Қазақстан онлайн қызметтерді дамыту бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына енді

4147
Фотосурет: egov.kz

Қазақстанда көптеген салалар цифрландырылған. Бұл орайда мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі жылдам онлайн-форматқа көшуін жеке атап өтуге болады және де мұндай динамика бірнеше жыл қатарынан сақталып келеді. Мәселен, бүгінде электрондық форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтердің үлесі 93%-ды құрайды, олардың 90,8%-ын eGov Mobile платформасы арқылы алуға болады, деп хабарлайды DKnews.kz.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшысы қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпаратқа, сондай-ақ зейнетақы жинақтары туралы мәліметтерге байланысты онлайн-мемлекеттік қызметтер көп қолданылады. Осы тақырыпты толығырақ қарастырайық.

БЖЗҚ қызметтерін eGov арқылы, сондай-ақ БЖЗҚ-ның цифрлық сервистері арқылы алуға болады. 2025 жылдың екі айында БЖЗҚ шамамен 13,7 млн қызмет көрсетті. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 4,8 млн-нан астамы электрондық форматта, 8,6 млн-ы автоматты түрде көрсетілді. Осылайша, қызметтердің жалпы санына шаққанда онлайн-форматта көрсетілген қызметтердің жиынтық үлесі 98,6%-ды құрады. Бұл — электрондық форматта көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бойынша жалпы көрсеткіштерден жоғары (аталған 93%) көрсеткіш.

Естеріңізге салсақ, БЖЗҚ-да ашылатын барлық зейнетақы шоттары бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар автоматты түрде есептеледі.

БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотынан (ЖЗШ), шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының аясында нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу қызметтері көп қолданылады. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ бойынша 5,4 млн-ға жуық үзінді көшірме берілді, оның 4,4 млн-нан астамы электронды түрде, 865 мыңнан астамы автоматты режимде ұсынылды.

Үзінді көшірмені алу қызметінен бөлек, салымшылар сайтта берілген жеке кабинетте және мобильді қосымшада әлемнің кез келген нүктесінде 24/7 режимінде мынадай қызмет түрлеріне қол жеткізе алады:

  • өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • шоттардың бар-жоғы туралы анықтама алу;
  • I немесе II топтағы мүгедектіктің мерзімсіз белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру;
  • төлем туралы өтініштің күйін қадағалау;
  • жинақтардың бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аудару;
  • зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу;
  • жеке зейнетақы жоспарын жасау;
  • өзге қызметтер.

Айта кетерлігі, Қазақстанда онлайн-қызметтерді дамыту, жалпы, цифрландыру мәселесі халықаралық деңгейде берілген бағаларға сүйенсек, көңіл толарлықтай. БҰҰ деректеріне сәйкес 2024 жылы Қазақстан онлайн-қызметтер бойынша елдер рейтингісінде үздік 10 елдің қатарына енді. Рейтинг 193 елді қамтыды. Даму деңгейін нақты түсіну үшін қай мемлекеттердің алғашқы ондыққа енгенін көрейік. Олар — Оңтүстік Корея, Дания, Эстония, Сауд Арабиясы, Украина, Сингапур, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Жапония.

Қазақстаннан кейінгі орындарға ие болған елдердің тізімін де келтіре кетейік: Қытай (11-інші орын), Германия (12-інші орын), Аустралия (14-інші орын), Нидерланды (15-інші орын), БАӘ (16-ыншы орын), АҚШ (17-інші орын).

Ал ТМД-ның жеке елдері рейтингте Қазақстаннан әлдеқайда төмен тұр: Армения 53-інші, Ресей 56-ыншы, Өзбекстан 59-ыншы, Әзірбайжан 67-інші, Қырғызстан 89-ыншы, Беларусь 97-інші, Тәжікстан 130-ыншы, Түрікменстан 172-інші орындарға табан тіреді.

Соңғы орындарға Эритрея, Комор аралдары және Солтүстік Корея орналасты.

Осылайша, Қазақстан экономикасының жекелеген секторларында цифрландырудың қарқынды дамуы себебінен еліміз әлем бойынша үздіктер тізіміне енді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -