1000-ға жуық мектепте заманауи пәндік кабинеттер орнатылған, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық жерлерде мектептерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 967 мектепте рекордтық саны — 1621 робототехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша заманауи пәндік кабинеттер жабдықталған. Оның ішінде 601 мектеп ауылдық жерлерде, 366 мектеп қалаларда орналасқан. Бұл мектептерде 760 мыңнан астам оқушы білім алады.
2029 жылға қарай кемінде 7000 заманауи пәндік кабинеттер ашу жоспарланған.
«Мемлекет жыл сайын мектептерді салуға және жаңғыртуға қаражат бөледі. 2023 жылдан бастап 2039 мектепте 3128 заманауи пәндік кабинет жабдықталды» Инфрақұрылымды дамыту департаментінің директорының орынбасары Роза Сембаева
Сонымен қатар елде инклюзияны қолдау кабинеттері қарқынды ашылуда. Бүгінгі таңда елімізде 1080 қолдау кабинеті жұмыс істейді, оның 216-сы 2024 жылы ашылған.
2025 жылдың соңына дейін барлық балалар үшін қолжетімді және жайлы оқытуды қамтамасыз ететін тағы 83 кабинетті іске қосу жоспарланып отыр.