Оралда көкөрімдердің көгала қойдай бірін-бірін сабап, бет жыртысқандары беріректе Семей қаласында бір жасөспірімді бір топ оқушының аяусыз соққыға жыққан шулы оқиғаны амалсыз есіңе салады. Бұзақылар ұл баланың басынан, кеуде тұсынан тоқтаусыз тепкілеп, үстіне секіріп, қорлықтың көкесін көрсеткен еді. Абырой болғанда, батыста болған жағдай дәл бұлай ушықпады. Өйткені, Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар дереу араша түсіп, зәбір көріп жатқан қызды құтқарып, анасына тапсырды. Ал, буллинг жасаған екі қызбен қазіргі таңда құқық қорғау органдандары айналысуда.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Медет Ғибратов қоғамда белең алған оқыс оқиғалардан хабардар. Сондықтан Өскемен қаласының тыныштығын күзететін сарбаз жауынгер жасақ қатарында назарына іліккен әрбір тұрғынды қалт жібермей, қырандай қырағылық танытуда. Осы орайда, Ұлттық ұлан сапына Павлодар қаласынан шақыртылған мерзімді әсери қызметшімен аз-маз сөз өрбіттік.
- Армысың Медет! Өскемен қаласының қауіпсіздігін күзетуден алған әсерің қандай?
- Алған әсерім жоқ, ал жауаптылығы бір басыма жетеді. Өйткені, қазіргі таңда қоғамдағы оқиғалар шашыраған ойыңды бір етікке тығып, есіңді бірден жиғызады. Таяуда Астана қаласында лифтіде баланың бетіне пышақ жарақатын салған келеңсіз оқиға болды. Шабуыл жасаған бала психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірім екендігі белгілі болды. Енді ойлап қарасаңыз баланың бетін тілген психикалық ауруға шалдыққан бала болып шықты. Ал, көшеде мұндай дертке шалдыққан бала ғана емес, үлкен ересектердің жүретіндігін білесіз бе? Әрине, олар орташа немесе жеңіл дертке шалдыққандықтан науқастар белгілі бір уақытта медициналық мекемеге жеткізіліп, ем-домын қабылдап, қайта үйлеріне жіберіледі. Алайда, олардың көшеде жүргенде ұстамасы ұстап, ауруының қозып кетпесіне кім кепіл бере алады? Мысалы, психикалық ауытқушылығы бар адамдар болып шыққан. Баяғыда көшеде жүрген шақта адамдар ондай балалар ортада жүретұғын. Меніңше, оларды балалардың үйде жатып, дегбірі қашып, іші пысып, мазасыз танытқан соң үйдегілері сыртқа жіберетін шығар.
- Мұндай топтағы адамдарды көшеде тоқтатқан кездеріңіз болды ма?
- Иә, жауынгерлік жасақ қатарында қызмет атқарып жүрген шақта Крылов көшесінің бойынан эмоцияға беріліп, айғай-шу шығарып, айналасын балағаттап жүрген жасөспірімді ұстадық. Жасөспірім анасы көпқабатты тұрғын үйдің балконынан кенет дауыс шығарып, баласының психикалық диспансерде тіркелгендігін айтып, қайта шақырып алды. Міне, бұл ғана дерек. Бізге де дертке шалдыққан бала жолықты. Ал, ойлаңызшы ересектеу адам болса жағдай қалай өрбір еді? Егер физикалық қабілеті жоғары адам болса, оның қоршаған ортаға зардап тигізуі де әбден мүмкін ғой. Жеке өз басым, мейлі психологиялық ауытқуы ауры емес, жеңіл деңгейде болсын қандай жағдай болсын ата-ана тарапы балаға қатаң қарап, жіті бақылау жасау керек. Әрине, мұндайда ата-анасы жабылып балаға қарса, кім отбасын асырайды деген сұрақ туындайды? Міне, барлығы да түптің түбінде қым-қуыт тірлікке келіп тіреледі екен. Дегенмен де баланың психикалық жағдайы толық оңалып біткенше, оңалту, сауықтыру мекемелерінде ұстаған жөн болады деп ойлаймын. Бізге берілген тиісті аймақта мектеп орналасқан. Бір жолы жауынгерлік жасақ барысында білім мекемесінің маңын торуылдадық. Сол уақытта мектеп маңында жүрген қала тұрғыны күдігімізге ілінді. Алғашында баласын күткен ата-ана деп жорамалдаған біз күдіктіге аса мән бермедік. Алайда, сабағы аяқталған балалар мектептен шыққан уақытта әлгі азаматқа ешқайсы жақындамады. Ол азамат болса балалардың барлығына көз жүгіртіп, ата-анасы келмеген бір көкөрімнің артынан лезде ере жөнелді. Бұл оқиғаның артын күтпестен, біз де бағытымызды оқушы қыз жаққа қарай бұрып еді, жан-жағына жалтақтаған күдікті белгісіз бағытта қарай адымын ашып, баяу жүрісіне жылдамдық қосты. Әрине, біз қала тұрғын оқиға барысында ұстамағандықтан оған кінә тағуға құқығымыз жоқ еді. Әмбе сол шақта көпқабатты үйлердің бірінде мүгедек арбасына таңылған қарияны екінші қабатқа көтерісіп жіберсеңдер деп қолқа салған кейуананы жолықтырдық. Әрине, қайырымды істен бас тартпай, қолғабыс жасадық.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар басқармасының аға офицері капитан Жасұлан Тәбиев жсөспірімдердің бұзақылық әрекетке баруына ұялы телефонның себепкер екендігін алға тартады.
- Мен, әрине, балалар психологы емеспін. Мен, әскери психологпын. Десе де бұл тақырып шеңберінде сөз өрбітіп көрейін. Өйткені, бұл мәселе қоғам дертіне айналды. Ал, бүгінде тұрмыстың қамытына байланған ата-ананың балаға көңіл бөлуге мұршасы болмайды. Таңның атысынан кештің батысынан кейін нан табамын деп зорыққан отағасы мен отананың шаршап-шалдығып, дастарханнан нәр татқаннан кейін көзі ілініп, мызғып кететіндігі баршамызға аян. Несиеден несиеге дейін жалақысын жетізе алмай әлек болған олар үшін, әрине бала тәрбиесі екінші орында қалады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған соң, өздігімен өскен жеткіншек бақылаусыз қалады. Жасөспірімдер өміріндегі ойын көп жағдайда шынайы өмірден теріс айналуға негізделеді. Олар белгілі бір қиындықтардан, қарым-қатынас мәселелерінен қашып, ойын әлеміне жиі терең бойлап кетеді. Бұл ішімдік тәрізді. Маскүнемдер түйткілді қиындықтан шығар жолды бөтелкеден іздейді. Дәл солай, оларда қиялдағы әлеміне еніп, жасанды қарым-қатынастар орнатады. Онлайн ойындар жасөспірімдерге шынайы өмірде жеткіліксіз дүниені – әсіресе, орасан күш пен билік сезімін береді. Ойын ойнаудың кесірі, жеткіншектің тікелей өз өміріндегі соқтығысқан қиындықтардан қашып, шындықпен бетпе-бет келмеуіне және шынайы қарым-қатынастардың дамуына балта шабуына алып келуі бек мүмкін, - дейді капитан Жасұлан Тәбиев.
Жалпы, кемел келешегіміздің жарқын бастауы ол қазіргі балғындар. Сондықтан, олардың қоғамдағы дін амандығы баршамыздың мойынымызға артқан жүгіміз. Үйде ата-ананың қарауындағы бала өзін қауіпсіз сезінсе, көшеде де дәл солай емін-еркін жүруі тиіс. Медет жас жеткіншектердің басын қауіпке итермелейтін ойындардан бөлек, бұзақы, педофилдармен де күресу қажеттігін алға тартады. Бетін бүркеп алған қаймана бейнебақылау камерасы бар жерде де қылмыс жасаудан тайынбайды екен дейді.
- Осыдан бір апта бұрын қаланың оң жағалауындағы Астана көшесінде бес қабатты үйдің ауласына қарай жөнелеміз. Жауынгерлік жасаққа рациядан түскен хабарда күдікті ер адамның әйел сөмкесін тартып алып, белгісіз бағытқа қашып кеткендігін естідік. Мен оқиғаның тапа тал түсте орын алғандығына таң қалдым. Біз үй ауласына дереу жеткенде, жәбірленушінің солқылдап жылап отырғандығын куә болдық. Сөмкесінен айырылған әйел тонаушымен жан-дәрмені қалғанша айқасқанын, алайда күдікті қалтасынан пышағын алып шыққан соң кері шегінгенін айтады. Әйелдің көз жасы көл болғанына тағы бір себеп қала тұрғындарының болған оқиғаға бей-жай қарауы. Мен жанталасып, шыбын жаным шырқырап, жан дәрменім қалғанша тонаушымен алысып жатқанда, тепсе темір үзетін жігіттердің жанымнан бей-жай өтіп бара жатқандығы көңіліме қатты батты дейді. Осылайша, біз оқиға болған орында тұрғанымызда, Ұлттық ұланның тағы бір жауынгерлік жасағы рация арқылы тонаушыны құрықтағанын жеткізді.
Қаруластарым қылмыстың ізі суымай ашылғанына қуанып жатса да менің көңілім көншімеді. Өйткені, мен қоғамда айналаңда болып жатқан оқиғаларға беймарал, селқос қарайтұғын адамдардың көптігі көңіл қынжылтады. Тапа тал түсте болған қылмысқа ешкімнің «әй,қой» деп араша түспегендігі менің ойымнан кетпей қойды. Бұл салқынқанды қоғамның ертең өздерін әлі қорғауға дәрменсіз балақайлармен, әрине құдай басқа бермесін, келеңсіз оқиға туындаса тағы да бұйығы күйге түспесіне кім кепіл? Әрине, қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алатын тәртіп сақшылары, Ұлттық ұланның жауынгерлік жасағы да белсенді түрде қызмет атқаруда. Алайда, бір көше қалтарысындағы қуыста бір жағдай туындаса, оны көрген қала тұрғындарының қайырымды болғанын қалаймын.
- Қайырым демекші, қала жұртының сендерге айтар алғысы шексіз екен? Әрдайым, жүздесе қалса жылы лебізін білдіріп тұрады.
- Әрине, бір жолы арбаға таңылған ақсақалға көмектестік. Үшінші қабатта тұрады екен. Сонау Кеңес дәуірінде салынған ескі үйдің сатымен көтерілетін дәлізі тар екен. Алайда, жұмыр білекті ұландықтар мыңқ етпеді. Жарымжан қартты бір деммен пәтеріне кіргізді. Көнекөз ақ батасын беріп, ақжаулықты апамыз бір уыс тәтті тағамды үлестіріп берді. Жалпы, бізді көрсе қамкөңіл қарттардың көңілі жібиді. «Шыдаңдар, әскер деген бір-ақ жыл ғой. Уақыт деген зымырап өте шығады. Біздің кезімізде екі жыл болатұғын деп ақыл кеңестерімен бөліседі. Оған, біз де әскерде бәрі ойдағыдай екендігін жеткізіп, үй жаққа асығып тұрмағанымызды жеткіземіз. Өскеменде қаласында кейбір бағдаршамдарда жасыл түске берілген уақыт өте жылдам. Шапшаң қимылға салмасаң, кейбір көлік нөпірі қалың көшедегі бағдаршамда жаяу жүргінші қызыл түске тап болуы бек мүмкін. Сондықтан жаяу жүргіншілерге арналған жолақта тәлтіреңдеп, баяу қимылдайтын жасамыстарды жолдың арғы жағына өткізіп жібереміз. Ұландықтардың қолғабыс танытқанына қамкөңіл қарттар да ырза болып, ақ батасын беріп, алғыстарын аямайды.
- Әңгімеңе рақмет!
Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы