2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 12 банк шетелдің қатысуымен, оның ішінде 9 еншілес банк, деп хабарлайды DKnews.kz.
Банк секторының активтері 2025 жылғы 1 ақпанға негізінен несие портфелінің 0,7%-ға немесе 0,3 трлн теңгеге төмендеуі есебінен ағымдағы жылғы қаңтарда 1,5%-ға немесе 0,9 трлн теңгеге азайып, 60,6 трлн теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 19,2 трлн теңгені немесе активтердің 31,7%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2025 жылғы қаңтарда 0,8%-ға азайып 33,5 трлн теңге құрады.
Ұлттық валютада берілген кредиттер 0,3%-ға 30,7 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында берілген кредиттер, негізінен, теңгенің АҚШ долларына қатысты 1,3%-ға нығаюы аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде 6,0%-ға 2,8 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгедегі үлес салмағы 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 91,2%-дан 91,7%-ға дейін ұлғайды.
2025 жылғы қаңтарда екінші деңгейдегі банктер барлығы 2,3 трлн теңгеге жаңа кредиттер берді, бұл 2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда 1,4%-ға аз.
Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2025 жылғы қаңтарда 3,0%-ға 12,7 трлн теңгеге дейін азайды. Олардың құрылымында ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар 7,9%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл ретте, ірі бизнеске қарыздар 2,3%-ға 4,4 трлн теңгеге, дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер 0,7%-ға 2,3 трлн теңгеге дейін өсті.
Төмендеу корпоративтік сектордағы кредиттік белсенділіктің маусымдық баяулауына, қолданыстағы кредиттерді жоспарлы өтеуге, сондай-ақ теңгенің нығаюы аясында валютамен кредиттерді қайта бағалауға байланысты болды.
2025 жылғы қаңтарда бизнеске берілген кредиттердің қысқаруы барлық салаларда байқалады. Өнеркәсіпте кредиттер 3,2%-ға 4,2 трлн теңгеге дейін, құрылыста 7,9%-ға 0,6 трлн теңгеге дейін, саудада 2,9%-ға 3,4 трлн теңгеге дейін, көлікте 0,5%-ға 0,9 трлн теңгеге дейін, ауыл шаруашылығында 2,9%-ға 0,5 трлн теңгеге дейін, ақпарат және байланыс – 6,0%-ға 0,1 трлн теңгеге дейін, қызметтердің өзге салаларында – 2,4%-ға 2,9 трлн теңгеге дейін, негізінен, жоспарлы өтеулерге байланысты төмендеді.
Барлығы 2025 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 1,0 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берді, бұл ірі бизнес субъектілеріне берілген қарыздардың 25,6%-ға төмендеуіне байланысты 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 11,8%-ға аз.
Халыққа берілген кредиттер 2025 жылғы қаңтарда 20,8 трлн теңгені құрап, 0,6%-ға ұлғайды. Халыққа берілген кредиттердің өсуі тұтынушылық қарыздардың 0,8%-ға 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғаюына және ипотекалық кредит берудің 2024 жылғы желтоқсандағы деңгейде 6,1 трлн теңге мөлшерінде сақталуына байланысты болды.
2025 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа сараланған мөлшерлемесі негізінен дара кәсіпкерлерге берілетін қарыздар бойынша мөлшерлеменің 29,7%-дан 32,3%-ға ұлғаюына байланысты 21,0%-ға (2024 жылғы желтоқсанда – 19,7%), тұтынушылық қарыздар бойынша мөлшерлемелердің 2024 жылғы желтоқсандағы 17,8%-дан 21,1%-ға дейін ұлғаюы нәтижесінде халыққа берілген кредиттер бойынша 20,3%-ға (2024 жылғы желтоқсанда – 17,0%) өсті.
Кредиттік портфелдің сапасы жоғары болып сақталуда. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,2% немесе 1 143 млрд теңгені құрады (2025 жылғы 1 қаңтарда – 3,1% немесе 1 094 млрд теңге).
Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,2% немесе 314 млрд теңгені, халыққа берілетін кредиттер портфелінде – 4,0% немесе 828 млрд теңгені құрады.
Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып отыр және 66,9%-ды құрайды (01.01.2024 ж. – 67,0%).
Банк секторының міндеттемелері 2025 жылғы қаңтарда заңды тұлғалар салымдарының 3,9%-ға дейін төмендеуі нәтижесінде 2,1%-ға 51,5 трлн теңгеге азайды. Банк секторының міндеттемелері құрылымында негізгі үлес – 80,1% немесе 41,3 трлн теңге клиенттердің салымдарына тиесілі.
2025 жылғы қаңтарда депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттері 40,4 трлн теңгеге дейін 2,1%-ға азайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 2,3%-ға 18,3 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері 2,0%-ға 22,1 трлн теңгеге дейін төмендеді. Депозиттердің төмендеуі маусымдық факторларға, сондай-ақ валюталық депозиттердің қайта бағалануына байланысты болды.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2025 жылғы қаңтарда 2,4%-ға 31,2 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында - 1,4%-ға 9,2 трлн теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде 2025 жылғы 1 ақпандағы долларландыру деңгейі 2025 жылдың басындағы 22,5%-дан біраз ұлғайып, 22,7%-ды құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттер бойынша сыйақының орташа сараланған мөлшерлемесі 2025 жылғы қаңтарда 14,1%-ды (2024 жылғы желтоқсанда – 14,0%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 13,5% (2024 жылғы желтоқсанда – 13,2%) құрады.
Банктердің меншікті капиталы 2025 жылғы қаңтарда 2,0%-ға 9,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 20,7%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 22,4%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2025 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 228 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы қаңтарға қарағанда 15,5%-ға артық. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 4,6%-ды (2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 4,6%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 32,2%-ды (2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 32,5%) құрады.