізінде құрылды және шұғыл әрекет ету жүйесінің маңызды элементіне айналады. Оның басты ерекшелігі — құтқарушылар өртті сөндірумен ғана емес, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізумен, сондай-ақ стратегиялық маңызды объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаумен де айналысатын болады.
Депоны салу үшін оған арналған орынды таңдау барысында барлық мәселелер ойластырылды. Аталмыш объект тұрғын аудандар және әлеуметтік нысандармен қатар, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды да қамтитындай етіп орналастырылған. Өңірдегі жетекші метталлургиялық кешеннің бірі «Qarmet» АҚ-ның «Болат департаментіне» жақындығына ерекше назар аударылды. Себебі мұнда техногендік авариялардың туындау қаупі жоғары болғандықтан, құтқарушылардың жедел әрекеті талап етіледі.
Қызметкерлер үшін қызмет өткеру үшін барлық жағдайлар жасалған: «Batyr team» ведомстволық спорт клубының заманауи жаттығу залы, психологиялық көмек көрсету бөлмесі, душ, асхана, әкімшілік кабинеттер және техникасы бар кең ангар орналасқан. Бөлімше құрамында Теміртау ТЖ басқармасының, өнеркәсіптік қауіпсіздік және авариялық-құтқару қызметтері бөлімінің қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ әмбебап бөлімше базасында ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының филиалын құру жоспарлануда.
Рәсім барысында министр Шыңғыс Аринов құтқарушыларды әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, қызметтік пәтерлердің кілттерін табыс етті. Ведомство басшысы жобаны іске асыруға көрсеткен қолдауы үшін жергілікті атқарушы органдарға алғысын білдірді.
«Әмбебап құтқару бөлімшесін ашу – Теміртау мен оның өнеркәсіптік нысандарының қауіпсіздігін күшейтудің стратегиялық қадамы. Біздің қызметкерлеріміздің кәсібилігі мен заманауи техниканың арқасында біз кез келген қауіп — қатерге тиімді жауап бере аламыз», - деп атап өтті министр.
Ашылу аясында бөлімшеге мамандандырылған техника берілді. Бұл оның ұтқырлығы мен техникалық жабдықталуын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Әмбебап құтқару бөлімшесін құру төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартып қана қоймай, ықтимал қауіптер мен залалдарды азайтады.
Қазақстан ТЖМ елдегі қауіпсіздік деңгейін біртіндеп арттыра отырып, азаматтық қорғау қызметін нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.