Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі отын-энергетикалық кешеннің өндірістік қалдықтары – көмір электр станцияларындағы күл-қож және мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай шламдары мәселелерін шешуге күш салуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетикалық кешеннің өндірістік қалдықтарын басқару саласындағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Баяндамада жылу электр станцияларындағы күл-қож қалдықтары мен мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай шламдарын басқарудың негізгі аспектілері қарастырылды. Бұл мәселелер мемлекеттің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басымдыққа ие.
Күл-қож қалдықтары: кәдеге жаратудың қиындықтары мен кедергілері
Ерлан Аккенженов көмірден электр энергиясын өндіру нәтижесінде жиналатын қалдықтардың ауқымды экологиялық мәселеге айналғанын атап өтті. Республикада 21 ірі көмір электр станциясы жұмыс істейді, олардың қызметі нәтижесінде жалпы аумағы 18,2 мың гектарды қамтитын 27 күл-қож үйіндісі (золоотвал) қалыптасқан.
«Қазіргі таңда бұл күл үйінділерінде жиналған күл-қож қалдықтарының жалпы көлемі 1,41 миллиард текше метрді құрайды. Бұл – орасан зор көрсеткіш, ол біз бетпе-бет келіп отырған экологиялық қауіптің ауқымын айқын көрсетеді. 2024 жылы күлді қайта өңдеу көлемі 69,2 мың тоннаға жетті, негізінен цемент өндірісінің қажеттіліктері үшін пайдаланылды. Дегенмен, бұл көрсеткіш жиналған күлдің жалпы көлемімен салыстырғанда өте аз үлесті құрайды» Ерлан Ақкенженов
Министр қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға кедергі келтіретін негізгі факторларды талдады. Басты мәселе – күлдің сапасы. Қазақстанда қолданылатын көмірдің ерекшелігі күлдің құрамында қоспалардың, күкіртті қосылыстардың және ауыр металдардың жоғары болуына әкеледі. Бұл күлді тікелей өнеркәсіпте, әсіресе құрылыс индустриясында пайдалану мүмкіндігін шектейді, өйткені оны өңдеу үшін қосымша шығынды қажет ететін тазарту технологиялары керек. Соның салдарынан бұл шикізатқа деген сұраныс төмен болып отыр.
Қосымша қиындықтар ретінде қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, күлді терең өңдейтін кәсіпорындардың тапшылығы, тиімді логистикалық жүйенің болмауы және бизнесті осы салаға тарту үшін экономикалық ынталандыру шараларының әлсіздігі аталды. Сонымен қатар, экологиялық таза технологияларға көшу, соның ішінде «құрғақ күл шығару» технологиясын енгізу, электр станцияларын жаңғыртуға үлкен қаржы талап етеді және әзірге тұрақты ірі тұтынушылардың жоқтығымен шектеліп отыр.
«Күлді қайта өңдеу мәселесін кешенді түрде шешу қажет. Жай ғана қайта өңдеу зауытын салу жеткіліксіз. Біз шикізат сапасын жақсартудан бастап, сұранысты ынталандыруға, инфрақұрылымды дамытуға және экономикалық тиімді технологияларды енгізуге дейін бүкіл экожүйені қалыптастыруымыз керек. Сонымен қатар, ескі күл-қож қоймаларын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл жерлерді шаруашылық айналымға қайтарып, олардың қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға мүмкіндік береді» Ерлан Ақкенженов
Мұнай шламдарын басқару: жүйелі шешімдер және «тарихи мұрадан» арылу
Мұнай өңдеу өнеркәсібінің қалдықтарын басқару мәселесі бойынша министр ірі мұнай өңдеу зауыттарында жүйелі тәсіл қолданылып жатқанын айтты. Мұнай шламы жиналмайды, оны дереу арнайы құрылғылар арқылы өңдеу жүзеге асырылады. Шлам құрамындағы көмірсутектер қайта өңделіп, өндірістік циклге қайтарылады. Қалған қатты қалдықтар (жылына шамамен 5,3 мың тонна) қоршаған ортаға қауіпсіз жолмен жою үшін тиісті рұқсаты бар мамандандырылған ұйымдарға беріледі. Министр Қазақстан Республикасында мұнай шламдарын көмуге заң жүзінде тыйым салынғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, бұрынғы жылдары жиналып қалған «тарихи» мұнай қалдықтарын жоюға ерекше көңіл бөлінуде. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тобына кіретін кәсіпорындар, ластанған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Бұл үшін әртүрлі технологиялар, соның ішінде көмірсутектерді бөліп алу мақсатында сепарация әдісі, сондай-ақ биологиялық тазарту әдісі қолданылады. Соңғысы мұнайды ыдырататын арнайы микроорганизмдерді пайдаланады. Мұндай өңдеуден кейін тазартылған топырақ шаруашылық мақсаттарға, мысалы, жерлерді қайта қалпына келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін.
«Біз «тарихи» мұнай қалдықтарын жою бойынша айтарлықтай прогресті байқап отырмыз. 2018 жылдан 2024 жылға дейін 4,5 миллион тонна осындай қалдық қайта өңделді, оның 1 миллион тоннасы тек 2024 жылы жойылды. Бұл жетістіктер мұнай-газ компанияларының жүйелі жұмысының және экологиялық бақылаудың күшеюінің нәтижесі. Министрлік экологиялық заңнаманың сақталуын қадағалауды жалғастырады, сондай-ақ өнеркәсіптің қоршаған ортаға әсерін азайту үшін ең озық қолжетімді технологияларды енгізуді қолдайтын болады» Ерлан Ақкенженов
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және қажетті жағдайлар жасау жұмыстарын жалғастырады. Бұл бағыт Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуінің маңызды элементі және елдің ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты тетігі ретінде қарастырылады.