Батырдың мол мұрасы - баға жетпес қазына

6050
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Елімізде биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Бұл атаулы дата Қазақстан халқы үшін ерекше маңызға ие. Жеңістің 80-жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңіс күнін кең көлемде дәріптеу және батырларымыздың өшпес ерлігін жадымызда жаңғырту қажеттігін ерекше атап өткен болатын.

Осы орайда таяуда Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери-тарихи музейі бірлесіп, Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, халық қаһарманы, жазушы, қазақтың батыр ұлы Б. Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай, «Бауыржан Момышұлы - аты аңызға айналған қолбасшы» атты көрме ұйымдастырды.

Көрмеге шақырылған Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Әскери колледждің жас ұландары, ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары батыр атамыздың өзі қолданған жеке тұрмыстық заттары, күнделігі мен блокноттары және соғыс кезінде пайдаланған шайқас картасы, портреті, фото-суреттері және қаһармандық ерлігі туралы жазылған көркем туындылары мен Ұлы Отан соғысы жайлы тарихи кітаптарымен танысты.

Іс-шараның шымылдығын Жамбыл облысы Тараз қаласындағы «Бауыржантану» ғылыми - зерттеу орталығының ғылыми қызметкері онлайн форматта Б.Момышұлының «Куба әсерлері» кітабының жазылу тарихымен бөлісті. Сонымен қатар, көрменің ашылу салтанатында ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері запастағы полковник Қуаныш Қожахметов Халық қаһарманы Б.Момышұлының ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған әскери-теориялық және рухани ұлағаттық еңбегі - «Соғыс психологиясы» жөнінде мазмұнды әңгіме айтты.

Алдымен ол қазақ халқының біртуар тұлғасы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жыл толуына орай ашылған көрмені тамашалауға шақырып, көрермендерге рухани азық алуға жағдай жасаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығы» басшылығына Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің атынан алғысын білдірді.

Ол өз сөзінде биылғы жылы Ұлттық ұландағы Ұлы жеңіске арналған қандай шаралар өтіп жатқанына тоқталып өтті.

– Бүгінгі таңда өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – ұлттық рухты қалыптастырудың көзі болып табылады. Әскерде «Жеңіске дейін 100 жыл» акциясы аясында Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде тәрбие сағаттары өтуде. Осылай, 29 қаңтарда басталған акция 9 мамырға дейін жалғасып, оның әр күнінде соғыс кезіндегі тарихи оқиғалар жайында сарбаздарға мол мағлұмат беріледі. Сонымен қатар, әскери бөлімдерде ашық есік күндері, ақпараттық сағаттар, ардагерлерді ұлықтау т.с.с. шаралар өтуде.  Мұндай шаралардан Ұлттық ұланның ардагерлер ұйымдары да тыс қалып жатқан жоқ. Олар әскердегі өткізіліп жатқан барлық іс- шараларға белсенді түрде қатысуда, – деді запастағы полковник Қуаныш Қожахметов.

– Былтырғы жылы Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының бастамасымен Жеңістің 80 жылдығына орай Республикалық ономастикалық комиссиясына Ұлттық ұланның екі әскери бөліміне Ұлы Отан соғысы батырларының, ал бір әскери бөлімге Ішкі әскердің тәжік - ауған шекарасында  қаза болған 17 жауынгері атын беру туралы ұсыныс жіберілді.  Мысалы, 5572 ә/б (Алматы қ.) – «Халық қаһарманы» Қасым Қайсеновтің есімін, 5514 ә/б (Талдықорған қ.) – Кеңес Одағының Батыры, панфиловшы Мұсабек Сеңгірбаевтың есімін, 6506 ә/б (Шымкент қ.) – «Ішкі әскерлердің 17 батыр – жауынгерлері» есімін беруге ұсыныс айтылды. Ендігі кезекте, аталған әскери бөлімдерге батырлардың есімдері беріледі деген үміттеміз, - деп, сөзін одан әрі жалғастырды ардагер.

- Біз Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімі – көрнекті қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімімен аталатынын айтып өтуіміз керек. Әскери бөлімнің жауынгерлері бүгінде Алматы қаласының тыныштығын күзетеді, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Олар үшін Бауыржан атамыздың атындағы әскери бөлімде мерзімдік қызметтерін атқару үлкен абырой болып саналады.  Одан басқа, Бауыржан Момышұлының соғыс өнері, Отанға деген сүйіспеншілік пен ар-намыс, тәрбие туралы еңбектері Ұлттық ұланда кеңінен қолданылады.

Батырдың өзі айтқандай, соғыс кімнің кім екенін тез-ақ анықтап береді. Мәскеу түбіндегі шайқастар Бауыржан Момышұлының кім екенін танытып қана қоймай, жастарды тәрбиелеу жұмыстарындағы олқылықтарды да ашты. Қазақ халқы қолма-қол соғыста мол тәжірибе жинақтағанымен, механикаландырған соғысқа жаппай бірінші рет кірген еді. Сондықтан да ұрыс алды әскери дайындықты күшейту керек екенін алғы шеп командирі ретінде ол өте-мөте сезінді. Оның тарихын, тілін, дәстүрін білмейтін жастар туралы айтқан сөздері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Ұлттық құндылықтарын білмеген жас ұрпақтың ұлттық мақтаныштары оянбайды. Ұлттық мақтаныштар оянбаған соң, рухы көтерілмейді. Ал рухсыз әскер қарумен қанша бөлеп қойсаң да жеңіске жетпейді, - деген.

Бауыржан Момышұлының қаламынан шыққан мақал-мәтел, нақыл сөздерінде де соғыста қолданылатын амал-айла, әскери қолбасшының орны мен рөлі де шет қалмаған: мысалы, «Ептілік пен батылдықты қосса айлакерлік шығады», «Әскерсіз қолбасшы – қауқарсыз», «Басшысыз әскер – әлсіз» дегендей.

Осы орайда, батырдың «Соғыс психологиясы» атты  еңбегі бүгінгі Ұлттық ұлан академиясында кеңінен қолданылады. Өзі айтқандай «Қанмен жазылған кітабы» – Соғыс психологиясы – оның әскери қайраткер ретіндегі ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған әскери-теориялық және рухани ұлағаттық еңбегі.

Оның әскери тактикалық, жеке құрамды тәрбиелеу және оқыту, командалық кадрларды дайындау саласындағы зерттеулері терең кешенді талдау және әскери іс-тәжірибесінде кең түрде қолдануды талап етеді. Халық батыры өзінің әскери-теориялық көзкарастарын осы «Соғыс психологиясы» атты еңбегінде жан-жақтылы талдаған.

Міне, сондықтан Бауыржан Момышұлының орасан зор соғыс тәжірибесі, жазған еңбектері мектептегі алғашқы әскери дайындық пен технология сабақтарында, офицерлерді дайындайтын жоғары әскери оқу орындарында жеке пән ретінде міндеттеліп, кеңінен қолданылса құба-құп. Ол болашақ Отан қорғаушылар үшін күнделікті басшылыққа алатын кітап, оқу құралы. Оны насихаттау біздің міндетіміз.

Қорыта айтқанда, Бауыржан Момышұлының ерлігі елге ұран, қалдырған мол мұрасы мен өсиеттері бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына.

Отставкадағы полковник Мұрат Жантеміров

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -