Jibek Joly туристік пойызы төртінші рет сапарға аттанады, деп хабарлайды DKnews.kz.
30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Алматы – Түркістан – Бұхара – Самарқанд – Ташкент – Алматы бағыты бойынша Jibek Joly 4.0 халықаралық туристік туры ұйымдастырылады. Бұл бағдарлама Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстан мен Өзбекстан қалаларын қамтиды. Бұл жолы сапардың бағдары кеңейтіліп, Орталық Азияның ең көне қалаларының бірі – Бұхара тізімге енгізілді.
Сегіз күндік саяхатта туристер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Отырар қалашығын, Бұхарадағы Арк бекінісі мен Ляби-Хауыз алаңын, Самарқандтағы Әмір Темір кесенесі мен Регистан алаңын, Ташкенттегі Төле би кесенесі мен Хазрет Имам мемориалдық кешенін, сондай-ақ Тараздағы Айша бибі мен Қарахан кесенелерін тамашалайды.
Пойыз жолаушыларға ыңғайлы саяхат жасау үшін барлық қажетті жағдайлармен жабдықталған: купе орындары, бағдарламаға сәйкес тамақтану, трансфер және кәсіби гидтердің қызметі қарастырылған. Сондай-ақ барлық экскурсиялық нысанға кіру билеті тур бағасына кіреді.
Jibek Joly жобасы іске қосылған сәттен бастап Қазақстан мен өңірлердің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған танымал брендке айналды. Биылғы тур аясында бағдарлама жаңа нысандармен толықтырылып, экскурсиялар кеңейтілді, сондай-ақ интерактивті форматтар енгізілді.