Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар бейнематериалдың жариялануына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Интернет пен әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында YouTube платформасында Алматы қаласының тұрғыны, азамат А.А. жариялаған видео анықталды. Видеода ол «саяси көзқарасы үшін адамдарды бауыздау — қалыпты нәрсе» деген сынды арандатушылық пікір айтқан.
Аталған мәлімдеме қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қатты сынға ұшырады. Көпшілік бұл сөздерді зорлық-зомбылыққа үндеу және қоғамдық келісімге қауіп ретінде бағалап, авторды жауапқа тартуды талап етті.
Осы факті бойынша Алматы қалалық Полиция департаментінің Тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы — «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс қозғады. Видео авторы анықталып, процессуалдық шаралар жүргізу үшін полицияға жеткізілді.
Алматы қалалық полициясы қоғамдағы тұрақтылықты бұзуға және араздық туғызуға бағытталған деструктивті мазмұнды таратуға жол берілмейтінін ескертеді. Мұндай құқықбұзушылықтар заң аясында қатаң түрде тоқтатылады.
Құқық қорғау органдары азаматтарды өзара құрмет сақтауға және қолданыстағы заңнаманы сақтауға шақырады.