Еліміздің әртүрлі өңірлерінде су басу қаупін азайтуға бағытталған алдын алу және инженерлік жұмыстар белсенді жүргізілуде. Су тасқынының алдын алу үшін мұз қабатын әлсіретуді, өзен жағалауларын нығайтуды, сондай-ақ қарды шығару мен суды соруды қоса алғанда, кешенді шаралар қабылдануда. Бұл іс-шараларға азаматтық қорғау қызметтері қатысады. Осы шаралардың барлығы халықтың қауіпсіздігін арттыруға және ықтимал су тасқынынан болатын залалды барынша азайтуға бағытталған, деп хабарлайды DKnews.kz.
Көктемгі мұз жүру кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзендердегі мұз кептелістерінің алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Әртүрлі өңірлерде мұзды бұрғылау, ұсақтау, кесу, жару және өзендердің кептелу қаупі бар учаскелерінде жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс-шаралар су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары аясында өткізіледі.
Демалыс күндері Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде жарылыс жұмыстары жүргізілді.
ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері су тасқынының алдын алу шараларын күшейту үшін Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберілді.
Қардың тез еруі Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай және Маңғыстау облыстарындағы еріген судың 10 автомобиль жолдары арқылы тасуына себеп болды. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ, қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылды.
Астанада су тасқыны қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізілді. ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев қала әкімінің орынбасары Еркін Өтебаевпен бірлесіп су тасқыны қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізді. Тексерудің мақсаты су тасқынына байланысты жағдайды бағалау, қар жамылғысының жай-күйін және оның еруін бақылау, сондай-ақ еріген су жиналатын жерлерді және ықтимал қауіпті аймақтарды анықтау болып табылады. Сондай-ақ «Қазсушар» РМК, «Қазгидромет» РМК және Аршалы ауданы ТЖБ Ақмола филиалының өкілдері Есіл өзенінің арнасын тексерді.
Степногорск қаласында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан ТЖ департаменттері бастықтарының кездесуі өтті. Кездесудің мақсаты - алдағы су тасқыны тұрғысынан бір-бірімен шектесетін үш өңірдің бірлескен іс-қимылдарын талқылау. Облыстағы ең ірі су қоймаларының бірі Сілеті су қоймасына барды, жинақталған су көлеміне баға берілді, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілген учаскелер қаралды. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының су басуын болдырмау үшін суды ағызу мәселелері талқыланды. Сілеті өзенінің арнасы да тексерілді. ТЖ департаменттерінің өкілдері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен өткен кеңеске қатысты. Су тасқыны кезеңі басталған кездегі үш өңір күштерінің өзара іс-қимылы мәселелері көтерілді.
Жамбыл облысында елді мекендерді су басуға жол бермеу бойынша алғашқы шаралар жүргізілуде. ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мүдделі ұйымдармен бірлесіп облыстың су тасқыны қаупі бар учаскелеріне тексеру жүргізді. Тараз қаласының үш учаскесінде Талас өзенінің арнасы бойында бөгендер салу жұмыстары жүргізілуде, қазіргі уақытта 780 метр тұрғызылды.
Қызылорда облысында жергілікті әкімдік пен су шаруашылығы мекемесінің басшыларынан тұратын жұмыс тобы Арал ауданы Аманөткел елді мекенінің маңындағы мұзды жаруға бейімделген учаскелерді қарау бойынша жұмыстар жүргізді. Қазіргі уақытта мұз Қызылорда су торабынан 435 км төмен, Жосалы кентінен бірнеше шақырым төмен орналасқан. Қармақшы және Қазалы аудандарының шекараларында елді мекендер үшін қауіп жоқ.
Ұлытау облысында су тасқыны кезеңіне дайындық күшейтілді. Ең осал учаскелер Ұлытау және Жаңаарқа аудандары болып анықталды. Су тасқыны кезеңіне байланысты ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жедел ден қою және азайту мақсатында жедел штаб құрылды. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне алдын алу іс-шараларын өткізу бойынша нақты міндеттер қойылды. Өңірде елді мекендерден қар шығару, өзен арналары мен қорғаныш біліктерін нығайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.