Қазақстанда инвестициялық нарық қайта жанданбақ

1166
Фотосурет: UKIMET

Үкіметте экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселесі қаралды.

Премьер-министр инвесторларға барынша қолдау көрсетуді және экономиканы дамытуға банктерді тартуды тапсырды, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселсі қаралды. 

Жиын жаңа өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың ант беру рәсімімен басталды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қаржыландырудың негізгі тәсілдерін ұсынды, ал салалық министрлер көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және сумен жабдықтау сияқты негізгі салалардағы шаралар туралы, сондай-ақ қаржы блогының өкілдері де баяндама жасады.

Экономиканың нақты секторын қаржыландыру – серпінді экономикалық өсудің аса маңызды факторы. Премьер-министр Олжас Бектенов бұған бүгінде бірқатар өзекті мәселе – инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде мемлекеттік органдардың сылбыр қимылы, бизнеске берілетін ұзақмерзімді несиелеудің жетіспеушілігі және мемлекеттік қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестік кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Мемлекеттік даму институттары жобаларға негізінен өздері қаржы бөліп келеді. Бұл банктердің нақты секторға деген қызығушылығын төмендетеді.

«Екінші деңгейдегі банктер нақты секторды қаржыландыруға белсенді қатысуы керек. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл осы мәселені баса айтқан болатын.

Үкімет биыл экономиканың нақты секторындағы жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осы мәселелерді шешу мақсатында:

  • мемлекеттік кепілдікті қолдану аясын кеңейту;

  • шағын және орта бизнеске арналған кепілдік беру қорын құру;

  • «Бәйтерек» холдингі капиталын арттыру;

  • мемлекеттік даму институттары мен екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестікті қамтамасыз ету.

Премьер-министр мемлекеттік органдар мен банк секторын үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуге шақырды. Осыған байланысты Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға инвесторларға барынша қолдау көрсетуді және инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауды тапсырды. Әкімдіктер инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылымның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс. Жергілікті бюджеттер қаражатын белсенді түрде тарту қажет. Қаржы министрлігі де басым жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс.

Екінші деңгейдегі банктер нақты секторды қаржыландыруға белсенді қатысып, сауда және тұтыну несиелерін беріп қана қоймай, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалармен де жұмыс істеуге әзір болуға тиіс. Мемлекет өз кезегінде субсидиялау, кепілдік беру және қайта қаржыландыру құралдарымен қамтамасыз етуге дайын. Мемлекеттік институттар мен банктер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік қаржы құрылымдарыт екінші деңгейдегі банктердің қызметін қайталамай, олардың қаржыландыру ісіне қатысуы үшін жағдай жасауы қажет. Сондай-ақ жеке инвестиция құралдарын, оның ішінде корпоративтік облигациялар шығаруды және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін дамытуға бағытталуы тиіс. Министрліктер, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор мен банктер ұлттық экономиканың сапалы әрі қарқынды өсуі үшін барлық ресурстарды жұмылдыруы қажет.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -