ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев «Кәсіптік стандарттар жүйесін жетілдіру және әлеуметтік қызметкерлерді даярлау» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына ведомствоның Ұлттық біліктілік жүйесін (бұдан әрі – ҰБЖ) жетілдіру және Қазақстанды әлеуметтік қорғау жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін әзірленген құралдарды іс жүзінде қолдану жөніндегі жоспарларын ұсынды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Сенат депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, салалық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ салалық сарапшылар қатысты.
Асқарбек Ертаев өз сөзінде біліктілікті танудың тиімді жүйесі мамандарды даярлау сапасын қолдау, еңбек мобильділігін арттыру және жұмыс берушілердің сенімін нығайту үшін қажет екенін айтты.
Мамандарды даярлаудың еңбек нарығының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында біліктілікті тұрақты тәуелсіз бағалау қажет. Кәсіптік біліктілікті тану үшін кәсіптер тізіліміне 513 кәсіп енгізілді, оның 377-сі ерікті негізде, ал 136-сы міндетті негізде танылады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы аясында IT және әлеуметтік салада 3 салалық тану орталығы іске қосылды, сондай-ақ 2 халықаралық орталық ашу жоспарлануда. 10-нан астам өңірлік орталықтар құру, жұмыссыздар үшін ваучерлік жүйені дамыту және колледждер мен ЖОО түлектеріне тәуелсіз бағалау енгізу көзделіп отыр», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, кәсіптік стандарттарды әзірлеуден бастап біліктілікті тануға дейінгі толық циклды қамтитын бүкіл біліктілік жүйесінің ауқымды цифрлық трансформациясы жүргізілуде. ҰБЖ цифрландыру шеңберінде сервистердің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған заманауи құралдар енгізілуде.
«Career Enbek цифрлық платформасы ҰБЖ-ның барлық негізгі құралдарын жинақтайды. Платформа азаматтарға, сарапшыларға, жұмыс берушілерге және мемлекеттік органдарға «бір терезе» қағидаты бойынша қолжетімді ақпараттық орта мен оқыту ортасының функцияларын орындайды. Онда энергетика, ақпараттық технологиялар, туризм және әлеуметтік қорғауды қоса алғанда, негізгі салалар бойынша 7 тану орталығы аккредиттелген», – деді Асқарбек Ертаев.
Жасанды интеллект дағдыларды талдау және мансаптық траекторияларды құру үшін қолданылады, сарапшыларды тексеру модулі енгізіледі.
Келесі маңызды бағыт экономиканың басым секторларында және бірінші кезекте әлеуметтік қорғау саласында ҰБЖ құралдарын практикалық қолдану болып табылады, мұнда жаңа тәсілдер мен стандарттарды енгізу жағдайында кадрларды жаңарту мәселесі ерекше өткір тұр.
Бұл салада 40 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның ішінде 12,3 мың әлеуметтік қызметкер. Бұл ретте үштен бірінен астамын 51 жастан асқан қызметкерлер құрайды, бұл кадрларды жасарту және жаңа мамандар даярлау қажеттігін көрсетеді.
Электрондық еңбек биржасында 3,1 мыңнан астам бос жұмыс орны бар, әсіресе әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік педагогтар мен әлеуметтік қорғау қызметінің мамандары сұранысқа ие. 2030 жылға дейін кадрларға қажеттілік 15 мыңнан астам адамды құрайды.
«АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия және Австралия сияқты елдерде лицензиялау жүйесі жұмыс істейді, оқыту бакалавриат және магистратура деңгейінде жүргізіледі, міндетті кәсіптік стандарттар және білім беру бағдарламаларын аккредиттеу енгізілген.
Біз үшін әлеуметтік қызметкер тек күтім және кеңес беру жөніндегі маман ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу және осал топтардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі негізгі буын екенін түсіну өте маңызды.
Халықаралық тәжірибе растағандай, әлеуметтік көмектің сапасы мамандардың даярлық деңгейі мен олардың мәртебесіне тікелей байланысты», – деп атап өтті вице-министр.
Әлеуметтік қорғау саласындағы біліктілік талаптарын күшейту шеңберінде әлеуметтік жұмысты, арнаулы және әлеуметтік қызметтерді қоса алғанда, 38 кәсіп бойынша кәсіптік стандарттар қайта қаралды.
Келесі жаңа мамандықтар енгізілді: әлеуметтік көмекші, әлеуметтік қызметкердің ассистенті, кейс-менеджер, әлеуметтік жұмыс менеджері.
Өзектендірілген кәсіптік стандарттар мен құзыреттерге қойылатын жаңа талаптарды ескере отырып, Skills Enbek онлайн-платформасында біліктілігін арттырудан өткен әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін 12,3 мың маманнан тұратын тізілім қалыптастырылды.
Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін бағалау және тану бойынша жұмыс басталды және ол жүйелі түрде жалғасатын болады.