«Наурыз-2025»: Астанада этномәдениет пен өнер саласының үздік өкілдері марапатталды

4609
Фотосурет: Gov

Бейбітшілік және келісім сарайында ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеуге бағытталған республикалық «Наурыз-2025» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

«Наурыз-2025» сыйлығы биыл 5-ші рет өтіп жатыр. Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ұлттық өнер мен мәдениеттің танымал өкілдері марапаттады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Байқау нәтижесі бойынша «Үздік ұлттық этнокиім дизайнері», «Үздік ұлттық тағам өндіруші», «Үздік әнші»,«Үздік жырау», «Үздік қолданбалы өнер шебері»,«Үздік ұлттық музыкалық аспаптар шебері», «Қайта жаңғырған ұлттық музыка», «Ұлттық құндылықтарды насихаттаған үздік суретші», «Ұлттық этнографияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

«Бұл ұлттық жобада қатысушылардың санынан гөрі сапасына көңіл бөліп жатырмыз. Бұрын номинанттар бұдан да көп болса, қазір оның санын азайттық. Жұмысымызда ұлттық құндылықтарымызды шет елдерге насихаттау мәселесіне аса көңіл бөліп отырмыз. Бұған дейін бұл ұлттық құндылықтарымыз ешкімге керек болмаған. Мысалы, ұлттық киімді алайық. Қазір Наурызнаманың тұжырымдамасын жасаған соң, жұрт оған енді көңіл бөле бастады. Бұрын адамдар шапанды алба-жұлба қып иықтарына іле салатын, ал бұған көңіл бөлінген соң дизайнерлер де жұмысын жандандыра бастады. Ұлттық аспаптар, ұлттық музыка, сурет өнері де солай жаңғырып келеді.

Міне, Наурыздың мән-маңызын ашу үшін осындай байқаулар дами түсуі керек. Біздің ұлттық құндылықтарымызды түгендеу ісінде бұл байқаудың өзіндік орны бар», - деді «Наурыз-2025» байқауының қазылар алқасының бас төрешісі, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай.

Салтанатты кеш барысында ұлттық өнер мен мәдениет саласындағы жетістіктер баяндалып, үздік туындылар таныстырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -