Елімізде экономиканың нақты секторын қаржыландыруды ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында 2025 жылы экономикалық өсу қарқынын арттыру бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндады.
Оның айтуынша, бұл үшін осы жылы және одан кейінгі жылдары Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды едәуір арттыруды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 2025 жылы 1 трлн теңгеге ұлғайтады. Бұл шара Холдингке 8 трлн теңге сомасына жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
«Аталған инвестициялар елімізде жаңа жобаларды құруға бағытталады, бұл өңдеу өнеркәсібінің өндіріс қуатын ұлғайтып, өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді» Серік Жұманғарин
Спикер «Бәйтерек» тарапынан бизнесті қолдау үшін қаржыландыру көлемін ұлғайтудан бөлек, қаржыландырудың жаңа құралдары енгізілетінін түсіндірді.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Қазақстанда бизнестің кредиттеріне кепілдік беретін 2 қор құрылатынын хабарлады.
Ол бизнестің несиелеріне кепілдік беру тетігі тиімді тәжірибе ретінде басқа мемлекеттерде де өзін дәлелдегенін атап өтті. Сондықтан 2 кепілдік беру қоры құрылады. Оның бірі шағын және орта бизнеске арналады.
«Шағын және орта бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көлемі ұлғаяды. Биылдың өзінде 1,7 трлн теңге сомасына 30 мыңға жуық ШОБ жобасына қолдау көрсетіледі» Серік Жұманғарин
Сонымен қатар елімізде ірі бизнестің кредиттеріне кепілдік беру үшін жаңа қор құрылатын болады. Ірі бизнеске арналған кепілдік қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен жеткілікті түрде қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бұл ірі бизнес санының көбеюіне әсер етеді.
«Экспорт әлеуеті орасан зор, бәсекеге қабілетті жобаларды құруда өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті жоғары: металл өңдеу, мұнай-газ, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері, құрылыс материалдары өндірісі, машина жасау салаларын, сондай-ақ IT-саласын, логистиканы, жүк тасымалдарын, туризмді, шағын және орта бизнесті дамыту үшін экоорта құрайтын зәкірлік және инфрақұрылымдық жобалар мен кластерлік-жобаларды қаржыландыруға баса назар аударылады» Серік Жұманғарин
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Үкімет еліміздің көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін қарыз алуға да мемлекеттік кепілдіктер береді, бұл ағымдағы жылы отандық тауарлар мен қызметтерге сұранысты арттырып, экономиканың өсу қарқынын жеделдетеді. Аталған бастама алдағы уақытта транзиттік тасымалдардың, ел ішіндегі тасымалдардың көлемін ұлғайтып, іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал ететін болады.
2025 жылы мемлекеттік кепілдіктер 1,9 трлн теңгеге ұлғаяды. Бұл 13,1 мың шақырымға дейін автомобиль және 585 шақырымға дейін теміржолдарда құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Вице-премьер 2025 жылы инвестициялардың қосымша көлемі Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асырудың басталуының арқасында қамтамасыз етілетінін атап өтті. Инвестициялар көлемі 5 жылда 13 трлн теңгеден асады, бұл ретте биыл инфрақұрылымды жаңғыртуға салынған инвестициялар шамамен 1,2 трлн теңгені құрайтын болады.
«Ұлттық жоба инвестициялардың өсуіне, сондай-ақ жаңа отандық тауарлар мен елдің коммуналдық инфрақұрылымын салу кезінде өнімдері сатып алынатын өндірушілердің пайда болуына ықпал етеді. Ұлттық жобаны іске асыру инфрақұрылымның тозуын азайтуға және оның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді» Серік Жұманғарин
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және салу шеңберінде елішілік құндылық үлесін ұлғайту үшін отандық өндіріс тауарларын пайдалануға ынталандыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл тәсіл ішкі бәсекеге қабілеттілікті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында биыл рекордтық көлемде, кемінде 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін хабарлады.
Ол бұл нәтижелерге жаңа инфрақұрылымды салудан және ипотекалық несие көлемін ұлғайтудан бастап жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге дейінгі барлық аспектілерді қамтитын бастамалар арқылы қол жеткізілетінін түсіндірді.
«Нақты секторды қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталған бастамалар жалпы ішкі өнімнің өсуіне кемінде 2 пайыздық тармақ қосып, биылғы жылы оның айтарлықтай өсуіне алып келеді. Жоғарыда аталған шаралардың уақтылы орындалуын бақылау үшін менің басқаруыммен Экономикалық өсу жөніндегі жедел штаб құрылды және жұмыс істейді. Барлық туындайтын мәселелер жедел және дереу шешілетін болады» Серік Жұманғарин