Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру жөніндегі шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Атап айтқанда, ол бүгінгі таңда барлық мемлекеттік қызметтің 92%-ын қашықтан алуға болатынын хабарлады. Сонымен қатар статистика көрсеткендей, азаматтар көбінесе ол қызметтерге смартфондар арқылы – 90% жүгінеді.
«2024 жылы 341 млн қызмет көрсетілді, оның 91%-ы электронды түрде ұсынылды. Қызметтердің басым бөлігі проактивті түрде көрсетілуде – яғни, Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ жүзеге асады. Біз eGov арқылы онлайн қызмет көрсетуге монополияны жойып, негізгі қызметтерді танымал финтех платформаларға шығардық. Бұл халықтың цифрлық сервистерге қол жеткізуін арттырды. Қазақстандықтар QR-қолтаңба мен биометриялық сәйкестендіру технологияларын сенімді түрде меңгеріп, күнделікті қолданып жүр. Цифрлық құжаттар сервисі ерекше танымал болды – бір жылда 292 млн рет қолданылды» Жаслан Мәдиев
Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік қызметтерді жетілдіру мәселелері өмірлік жағдайлармен байланыстыра отырып қарастырылады. Әрбір жағдайға проактивті цифрлық шешімдер ұсынылды, және алғашқы нәтижелер байқалуда. Мысалы, бала дүниеге келген кезде азаматтар енді құжаттарды ресімдеуге, еңбекке жарамсыздық парағын алуға немесе жәрдемақы рәсімдеуге уақыт жұмсамайды. Барлығы автоматты түрде смартфон арқылы шешіледі. Астана қаласы мен Ақмола облысында жаңа туған нәрестелерге ЖСН-ді автоматты түрде тағайындау сынақтан өтті.
Бұдан бөлек, Тараз қаласында балабақшаға қабылдау кезінде ваучерлік қаржыландыру тетігі сынақтан өткізілді. Нәтижесінде кезек 92%-ға қысқарды (23 мыңнан 1,8 мыңға дейін). Бұл тәсілдерді бүкіл өңірлерге кеңейту ұсынылып отыр.
Жаслан Мәдиев Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мектепке қабылдау кезінде қағазбастылықты толық жою бойынша жұмыс аяқталғанын айтты. Оған қоса «Әлеуметтік әмиян» енгізілді – бұл тегін тамақтандыруды бақылауға, жалған мәліметтерді болдырмауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба еліміздің барлық мектептеріне енгізіліп жатыр.
«Біздің бүкіл жұмысымыз үш негізгі қағидатқа негізделеді: проактивтілік, қолжетімділік және мерзімділік. eGov Mobile қосымшасына қысқаша тоқтала кетейін. Бүгінде бұл жай ғана портал емес, азаматтардың күнделікті өміріндегі нағыз цифрлық көмекшісі. Тек өткен жылы қазақстандықтарға 36 млн хабарлама жіберілді: құжаттардың жарамдылық мерзімінің аяқталуы туралы ескертуден бастап, мектепке қабылдау, жәрдемақы тағайындау, грант беру, туған күн және үйлену тойы туралы құттықтауларға дейін. Біз eGov Mobile-ды дамытуда оны қарапайым әрі ыңғайлы етуге назар аударудамыз» Жаслан Мәдиев
Жаслан Мәдиев мәлімдегендей былтыр елімізде келесідей танымал қызметтер іске қосылды: «Ұлттық қор – балаларға», «Стоп-кредит», «Көлік иелену тарихы», «Құмар ойындарға қатысудан ерікті түрде бас тарту» және басқалары. Мәселен, қазір жүргізуші куәлігін екі батырманы басу арқылы жылдам ауыстыруға болады – бұл сервисті 7 мыңнан астам қазақстандық пайдаланған.
«Бүгіннен бастап тағы бір цифрлық мүмкіндік іске қосылды — көлік иелеріне хабарлама жіберу қызметі. Егер сіз терезесі ашық қалған немесе жолға кедергі келтіріп тұрған көлікті байқасаңыз, мемлекеттік нөмірді теріп, қажетті тетікті таңдап, бассаңыз жеткілікті. Көлік иесіне анонимді хабарлама жіберіледі. Бұл сервис өзара көмектесу мен азаматтық жауапкершіліктің құралына айналады деп сенеміз. Жоба Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылды» Жаслан Мәдиев
e-Otinish деректерін талдау көрсеткендей, өтініштердің едәуір бөлігі іс жүзінде «жасырын» мемлекеттік қызметтерге жататын типтік жағдайларға қатысты. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізілді.
Бірдей және жиі қайталанатын жағдайларды анықтау критерийлері бойынша арнайы әдістеме бекітілді. Нәтижесінде 140 қызмет «заңдастырылды». Осы процесс мемлекеттік органдардың тұрақты жұмысына айналуы тиіс. Бұл тек e-Otinish жүктемесін азайтып қана қоймай, мемлекет пен азамат арасындағы өзара іс-қимылды ашық әрі болжамды етеді.
Министрлік әрі қарай дамыту бағытын анықтау үшін eGov-тың қазіргі жағдайына талдау жүргіді. eGov порталы 2013 жылғы технологиялар негізінде құрылған және өзінің мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеуде: жаңартуларды енгізуде қиындықтар орын алады, жаңа функцияларды іске қосуда шектеулер бар, инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып келеді, сервистердің қолжетімсіздігі тіркелуде. Осы жағдайларды назарға алып, министрлік eGov-ты жаңа технологиялық шешімдер негізінде жаңғыртуға кірісті. Қызметтерді қайта құрастыру жүргізілуде – бұл оларды бірнеше батырма басу арқылы алуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, электрондық үкімет шлюзі жаңартылды, интеграциялау процестері жақсарды. 2000 пайдаланушыдан тұратын фокус-топта тестілеуден өтіп жатқан виртуалды AI-ассистент құрылды. Жаңғырту көру қабілеті нашар және зағип азаматтар үшін дауыстық және мәтіндік навигация арқылы eGov-қа қолжетімділік береді. Сондай-ақ әрекетке қабілетсіз тұлғалардың қамқоршылары үшін мүмкіндіктер кеңейтіледі. Осы қадамдар инклюзивті, орнықты және заманауи цифрлық платформаны құруға бағытталған.
«Біз мемлекеттік сервистерді бизнестің қажеттіліктеріне сай етудеміз. Негізгі цифрлық құрал – eGov Business – оның аудиториясы тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл қосымшада автоматтандырылған шешімдердің толық пакеті бар: жеке кәсіпкерді тіркеу,салық күнтізбесі, сертификаттар, электрондық қол қою. Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілген – ол деректерді талдап, кәсіпкерлерді ықтимал тексерулер туралы алдын ала ескертеді» Жаслан Мәдиев
Сондай-ақ оның айтуынша, нақты қызмет түрлері бойынша барлық нормативтік құжаттар мен ережелерді қамтитын «Міндетті талаптар тізілімі» модулі қолжетімді. Бұл бұзушылықтар қаупін азайтады және бизнестің құқықтық сауаттылығын арттырады. Болашақта жаңа сервистер іске қосылады: әлеуетті клиенттерді іздеу, нарықтық аналитика, сұранысты мониторинг. Барлығы — кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін.
Белсенді цифрландыру аясында ХҚКО-ларға түсетін жүктеме азайып келеді. 2024 жылы ХҚКО операторлары 15,2 млн қызмет көрсетті. Сонымен бірге өтініштердің 80%-ы он қызметке тиесілі.
«Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл қызметтерді автоматтандыру және баламасыз, тек онлайн форматқа көшіру бойынша жол картасын әзірледік. Бірінші кезеңде: жеке куәлікті ауыстыру, электронды цифрлық қолтаңба беру, еңбек мигранттарына рұқсат беру қызметтері. Келесі кезекте тіркеу қызметтері: көлік, жылжымайтын мүлік, жерге қатысты құжаттар көшіріледі. Мақсатымыз – жыл соңына дейін халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесін 50%-ға дейін азайту. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдарға жол карталарын уақтылы және сапалы іске асыруды тапсыруды сұраймын» Жаслан Мәдиев
Министрдің айтуынша, бүгінде ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – жеке куәлікті ауыстыру. Бұрын азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, фотоға түсуі және кезекте тұруы қажет болатын. Айдың соңына дейін бұл процесс толығымен онлайн форматқа көшіріледі.
«Біз процестерді сәтті сынақтан өткіздік және фотосуреттің талаптарға сәйкестігін маманның орнына AI-модель бағалайтын жүйені оқытуды аяқтап жатырмыз. Процесс барынша қарапайым: идентификациядан өту, фото мен қолтаңбаны жүктеу, онлайн төлем жасап, құжат дайын болғаны туралы SMS-ті күту. Кезексіз, үйден шықпай-ақ қызмет ала аласыз. Қорытындылай келе, айтылған жоспарлардың барлығы әрбір қазақстандықтың мүддесіне сай мемлекеттік қызмет көрсету саласына оң әсер етеді деп санаймын» Жаслан Мәдиев