Қарағанды облысында Наурыз мерекесі он күн бойы тойланады. Өңір тұрғындары мен қонақтарын 1100-ден астам шараны қамтитыр бағдарлама күтіп тұр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Наурызнама онкүндігінің әр күні белгілі бір тақырыпқа арналады. 14–23 наурызда облыс қалалары мен аудандарында концерттер, фестивальдар, конкурстар, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, спорттық жарыстар мен қайырымдылық акциялар өтеді.
Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында атап өткендей, басты іс-шаралар 21 және 22 наурызда 230-дан астам киіз үй орнатылып, дәстүрлі жоралар, балалар бағдарламалары, аспаздық шоу және ұлттық спорт ойындары өтеді.
Ол сондай-ақ Наурызнаманың негізгі оқиғалары туралы айтып берді.
14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күні «Наурыз базар» акциясы мерекелік жеңілдіктермен басталады, ал Сейфуллин атындағы Қазақ театрының әртістері «Көрісу» челленджін ұйымдастырады. Бұдан басқа, Кеншілер мәдениет сарайының ұжымдары Қарағанды қаласының № 3 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Наурыз-думан» қайырымдылық концертін өткізеді.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Халықтың әлеуметтік осал топтарына пәтер кілттері табысталып, әлеуметтік акциялар өткізіледі. «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары» мұражай қорынан жылжымалы көрме ұйымдастырады. Сондай-ақ, бүкіл өңірде өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге бағытталған «Игі істер» – «Добрые дела» әлеуметтік марафоны басталады.
16 наурыз – Шаңырақ күні. Кітапханалар мен мұражайларда отбасылық іс-шаралар, шеберлік сабақтары мен көрмелер өтеді. Абай атындағы облыстық кітапханада «Наурыз базары» ұйымдастырылады. Ал Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайында қазақ тілінен шеберлік сабағы өтеді.
17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ұлттық өнер бойынша айтыс, кино көрсетілімдері мен шеберлік сабақтары жоспарланған. Кеншілер мәдениет сарайында «Армасың, әз Наурыз» облыстық ақындар айтысы өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Кеншілер мәдениет сарайында «NAURYZ - FASHION» этно-заманауи сән фестивалі мен көрсетілімдері өтеді.
Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында № 8 Теміртау арнайы мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен «Ұлттық гардероб құпиялары» инклюзивті іс-шарасы өтеді.
19 наурыз – Жаңару күні. Экологиялық акциялар, ағаш егу және тақырыптық іс-шаралар өтеді. «Әкенің еккен ағашы – ұрпаққа сая» акциясы аясында «Сарыжайлау» кинотеатрының ұжымы Теміртаудағы қысқы баққа көшеттер егеді. Бұдан басқа, К. С. Станиславский атындағы театрда «Наурыз» театрландырылған қойылымының қайырымдылық көрсетілімі өтеді.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлерінен турнирлер ұйымдастырылады. Абай атындағы облыстық кітапханада балаларға арналған ойын турнирі мен «Асық пати» байқауы өтеді. Сонымен қатар, облыс мұражайлары мектеп оқушылары мен студенттерге тоғызқұмалақ, арқан тартыс, қол күрес, қыз қуу сияқты қазақ ұлттық ойындары бойынша жарыстар ұйымдастырады.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күні Гоголь атындағы кітапханада отандастарымызды Наурызбен құттықтайтын «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты челлендж ашылады. Сондай-ақ, саңыраулар мәдениет үйінде «Өнер Ұшқыны» көркемсурет студиясының «Наурыздың барлық бояулары» атты балалар суреттерінің көрмесі өтеді. «Сарыжайлау» кинотеатры «Бірлікпен мәдени әртүрлілік» деректі фильмінің көрсетілімін ұйымдастырып, этнокөрме өткізеді.
Басты театрландырылған мереке «Жыл басы» 22 наурызда Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтеді. Бұл күні басты сахнада драма театрлары, хореографиялық ұжымдар мен көркемөнерпаздар әртістерінің қатысуымен «Арқадағы әз-Наурыз» театрландырылған қойылымы өтеді. Қарағандылықтар мен қала қонақтарын мерекенің мағынасын ашатын ұлттық уәждермен төрт блоктан құралған шоу – спектакль-интро күтіп тұр. Қойылымның жұлдызды қонақтары – Zhoshy ансамблі, Әсет Есжан және Ұшқын Жамалбек сал-сері, би театрлары және аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі.
Бұдан басқа, Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы алаңда «Наурыз-думан» мерекелік ойын-сауық бағдарламасы өтеді.
Наурызнама 23 наурызда – Тазару күнін атап өтумен тәмамдалады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңірлерде тазалық эстафетасы басталады: су қоймалары мен аумақтарды қардан және қоқыстан, соның ішінде мерекеден кейін тазарту бойынша іс-шаралар өтеді.
Сонымен қатар, онкүндік бойы облыста театр және концерт ұжымдарының гастрольдері, жәрмеңкелер, әлеуметтік желілерде челлендждер мен флешмобтар өтеді.
– Қалалар мен аудандарда көшелерді, алаңдарды және қоғамдық көліктерді мерекелік безендіру аяқталуда, – деп атап өтті Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жұлдыз Сағымбаева. – Барша халықты жаңару, бірлік және мейірім мерекесі – Наурыз мейрамын қарсы алып, ерекеше көңіл-күйді сезінуге шақырамыз!