2025 жылы сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға және суаруға 173,7 млрд теңге инвестицияланады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл еліміздің 3 облысында 4 жаңа су қоймасының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Министрлік 2024 жылы маңызды екі стратегиялық құжат: Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, сондай-ақ елдің су шаруашылығы саласын ауқымды жаңғыртуға бағытталған Су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады.
UKIMET
Жоспар 160 түрлі іс-шарадан тұрады, оларды қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен, сондай-ақ бюджеттен тыс көздерден. Ол 42 су қоймасын салуды, 37 гидротехникалық құрылысты және 14 мың км суару каналын қайта жаңартуды көздейді.
«Бөлінген қаражаттың басым бөлігі, атап айтқанда 40% суару арналарын қалпына келтіруге және жаңғыртуға бағытталатын болады, бұл су ресурстарын тиімді пайдалану үшін осы бағыттың басымдығын көрсетеді. Автоматтандыру мен цифрландыруды қоса алғанда, гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялауға қаржыландырудың жалпы көлемінен 51% көзделген. Осылайша, жоспардың барлық қаражатының 91%-ы жұмыс істеп тұрған су шаруашылығы объектілерін жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталған» Нұржан Нұржігітов
Су шаруашылығын дамытуға ауқымды инвестициялардың қажеттілігін түсіне отырып, 2024 жылы министрлік Ислам даму банкінің $2,7 млрд қарыз тарту бойынша жұмыс жүргізген. Жобаны екі кезеңде іске асыру жоспарлануда. Келісімінің сомасы – $ 1,1 млрд. Бірінші кезең аясында 2025 жылы еліміздің үш өңірінде 4 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарлануда. Оның ішінде еліміздің оңтүстігінде орналасқан Ақмола, Қалғұттар, Қараузяк жаңадан енгізілетін 22,5 мың гектар суару алаңында вегетациялық кезеңде су тапшылығын жабуға бағытталды. Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен су қоймасының құрылысы су тасқыны мен еріген суларды ұстап тұруға және 5 мыңға жуық халқы бар Казталов ауданының 2 елді мекенін су басу қаупін болдырмауға бағытталған.
«Сондай-ақ, бірінші кезең аясында Жамбыл облысындағы Терс-Ащыбұлақ және Қарақоңыз екі облыс аумағында жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын және Түркістан облысындағы Көксарай контррегуляторы мен Қосқорған су қоймасын қайта жаңарту жоспарланған. Ирригациялық арналарды реконструкциялау шеңберінде 6 облыстың аумағында цифрландыру элементтері бар ұзындығы 3452 шақырым болатын 115 каналды жаңғырту, сондай-ақ Астана су қоймасын қосымша толықтыру үшін құрылыс салу жоспарлануда. Оның ішінде Түркістан облысының "Тұран су" МКК объектілеріне $140 млн және Алматы облысының "Алматыоблсушар" МКК объектілеріне $186 млн қарастырылған» Нұржан Нұржігітов
Екінші кезең $1,6 млрд сомасына 25 жобаны іске асыруды, оның ішінде 11 жаңа жобаны, 13 жұмыс істеп тұрған су қоймасын қайта жаңартуды және 10 облыс аумағында 5 мың шақырым астам каналды жаңғыртуды көздейді.
Жалпы 2025 жылы 173,7 млрд теңге сомасына 98 жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 2024 жылғы деңгейден 73%-ға артық, оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі есебінен 6,5 млрд теңге, Ислам даму банкі есебінен 24,4 млрд теңге. Өз кезегінде, көзделген қаражат есебінен 70,8 млрд теңге сомасында жыл соңына дейін топтық су құбырының 24 жобасының 12-сін аяқтау жоспарлануда, бұл 423 мың халқы бар 153 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл ретте 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылатын болады. Сондай-ақ Ынтымақ (Жамбыл обл), Киров (БҚО), Қапшағай (Түркістан обл) 3 су қоймасын қайта жаңарту және Түркістан облысындағы "Бәйдібек Ата" су қоймасының құрылысы жалғасады, осылайша вегетация кезіңде ол қосымша 68 млн м3 су қоймасын қамтамасыз етеді, бұл Түркістан облысының 6 ауданының сумен қамтамасыз етілуін арттыруға кепілдік береді. Сонымен қатар биыл жалпы сомасы 92,3 млрд теңгеге 256 мың га аспалы алаңы бар 1953 км суару каналдарын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Барлық жоспарланған бастамаларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 млрд текше метр суды үнемдеуге және жинақтауға мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді перспективада бұл елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырады және экологиялық тұрақтылықты қолдайды» Нұржан Нұржігітов