ЖИ саласындағы қазақстандық стартаптар "AI-Sana"бағдарламасы арқылы қолдау алады

2629
Фотосурет: Shutterstock

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында республиканың ғылыми әлеуеті және осы саланы цифрландыру жөніндегі жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Ол министрлік құрылғаннан бері Президент ғылымның экономикаға әсерін күшейтуді және оны инновациялармен біріктіруді тапсырғанын атап өтті. 2022 жылы Ғылым академиясының сессиясында ғылымды жаңа деңгейге көтеру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл тапсырмалар 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы мен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заңның негізін қалады. 

Фотосурет: primeminister.kz

Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында бөлінген қаражатты мақсатты пайдалануға ерекше назар аударылды.

«Қазақстанда ғылымның негізгі бағыттары 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылады. Басты міндет – экономика мен қоғамның практикалық қажеттіліктеріне бағытталған ғылыми-технологиялық саясатқа көшу. Тұжырымдама ғылымды басқарудың жаңа моделін, зияткерлік әлеуетті нығайтуды, университет ғылымын дамытуды, қолданбалы зерттеулер мен олардың нәтижелерін коммерцияландыруды, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту мен цифрландыруды қамтиды» Саясат Нұрбек

Министр «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңды іске асыру аясында 70 заңға тәуелді актілердің тізбесі бекітілгенін айтты. Заң ғылыми әзірлемелерді жетілдіру және барлық кезеңдерде қолдау үшін «Технологиялық дайындық деңгейін» (TRL) анықтаудың халықаралық әдістемесін енгізді. Ғылымды коммерцияландыру экожүйесін дамыту құралдары қарастырылып, Ғылым қорына жаңа функциялар берілді: ғылыми жобаларды жеделдету, технологиялық бизнес-инкубациялау, технологиялық брокерлік және венчурлық қаржыландыру.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлік ғылымның рөлі күшейтілді – жергілікті атқарушы органдар ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру бойынша өкілеттіктер алды. Бизнесті ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыруға ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер, жобаларды субсидиялау және қоса қаржыландыру тетіктері енгізілді.

Қолданбалы зерттеулерге және өнеркәсіптік мәселелерді шешуге бағытталған ғылымның жаңа ашық моделі қалыптасып жатыр. Ғылыми әлеуетті дамытуға басымдық берілуде: Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі күшейтілді, ал жас ғалымдарды материалдық ынталандыру мен қолдау шаралары көзделген. 

Бүгінгі таңда еліміздің ғылыми әлеуеті 25,5 мың ғалымды құрайтыны атап өтілді, оның 46%-ы 40 жасқа дейінгі мамандар. Ғылым саласында 425 ұйым жұмыс істейді. 

«Енді гранттық конкурстар жыл сайын өткізіледі. Бұрын 3 жылда бір өкізілетін. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейтілді: постдокторанттар мен жас ғалымдарға гранттар, әзірлемелерді коммерцияландыруды қаржыландыру, іргелі институттарды тікелей қаржыландыру, шетелдік тағылымдамалар және мега-гранттар енгізілді. Қазіргі уақытта 264 ғылыми-техникалық бағдарлама, 2,3 мың ғылыми жоба және 208 коммерцияландыру жобасы қаржыландырылуда. 1,4 мың ғалым шетелде ғылыми тағылымдамадан өтті» Саясат Нұрбек

Министр жас ғалымдарға арналған гранттар конкурстарының арқасында 2 мыңнан астам зерттеуші 835 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алғанын айтты. 

«Жас ғалымдарды қолдау күшейтілді: 351 пәтер берілді. Ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін қосымша төлемдер артты, халықаралық тағылымдамалар жалғасуда. Жыл сайын 50 “Үздік ғылыми қызметкер” сыйлығы, ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар және 50 талантты жас ғалымға стипендия бөлінеді. Қолданбалы зерттеулер саласында жұмыс істейтін ғалымдардың жалақысына арттыру коэффициенті енгізілді. Жыл сайын “Жас Ғалым” гранттық қаржыландыру конкурсы өткізіледі» Саясат Нұрбек

Сондай-ақ ғылыми инфрақұрылымды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатқаны атап өтілді. ЖОО базасында заманауи зертханалары бар технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтар құру үшін кәсіпорындармен әріптестікте арнайы ғылыми бағдарламаларды қаржыландыру конкурстары жарияланды.

«2023 жылы ірі ұлттық университеттерде алғашқы 4 бағдарлама іске қосылды. Нәтижесінде 10 зертхана, 5 спин-офф цехы, 3 стартап ашылды. Жеке ұйымдармен 468 млн теңгеге 14 шарт жасалып, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды» Саясат Нұрбек

Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап өңірлік ЖОО инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде. 2024-2026 жылдары өңірлерде академиялық және зерттеушілік артықшылық орталықтарын құру үшін 5 бағдарлама іске қосылды. Барлығы 17 бағдарлама енгізу жоспарланған.

Негізгі міндет – ғылыми әзірлемелерді дайындау, сынау, ғылымды қажет ететін өнімді сертификаттау инфрақұрылымын құру және кәсіпорындарда инновациялық жобаларды дамыту үшін жағдай жасау. Бұл мәселеде өнеркәсіп секторының ғылыммен ынтымақтастығы негізгі бағыттардың бірі болып саналады. 

Бұдан бөлек, жоғары ғылыми-техникалық комиссияның (ЖҒТК) шешімдерін іске асыру үшін ғылыми-технологиялық сессиялар ұйымдастырылды.

«Бұл сессиялар ғылыми-техникалық басымдықтарды айқындау, нақты сектордың сұраныстарын шешу, ғылым мен бизнестің ынтымақтастығын нығайту және экспортқа бағдарланған инновациялық өнімдерді коммерцияландыруға бағытталған. 2024 жылы 7, 2025 жылы 2 сессия өтті. Жыл соңына дейін агротехникалық кәсіпорындармен, Үлбі металлургиялық зауытымен, ҚазМұнайГаз және Қазақмыспен 5 сессия өткізу жоспарланған» Саясат Нұрбек

Сессияларда ғылыми-өндірістік мәселелер талқыланып, шешімдердің прототиптері әзірленді және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға техникалық тапсырмалар дайындалды. Оған 400-ден астам ғалым мен сарапшы қатысып, 100-ден астам ғылыми-техникалық шешім ұсынылды.

Ғылыми басымдықтарды айқындаудың жаңа моделі қалыптастырылуда. Мақсат – ЖҒТК бекітетін барлық ғылыми-техникалық тапсырмаларды осы форматқа көшіру. Бұл үшін ірі корпорациялар мен ұлттық компаниялардың басшылары ЖҒТК құрамына енгізілді.

Технологиялық саясат жөніндегі кеңеспен бірлесіп, ЖҒТК қызметі инновациялық саясат пен цифрландырумен үйлестірілетін болады. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң ЖҒТК жұмысын қайта форматтап, зерттеулерді нақты секторға интеграциялау және ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын күшейту тетіктерін енгізуге мүмкіндік берді. 

Отандық ғылыми зерттеулердің сапасы мен сұранысы артып, қазақстандық ғалымдардың әзірлемелері негізінде экспортқа бағдарланған өндіріс іске қосылды.

«Балқаштағы «Қазақмыс Прогресс» ЖШС кәсіпорнында алғаш рет СТ-1 маркалы техникалық селен вакуумдық дистилляция әдісімен өндірілді. Satbayev University Металлургия және кен байыту институты әзірлеген технология селеннің қосылған құнын 30%-дан 97%-ға дейін арттырды. Алғашқы 100 тонналық партияның құрамында кемінде 99,5% селен бар. Бұл технология түсті металлургияның әлемдік стандарттарына сай өнім өндіруге мүмкіндік берді» Саясат Нұрбек

Министрдің айтуынша, қолданбалы зерттеулерді, күрделі, тәжірибеге бағытталған ғылыми жұмыстарды қолдау үшін қосымша 15% үстемеақы енгізілді. Бұл ғылымның экономикаға әсерін күшейтіп, өнеркәсіпке қажетті ғылыми шешімдерді дамытуға ықпал етеді.

Satbayev University Металлургия және кен байыту институты сирек металдарды зерттеуде жұмысын жалғастыруда. Оңтүстік Кореяның ғылыми институттарымен инвестиция тарту арқылы бірлескен ғылыми орталық құру туралы келісімге қол жеткізілді. Нәтижесінде Металлургия және кен байыту институты мен Кореяның өнеркәсіптік технологиялар институты (KITECH) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Корея тарапы жаңа орталықты инновациялық жабдықтармен қамтамасыз етіп, кадрларды қайта даярлау мен ғылымды қажетсінетін өнімдерді өндіруге озық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.

Ірі бизнес әріптестігімен жаңа жобаларды іске асыру барысында ғылыми жабдықтарды әкелуді жеделдету, кедендік баждардан босату, инвестициялық ұсыныстарды сараптау, рұқсат құжаттарын алу, шикізатпен қамтамасыз ету және өнімді сертификаттау өзекті мәселелерге айналуда.

«Біз бұл мәселелерді пысықтап, Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қарауына шығаратын боламыз» Саясат Нұрбек

Министрліктің мәліметінше, 2016 жылдан бері Ғылым қоры ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған 6 конкурс өткізген. 2 148 өтінімнің 1 681-і сараптамадан өтіп, 416 жоба мақұлданды, 386-сы қаржыландырылды. 

«Қазіргі уақытта 208 жоба іске асуда, оның 25-і экспортқа шықты, ал 6-уы 1 млрд теңгеден астам сату көлеміне жетті. Жобалардың экономикаға қосқан жиынтық үлесі 118,4 млрд теңгені құрады. Маңыздысы – соңғы 3 жылда коммерцияландыруға қаржыландыру да, қоса қаржыландыру да мүлде бөлінген жоқ. Биылдан бастап бұл мақсатқа қаражат қарастырылды» Саясат Нұрбек

Коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру жоғары сұранысты және мемлекеттік инвестициялардың маңыздылығын көрсетті. Бұл конкурстардың қаржыландыру көлемі кейбір өңірлік және макроөңірлік венчурлік қорлардың орташа көрсеткіштерінен асып түсті. Нәтижесінде, Ғылым қоры deep tech жобаларын тұрақты қолдайтын институт ретінде қалыптасуға мүмкіндік алды. Негізгі өзгеріс – жекелеген жобаларды емес, салалар бойынша олардың топтарын қолдау тетігін енгізу. Халықаралық тәжірибе бұл тәсілдің жобалар тізбегін тұрақты қалыптастырып, капиталдандыруды арттыруға және нарыққа шығуын жеңілдетуге ықпал ететінін көрсетеді.

«Осы бағытта Ғылым қоры кезең-кезеңімен трансформацияланып, венчурлік тетіктерді әзірлеуді бастады. Бұл жеке капиталды тарта отырып, венчурлық қорларға, соның ішінде халықаралық қорларға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл тәуекелдерді мемлекет пен жеке инвесторлар арасында бөлуге, технологиялар трансфертін жеделдетуге және ғылымды қажетсінетін салалардағы стартаптар үшін экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Ғылым қоры технологиялық брокерлік тетікті іске қосады» Саясат Нұрбек

Ғылым қорының венчурлық қорға трансформациялануының тиімділігі халықаралық әріптестермен бірлескен венчурлық қорларға жеке инвестицияларды тарту деңгейі бойынша бағаланады. Биылғы бірінші жартыжылдықта отандық және халықаралық әріптестермен келіссөздер аяқталып, бірқатар венчурлық бастамалар іске қосылады. Келіссөздер венчурлық және DeepTech қорларының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тұрақты қызығушылығын көрсетті.

Сауд Арабиясымен National Technology Development Program аясында өзара түсіністік туралы кеңейтілген меморандумға қол қою және бірлескен венчурлық қорды құрылымдау басталды. Бұл қор DeepTech-жобалардың халықаралық және жергілікті нарықтарға коммерциялануы мен масштабталуына жоғары әлеует береді.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының мемлекеттік қорлары Founding LP ретінде қатысып, жеке венчурлық инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Бұл қорды капиталдандыруды $100 млн-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, қамту аймағы – Қазақстан, Орталық Азия, Сауд Арабиясы, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка.

Әріптестік қазақстандық жобаларды Таяу Шығыс нарығына шығару, DeepTech-шешімдерді бірлесіп әзірлеу және технологиялар трансферін қамтамасыз етеді. Венчурлық қорларға мемлекеттік қатысу жеке капитал ағынын ынталандыру п, кемінде 1:1 левередж әсерін қалыптастырады, болашақта жеке инвесторлар үлесін арттырады және жобаларды іріктеудің нарықтық тетіктерін күшейтеді 

«Венчурлық нарықты дамыту және жобалардың сапасын арттыру үшін талантты командалардың сыни массасын қалыптастыру қажет. Қазіргі технологиялық трендтер тек технологиялық кәсіпкерлікті дамытуды ғана емес, сонымен қатар жоғары технологиялық пәнаралық тәсілдер мен өзекті дағдыларды енгізуді талап етеді» Саясат Нұрбек

Ғылым және жоғары білім министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік әріптестермен бірге «AI-Sana» бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты. Бағдарлама жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолданатын ғылымды қажетсінетін стартап-командаларды бизнес-акселерациядан өткізеді. Ел өңірлеріндегі жетекші университеттер зияткерлік капиталдың негізгі көзі болады.

«Биыл 650 мың студент жасанды интеллект бойынша арнайы курстардан өтеді, ал екінші кезеңде 100 мың студент Стэнфорд жоғары білім беру мектебінің бас техникалық директоры Пол Киммен бірлесіп дайындалған курстарды оқиды. Жыл соңына дейін біз жасанды интеллект саласында 1-1,5 мың стартап команда құруды жоспарлап отырмыз» Саясат Нұрбек  

Министрдің айтуынша, «AI-Sana» стартап-ұлт идеологиясын қалыптастырудың негізгі драйвері болады. Бағдарлама адами капиталды дамытуға, жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға ықпал етеді. Осылайша, ғылымды қажетсінетін шешімдерге сұранысты шоғырландыру және инновациялық жобалардың сыни массасын қалыптастыру – Министрлік пен Ғылым қорының негізгі стратегиялық міндеттері. Бұл процесті іске асыру өңірлерде стейкхолдерлердің кең ауқымын белсенді тартуды талап етеді. 

Сонымен қатар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) ғылымды басқару және әкімшілендіру өкілеттіктерін бекітті. Қазақстан Президентінің Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында берген тапсырмасы аясында өңірлерде ғылымды дамытуға бағытталған белсенді шаралар қабылдануда.

«Атап айтқанда, өңірлік ғылыми басқаруды күшейту үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі Өңірлік ғылымды дамыту және ЖАО бюджеттерінен қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Әкімдіктерге түсіндіру хаттары жіберіліп, нақты тапсырмалар берілді. Бюджет кодексіне түзетулер енгізіліп, жергілікті бюджеттерден ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылды. Нәтижесінде барлық әкімдіктер жанынан Ғылым жөніндегі кеңестер құрылды, зерттеудің басым бағыттары айқындалды. Алайда, ғылым бойынша көрсеткіштер тек Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының даму жоспарларына енгізілген» Саясат Нұрбек

Өңірлік ғылыми бастамалар күшейтілуде. Әр облыс әкімдігінде бизнес және академиялық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өңірлік ғылыми кеңестер құрылды. Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары ғылыми-инновациялық сессияларға белсенді қатысуда. Түркістан және Қарағанды облыстары өңірлік гранттық бағдарламаларды іске қосты.

Министрлік өңірлік жоғары оқу орындарының базасында академиялық және зерттеу артықшылық орталықтарын құру үшін қаржыландыруды кезең-кезеңімен бөлуді бастады. Сонымен қатар, өңірлерде Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырыстары ұйымдастырылуда. ЖАО-ның ғылым саласындағы өкілеттіктері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Өңірлік ғылыми-техникалық кеңестерді дамыту, ғылыми-технологиялық басымдықтарды айқындау, өнеркәсіптік сектормен бірлескен бағдарламалар әзірлеу және өңірлік даму жоспарларына ғылым бойынша негізгі индикаторларды енгізу жұмыстары жалғасады.

Жоғары ғылыми-техникалық комиссияда бекітілген басым салалық бағыттармен өңірлік ғылымды үндестіру қажет. Ғылым қоры мен Ұлттық ғылым академиясы ЖАО-мен бірге өнеркәсіптік сектор мен ғылыми қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіреді. Бұл процесте салалық министрліктер өз секторларындағы ғылымды дамытуға жауапты рөл атқарады. Өңірлік ғылыми кеңестер зерттеулерді ұлттық ғылыми даму стратегиясына интеграциялап, мамандандырылған ғылыми бағыттарды айқындауда Ұлттық ғылыми кеңеске ықпал етуі тиіс 

Саясат Нұрбектің баяндамасында айтылғандай, ғылым саласындағы деректердің цифрлық экожүйесі құрылуда. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң ақпаратты жинау, өңдеу және талдау үшін бірыңғай цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруды көздейді. Бұл экожүйе сандық ғылыми порталға негізделген, ол ғалымдар, ҒЗИ, ЖОО, мемлекеттік органдар мен сарапшылар үшін бірыңғай терезе болады.

«2024 жылы порталдың бірінші кезеңі іске қосылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі» ақпараттық жүйесі базасында жекелеген модульдер енгізілді. «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жаңғыртылды, ол ғылыми қаржыландырудың конкурстық рәсімдерін – басымдықтарды айқындаудан бастап қаражат бөлуге дейін толық автоматтандырады. Мемлекеттік және халықаралық дерекқорлармен интеграция мемлекеттік қызметтерді жеделдетеді» Саясат Нұрбек

Жүйені одан әрі дамыту ұлттық ғылыми-талдамалық жүйені құруды, деректерді жинау мен өңдеуді автоматтандыруды, сондай-ақ ғылымды басқаруға арналған цифрлық сервистердің функционалдығын кеңейтуді қамтиды.

Цифрлық ғылыми портал ғылым саласындағы ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Ол ашық деректер платформасына айналып, ғылымның дамуына, сондай-ақ ғалымдар, бизнес және мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал етеді. 

«Бүгінгі таңда негізгі талдамалық модульдер әзірленді, бұл ғылыми ақпаратты іздеуді жеделдетуге және оның дұрыстығын арттыруға мүмкіндік береді. Ғалымның цифрлық бейіні мен ғылыми-зерттеу институттарының паспорттары маңызды құралға айналды. Қазіргі таңда 425 ғылыми-зерттеу институтының паспорты және 25 мың ғалымның цифрлық бейіні ақпараттық жүйеге енгізілген» Саясат Нұрбек

Оның айтуынша, E-labs модулі іске қосылды, ол 351 ғылыми зертхана мен 1 288 бірлік жабдық туралы деректерді қамтиды. Бұл ақпараттың қолжетімділігі мен процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.

«Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» мемлекеттік қызметі автоматтандырылды, бұл бюрократиялық рәсімдерді 50%-ға қысқартты. Ғылыми гранттарға өтінімдерді қабылдау процесі толық автоматтандырылды. Бұл қызмет көрсету мерзімін 2 есеге қысқартып, ресурстарды бөлуді жақсартты. Жыл сайын жүйе 92 конкурс аясында 5 000 өтінімді өңдейді. 

Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының сарапшылар базасына 11 мыңнан астам сарапшы тіркелген, ал жүйе арқылы 53 мың өтінім қабылданды. Бұл байланысты тұлғаларды анықтауды автоматтандырып, тәуекелді 80%-ға төмендетуге және сараптаманың объективтілігін арттыруға мүмкіндік берді.

Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысы оңтайландырылып, 525 онлайн-отырыс өткізілді. Қарау мерзімі 2 есеге қысқарып, 100% ашықтық қамтамасыз етілді, бұл шешімдердің тиімділігі мен объективтілігін күшейтті.

Сыйлықтар мен стипендияларды беру процесі цифрландырылып, Ғылым академиясының жұмыс тиімділігі артты. Жүйеде 1401 электрондық өтінім өңделіп, оның 324-і қолдау алды. Автоматтандыру өтінімдерді қарау мерзімін 1,5 есеге қысқартып, сараптаманың цифрлық ізін қалыптастырды.

Ғылыми жобалар мен нысандарды мониторингтеуді қамтитын цифрлық модуль іске қосылды. Бұл актілерді бұрмалау қаупін жойып, ТОП-жобалардың сәттілігін талдауға мүмкіндік берді. Жалпы, 3,5 мың жоба мен 292 субъектінің іске асырылуына мониторинг жүргізілді. 

«Биыл жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру дерекқорын цифрландыру жоспарланған. Бұл жүйе өндіруге жұмсалған шығындардың 1%-ын есепке алуды автоматтандырып, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді» Саясат Нұрбек

Ғылым мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды цифрландыру арқылы ынтымақтастықты күшейту көзделген. Бұл бағытта өтінімдерді бөлуді автоматтандыру, сарапшыларды іріктеу және байланысты тұлғаларды анықтау үшін жасанды интеллект негізінде жаңа жобалар іске қосылады.

«Ғылыми зерттеулерге қаржыландыру алу бойынша заңнамалық және нормативтік мәселелерге қатысты кеңес беру үшін Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы базасында жасанды интеллект-чат-бот әзірленеді. Сонымен қатар құжаттарды автоматты түрде генерациялау жүйесі енгізіледі. Бұл конкурстық процестерді, оның ішінде ғылыми-техникалық тапсырмаларды, қаржылық есептерді және басым бағыттарды бекітуді оңтайландырып, деректерді өңдеудің тиімділігін арттырады және әкімшілік жүктемені азайтады» Саясат Нұрбек

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -