Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушевтің айтуынша, ядролық кластерді кеңейту – еліміздің индустриялық өсімін жеделдететін аса маңызды қадам.
Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлттық жобаны іске асыру басталды. Онда 86 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғырту және жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу көзделген. Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Алты жылдағы жетістіктер: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында атап көрсетті. Ол жоба аясында отандық өндіріске басымдық берілетінін айтты. Осыған орай, біздің редакция Қазақстанның энергетика саласын дамытудың негізгі басымдықтарын «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Ғалиевич Хайрушевпен талқылады.
Жақып Ғалиевич, Қазақстанда жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының нәтижелерін жалпы қалай бағалар едіңіз?
Соңғы жылдары елімізде инфрақұрылымды жаңғырту айтарлықтай қарқын алды деуге болады, дегенмен шешімін күткен мәселелер де аз емес. Бір жағынан, Үкімет жолдар мен теміржолдарды, энергетикалық нысандар мен коммуналдық желілерді салуға және қайта жаңартуға қомақты инвестиция тартып жатыр. Ал екінші жағынан, қаржыландырудың үлкен болғанына қарамастан, инфрақұрылымдық жобалар ескірген активтердің тозуы, бюрократиялық кедергілер, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және кейбір жобалардың тиімсіздігі сынды мәселелерге тап болуда.
Энергетика саласында аймақтық электр станциялары мен жылу жүйелерінің жабдықтары әбден тозып, ірі ауқымды жаңартуды қажет етеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында да жаңғырту жұмыстары баяу, ал тарифтік реттеулер желілерге инвестиция тартуға әрдайым ықпал ете бермейді. Көлік саласында жаңа жолдар салынып жатқаны қуантады, бірақ кей нысандардың сапасы мен ұзақмерзімді пайдалану мүмкіндігіне қатысты сұрақтар бар. Жалпы алғанда, Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту дұрыс бағытта жүріп жатыр. Алайда оның тұрақты әрі тиімді нәтиже беруі үшін жобаларды іске асыру сапасын күшейту, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және стратегиялық маңызды нысандарға жеке инвесторларды белсенді түрде тарту қажет.
Инфрақұрылымдық дамуда қандай мәселелерді жедел шешу керек деп есептейсіз?
Қазақстандағы инфрақұрылымдық даму соңғы жылдары ілгері басқанымен, жедел шара қабылдауды талап ететін бірқатар түйткіл бар. Мысалы, еліміздегі энергетикалық жабдықтардың шамамен 60–70 пайызы өз ресурсын тауысуға жақын, ал электр желілеріндегі шығын 14–16 пайызға жетіп отыр, бұл әлемдік көрсеткіштерден едәуір жоғары. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде энергия тапшылығы қатты сезіледі, сондықтан жаңа энергоблоктар салуды, жылу электр орталықтарын (ЖЭО) модернизациялауды және жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) кешенді дамытуды жылдамдату қажет. Сонымен қатар, ескі жылу трассалары мен су құбырлары көбіне ондаған жылдар бойы жөнді жаңартылмағандықтан, жылу мен судың жоғалуы жоғары, апатты жағдайлар да жиіледі, ал ол тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба шеңберінде қолға алынған шаралар қаншалықты тиімді деп санайсыз?
Ұлттық жобадағы шаралар қазіргі таңдағы негізгі талаптарға жауап береді, бірақ олардың тиімділігі орындалу сапасына, жеткілікті қаржыландыруға және бақылауға байланысты. Жобада энергия көздерін жаңарту, желілердегі шығынды азайту, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамыту сынды бастамалар қарастырылған. Бірақ мұнда бірқатар тәуекелдер мен кедергілер бар.
Біріншіден, көптеген энергоблоктар мен желілердің тозуы айтарлықтай жоғары, жаңғыртуға үлкен қаржы қажет, ал оның бәрі бірдей қолжетімді емес. Қарапайым жөндеуден гөрі заманауи технологияларды енгізу маңызды, сонда ғана ұзақмерзімді тиімділікке қол жеткізе аламыз. Екіншіден, тариф саясаты әлі де шешімін таппады. Нарықтық баға тетіктерінсіз коммуналдық салаға инвесторлар да аса қызықпайды, ал мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар тиімді жұмсалмайтын жағдайлар да кездеседі. Үшіншіден, энергетика саласында білікті мамандар жетіспейді, бұл инновациялық шешімдерді енгізу процесін тежейді. Төртіншіден, бюрократиялық рәсімдер мен сыбайлас жемқорлық қауіптері жобаны жүзеге асыруды баяулатып, жұмыс сапасына нұқсан келтіруі мүмкін.
Егер Ұлттық жоба тиісті деңгейде, ашық бақылау арқылы және жеке инвестициялар тарту негізінде жүзеге асса, онда еліміздің инфрақұрылымдық ахуалы айтарлықтай жақсарып, энергиямен жабдықтау сенімділігі артады. Алайда басқару, қаржыландыру және тарифтік саясат салаларында терең реформалар жүргізбесе, жаңғырту жұмыстары созылып кетіп, оның нәтижелілігі шектеулі болуы ғажап емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш АЭС салу туралы бастамасын қалай бағалайсыз?
Ел Президентінің үш бірдей атом электр станциясын салу жөніндегі бастамасы Қазақстанның қазіргі және келешек энергетикалық қажеттіліктерін өтеу тұрғысынан қарағанда орынды. Әрине, бұл жобаға технологиялық таңдау, қаржыландыру және қауіптерді басқару тұрғысынан жіті талдау керек.
Біздің еліміз уран қоры жағынан әлемдік көшбасшылардың қатарында, ядролық саладан жинаған тәжірибеміз де аз емес. Қазір Қазақстанда, әсіресе оңтүстік өңірлерде, генерациялық қуат жетіспеушілігі сезіледі. Сондай-ақ еліміз халықаралық климаттық міндеттемелер аясында көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқарту жолында. Міне, осы себепті атом электр станциялары – көмір электр станцияларын алмастыруға және атмосфераға тарайтын СО₂ көлемін азайтуға тиімді шешімнің бірі деуге болады. Сәйкесінше, бұл бастаманың стратегиялық мәні зор, бірақ оның табысты болуы мұқият техникалық-экономикалық дайындыққа, сенімді серіктестерді таңдауға және халықтың сенімін арттыруға тікелей байланысты.
Ядролық кластерді дамыту Қазақстанға қандай мүмкіндіктер береді?
Ядролық кластерді ілгерілету елімізге бірқатар экономикалық, технологиялық және халықаралық артықшылықтар ұсынады. Біріншіден, атом электр станцияларын салу арқылы, әсіресе оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын жоя аламыз. Мұның өзі өнеркәсіп орындарын үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етіп, жаңа инвестициялар тартуға жол ашады. Төмен көміртекті және тұрақты энергия көзін дамыту – өнеркәсіптің өркендеуіне әрі экономиканың ұзақмерзімді орнықтылығына ықпал етеді.
Екіншіден, Қазақстан әлемдегі ірі уран өндірушілердің бірі болғанымен, біз көп жағдайда шикізат күйінде экспорттаймыз. Ядролық кластерді кеңейту уранды өңдеу, ядролық отын өндіру, тіпті өз реакторлық технологияларымызды жасау сынды қосылған құны жоғары секторларды дамытуды қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстанды жаһандық атом өнеркәсібінің маңызды ойыншыларының бірі ретінде танытып, осы саладан табыс табу ауқымын ұлғайтады.
Үшіншіден, ядролық кластер жасалса, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, жоғары білікті мамандарды даярлау ісі жанданады. Бұл – ғылыми-зерттеу мен білім беру әлеуетін күшейтіп, елімізді ядролық технологиялар бойынша өңірлік білім орталығына айналдырудың бір жолы.
Төртіншіден, халықаралық ынтымақтастық тұрғысынан Қазақстанның энергетикалық саясаттағы беделі одан әрі нығаяды. Біз тек уран жеткізіп қана қоймай, АЭС құрылысын салу мен оларды пайдалануға да қатысу арқылы стратегиялық әріптестік орнатып, қосымша инвестициялар тарта аламыз.
Сонымен қатар, ядролық технологиялар тек энергетика саласымен шектелмейді. Мәселен, радиациялық медицина, радиофармацевтикалық препараттар шығару бағытын жолға қойсақ, онкологиялық ауруларды ерте анықтау мен емдеудің сапасын арттыруға болады. Жалпы, ядролық кластерді кеңейту – Қазақстанның өнеркәсіптік дамуына күшті серпін беріп қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, ғылыми-техникалық әлеуетімізді күшейтіп, ядролық технологиялар саласында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр Олжас Бектенов өз мақаласында соңғы алты жылда Қазақстан жоғары табыс деңгейіндегі елдер тобына жақындап қалғанын айтты. Мұндай нәтижеге қалай қол жетті?
2024 жылдың соңына қарай еліміздің ЖІӨ (ВВП) 288 миллиард долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асып, 50 пайызға жуық өсті. Бұл жетістікке негізінен экономиканы әртараптандыру, машина жасау мен мұнай-газ химиясын дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және бірқатар саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткіздік деуге болады. Үкіметтің мұнай саласына тәуелділікті төмендетіп, өңдеу өнеркәсібін және басқа да секторларды ілгерілетуі тұрақты өсімге жол ашты.
2019–2024 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіп көлемі 31,4 пайызға, ал құрылыс саласы 96,3 пайызға артты. Нәтижесінде, өңдеуші сектор тау-кен өнеркәсібімен теңесіп қалды деуге болады. Машина жасау саласында өндіріс көлемі үш есеге ұлғайып, жыл сайынғы орташа өсім 20,3 пайыздан айналды. Мәселен, жеңіл автокөлік өндірісі 2018 жылғы 30 мың данадан 2024 жылы 134 мың данаға дейін артты. Мұнай-газ химиясы бағытында терең өңдеу жобалары қарқын алды, бұл мұнайды шикізат күйінде экспорттауды қысқартуға және дайын өнім шығару үлесін арттыруға септігін тигізді.
Жеке бизнеске қолдау көрсетіп, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырудың нәтижесінде негізгі капиталға және түрлі салаға салынатын инвестиция өсті. Жолдар мен теміржолдарды салу, порттарды модернизациялау секілді ауқымды инфрақұрылымдық бастамалар көлік-логистика мен энергетика салаларының дамуын күшейтіп, жалпы экономикалық өсімге үлес қосты. Бәсекелестікті арттыруға, монополиясыздандыруға және шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған реформалар да өз жемісін берді. Осындай шаралардың жиынтығы арқасында Қазақстан экономикасы айтарлықтай өркендеп, халықтың әл-ауқаты да жақсара түсті.