Қазақстан тұрақты энергетикалық болашақ үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде

1298
Фотосурет: Gov

Самарқанд климаттық форумының аясында Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек «Жасыл энергетика: тұрақты және экологиялық жауапты дамудың негізі» тақырыбында өткен III Пленарлық сессияға қатысып, Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Ж. Мирзамахмудов, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Т. Ибраев, Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика министрі С. әл-Мазруи, Түркменстан Энергетика министрінің орынбасары Н. Нурмаммедов, Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) Бас директоры Франческо Ла Камера және «ACWA Power» компаниясының басқарма төрағасы М. Абунайянмен бірге сөз сөйледі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Өз сөзінде Қ. Арымбек Қазақстан экономиканы декарбонизациялау саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтіп, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу мақсатындағы ұстанымды растады. Тұрақты энергетикалық өтудің негізі – дәстүрлі және баламалы энергия көздерін ұлттық және аймақтық жағдайларды ескере отырып, теңгерімді дамыту.

Жаңартылатын энергия көздері секторында дамулар байқалуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінің үлесі электр энергиясын өндіру құрылымында 6,43%-ға жетті. Қабылданған мақсаттық көрсеткіштерге сәйкес, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу жоспарлануда. Мемлекет тарапынан қолдау шаралары, оның ішінде электр энергиясын кепілді түрде сатып алу және инвестициялық преференциялар беру қамтамасыз етілуде.

Төмен көміртекті энергия өндіруге сұраныстың артуын ескере отырып, атом энергетикасын дамыту перспективалары қарастырылуда. 2024 жылы өткен референдум нәтижесінде Алматы облысы, Жамбыл ауданында алғашқы атом электр станциясының құрылысын салу мақұлданды, қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан атом энергиясын өндіру қуатын 2050 жылға дейін үш есеге арттыру бойынша халықаралық бастамаға қосылды.

2030 жылға дейінгі Су энергетикасын дамыту концепциясын іске асыру аясында «жасыл» сутегі өндірісіне инвестиция тарту үшін жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында су тұщыту және жылына шамамен 2 миллион тонна «жасыл» сутегі өндіру үшін 40 ГВт қуаттылыққа ие жел және күн фотоэлектрлік қондырғыларын салу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде Рамкалық келісімшартқа қол қойылды.

Қосымша, Вице-министр Каспий теңізі арқылы суасты жоғары вольтты кабелін салу бойынша аймақтық жобаның маңыздылығын атап өтті. Қазақстан, Өзбекстан және Әзірбайжан арасындағы үшжақты келісім аясында «жасыл» электр энергиясын Еуропаға экспорттауға арналған инфрақұрылым құрылып, «Жасыл энергетикалық дәліз» жобасы жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі халықаралық және аймақтық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ниетті екенін және тұрақты әрі қауіпсіз энергетикалық болашаққа қол жеткізу үшін тиісті шараларды қабылдайтынын растайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -