«Табыстың жолы – адал кәсіп»: Шыңғыс Үмбетаевпен сұхбат

2025 жыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтардың жылы деп жарияланды.

Бұл – жай ғана атаулы жыл емес. Бұл – еңбектің, адал кәсіптің, қол еңбегінің қадірін арттыратын кезең. Бүгінде дәнекерлеуші де, құрылысшы да, электрик те – еліміздің экономикасын алға сүйреп тұрған негізгі күш.

Алайда біз жұмысшы мамандықтарды шынымен бағалап жүрміз бе? Неліктен жастар бұл салаға баруға ынта білдірмейді? Ал шын мәнінде, дәл осы мамандықтар – табыстың да, тұрақтылықтың да нақты жолы.

Осы мәселелер төңірегінде біз қазақстандық ментор Шыңғыс Үмбетаевпен әңгімелестік. Еңбек адамының мәртебесі, кәсіби дағдының маңызы және тәлімгерлік жүйенің рөлі жайлы ой бөлісеміз.

– Шыңғыс мырза, бүгінгі таңда жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру не үшін маңызды деп ойлайсыз?

 - Жұмысшы мамандар — бұл, негізі, қоғамда үлкен орын алатын топ деп айтсақ болады. Себебі қарапайым мысалмен айтқанда, егер автобуста келе жатып қарайтын болсаңыз, автобус жүргізушісі — ол жұмысшы мамандықтардың тобына жатады. Бірақ ол қоғам үшін үлкен жұмыс атқарып жатыр: қанша студентті оқу орнына, қанша адамды жұмыс орнына жеткізеді. Яғни, қоғам үшін жұмысшы мамандықтардың рөлі өте маңызды және бұл — қажет әрі дұрыс көтерілген бастама.

Көп жағдайда әлсіз тұстарға көбірек мән беріледі. Себебі жыл сайын мемлекет стратегиясы мен бағдарламалары аясында аналитика жүргізіледі. Енді дәл қазір қоғамға қарайтын болсақ, мынадай жағдай қалыптасқан: әлеуметтік желілерде, әсіресе TikTok желісінде, тез байып, шалқып өмір сүру идеологиясы көбірек насихатталып жатыр. Бірақ көп жағдайда оның екінші жағы болады.

Мысалы, TikTok-та жай ғана камераны қосып қойып, ақша аударатын нөмірін жазып, жігіттер «дөнерге жинайық» деп қайыр тілеп отырады. Бұл, бір қарасаңыз, құлдыраудың бір түрі. Ал екінші бір дүние бар — жұмысшы мамандық. Көп жағдайда адамдар жұмыс істегісі келмейді. Бұл — негізгі мәселе.

Енді бұл мәселені қалай шешуге болады дегенде, ең алдымен оны идеологиялық тұрғыдан қарастыру керек. Яғни, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру қажет. Шынымен де, "бұл жұмыстың айлығы аз" деп бармай қойғаннан гөрі, барып жұмыс істеп, тәжірибе жинап, кәсіби дағды, жақсы әдеттер, ортаға бейімделу, тіл табысу секілді көптеген пайдалы қасиеттерді бойына сіңіреді. Бұл адамды ары қарай дамуға жетелейді. Және ондай тәжірибесі мен дағдысы қалыптасқан адамдарға қоғамда сұраныс бар.

– Жастар неге көп жағдайда кеңсе жұмысын таңдайды, жұмысшы мамандықтарды таңдаудан бас тартады? Оның себебі неде деп ойлайсыз?

- Иә, бұл – өте орынды сұрақ. Себебі қазір профориентация жұмыстары барысында байқалатыны – балалардың ешқайсысы «Мен сантехник боламын», «Мен автобус жүргізушісі боламын», немесе «Электрик боламын» деп айтпайды. Олар жұмысшы мамандықтарды таңдамайды. Көпшілігі «тез байығым келеді», «тез жетістікке жеткім келеді», «бәрі бірден бола қалса екен» деген дүниелерді армандайды.

Бірақ бұл – өз-өзін алдау. Иә, рас, тез жетістікке жететіндер бар шығар. Бірақ олардың үлесі халықтың 5-10 пайызы ғана болуы мүмкін. Ал шын мәнінде әрбір жұмысшы мамандықтың артында үлкен мән жатыр. Мысалы, сен автобус жүргізуші, сантехник немесе электрик бола тұра да қоғамға, халыққа қызмет ете аласың. Қарапайым такси жүргізуші де – адам тасып, қоғамның тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген маман.

Яғни біз әрбір мамандықтың өзіндік мәні бар екенін түсінуіміз керек. Әр мамандық – халыққа қызмет етудің бір жолы. Мысалы, бір күнге автобус жүргізушілер жұмысқа шықпай қалса – бүкіл қалада хаос болар еді. Демек, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы рөлі өте зор.

Ал жастардың бұл салаға қызығушылық танытпауының басты себебі – идеологиялық насихаттың аздығы деп ойлаймын. Егер осы мамандықтардың маңыздылығын, болашағын, перспективаларын нақты бағдарламалар арқылы, тұрақты түрде түсіндіріп отырсақ – бұл міндетті түрде нәтиже береді.

Жыл сайын сол бағдарламаларды жетілдіріп, дамытып отыратын болсақ, жұмысшы мамандықтардың мәртебесі артады. Қоғам мен халық арасында сол мамандықтарға деген құрмет те қалыптасады.

Мысалы, қоғамдық көлікте жиі болатын кикілжіңдер бар, иә? Меніңше, олардың бір себебі – осы мамандық иелеріне деген құрметтің жоқтығы немесе төмендігі.

– Негізі жұмысшы мамандықтар туралы түрлі стереотиптер бар. Бүгінгі таңда бұл қандай стереотиптер деуге болады?

- Жұмысшы мамандықтар туралы стереотиптер көп жағдайда жалған намысқа, тіпті кейде сасық намысқа байланысты туындайды. Себебі кейбіреулер: «Мен ондай жұмысты істемеймін, өйткені оның айлығы аз», «Бұл – кір, лас жұмыс» деген оймен жүреді.

Бірақ шын мәнінде мәселе мүлде басқа. Адамның ішкі болмысында, мотивациясында, егер эгоизмнен тыс, «мен халыққа пайдамды тигізсем», «күнде болмаса да, бүгін бір-екі адамға жақсылық жасасам» деген ниет болса – міне, сол кезде адамның рухани болмысы ашылады. Ал рухани болмысы ашылған адам – бақытты адам.

Себебі ол біреуге көмектесті, біреуге пайдасын тигізді. Шәкәрім атамыз айтқандай:
"Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл. Талаптан да, білім мен өнер үйрен. Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл."

Яғни кез келген адамның адамдық борышы – халыққа қызмет ету. Ал халыққа қызмет еткенде адамның рухани әлемі байып, ішкі қанағат сезімі пайда болады. Ол адам өміріне, өзіне риза болады.

Өміріне риза болған адам, менің ойымша, өз жұмысына да жауапкершілікпен қарайды. Ол кәсіби тұрғыда өсуге тырысады. Өз қызметін шынайы ниетпен, «клиент риза болсын» деген мақсатпен атқарады. Сонда ғана ол жұмыстың нәтижесі болады. Ол адам міндетті түрде материалдық тұрғыдан да жетістікке жетеді деп ойлаймын.

– Негізі, бұл стереотиптерді жою үшін не істеу керек?

- Стереотиптерді жою — бұл, ең алдымен, идеологиялық мәселе. Мемлекет тарапынан бұл бағытта тұрақты түрде жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Мысалы, Жапонияның тәжірибесіне назар аударар болсақ, оларда "икегай" және "кайдзен" деген өмірлік философиялар бар.

Кайдзен — бұл үздіксіз даму дегенді білдіреді. Ғылыми түрде дәлелденгендей, егер адам бір салада он мың сағат жұмыс істесе, ол сол саланың кәсіби маманына айналады. Ал кәсіби мамандарға қоғамда әрқашан сұраныс жоғары. Олардың табысы да, қоғамдағы орны да маңызды.

Ал "икегай" — адамның болмысына, табиғатына сай келетін мамандықты табу философиясы. Қазір, өкінішке қарай, көптеген адам өзінің шынайы болмысынан алыстап, өзіне сәйкес келмейтін салада, мысалы, сетевой бизнесте жүр. Әрине, сетевой бизнестің де пайдасы болуы мүмкін, бірақ ол — қосымша табыс көзі ретінде қарастырылуы тиіс.

Менің айналамда мықты ғалымдар, тележүргізушілер, дәрігерлер, ұстаздар да сол салаға кетіп жатыр. Бұл — қоғам үшін сигнал. Сондықтан мемлекет тарапынан нақты сараптама жүргізіп, сұрақ қойылуы керек: нағыз жұмысшы мамандар қайда жүр?
Неге бізде жұмысшы кадрлар жетіспейді? Себебі олардың көбі өз кәсібінен алшақтап, мүлде басқа іспен айналысып жүр.

Әрине, әр адамның таңдау еркіндігі бар, бірақ менің ойымша, адам таңертең өзіне ұнайтын жұмысқа оянса, сол – нағыз мотивация. Адам өзінің ісіне риза болып, мән таба білсе, ол бақытты адам.

"Икегай" философиясында мынадай мысал бар: Жапонияда кейбір аспаздар таңғы сағат 3-те тұрып, базарға барып, ең сапалы өнімді таңдайды. Себебі олар өз жұмысын жақсы көреді. Бұл — олар үшін тек табыс көзі емес, сүйікті іс. Мақсаты — "жасап жатқан дүнием мінсіз болсын" деген ой.

Шын мәнінде, мықты сантехниктер де бар, бірақ олар басқа салада жүр. Жапон халқында бір сөз бар: "Қандай мамандықты таңдасаң да — үздік бол!"
Сыпырушы болдың ба — ең үздік сыпырушы бол. Сантехник пе — үздік сантехник бол. Себебі сен сыпырған жерде адамдар таза жүреді, сен әлемді әдемі етуге үлес қосып жатырсың.

Яғни әр мамандықтың өзінің маңызы бар. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі қоғамда бұл құндылықтар ұмытылып барады. Оның бір себебі — әлеуметтік желілердегі "тек бай болу", "шалқып өмір сүру" идеологиясының насихаты. Елбасы да, қазіргі Президент те бұл туралы бірнеше рет айтты. Бұл — шындық.

Сондықтан біз осы жалған стереотиптерді тек идеологиялық, жүйелі, кешенді түрде ғана жоя аламыз. Әр адам өзіне сай мамандықты тауып, сол салада кәсіби, психологиялық, цифрлық, қаржылық жағынан дамуға тырысса — ол адамның да, қоғамның да болашағы жарқын болады.
Өсу, өркендеу — кез келген адамның қолынан келеді.

– Сіз өзіңіз жұмысшы мамандықты таңдап, кейін үлкен мансапқа жеткен азаматтарды білесіз бе?

Иә, марқұм болған бір әкімді мысалға келтіре аламын. Оның негізгі мамандығы — электрик болған. Еңбек жолын қарапайым комбинатта жұмысшы ретінде бастаған. Алғашында екінші разрядтағы электрик болып жұмыс істеп, кейіннен жоғары разрядтарға көтерілген және басқарушылық қызметке ауысқан. Уақыт өте келе аудандық деңгейден облыстық деңгейге дейінгі лауазымдарға жеткен. Яғни нағыз еңбек жолын төменнен бастаған азамат болатын.

Кеңес Одағы кезінде мұндай мысалдар көп болған. Себебі ол кезде жұмысшы мамандықтарға деген құрмет жоғары еді. Олардың әлеуметтік жағдайы қамтамасыз етіліп, қоғамдағы орны мен үлесі ерекше бағаланатын.

Мысалы, Сыр өңірінде де қарапайым күрішшіден бастап, үлкен лауазымдарға дейін көтерілген азаматтар бар. Мұндай мысалдар өте көп.

– Ал ментор ретінде жұмысшы мамандықты таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Жұмысшы мамандықты таңдаған жастар ең алдымен кәсіби дағдыларын дамытуы керек. Бұл тек қол еңбегімен шектелмейді. Қаржылық сауаттылық, эмоционалдық интеллект, психологиялық тұрақтылық – барлығы маңызды. Сонымен қатар, әр адамда жауапкершілік сезімі болуы тиіс. Жұмысты жай ғана орындап кету емес, сапалы әрі нәтижелі атқару қажет. Қызметіңді пайдаланған адам риза болуы керек – бұл кәсібиліктің басты көрсеткіші.

Қазір біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан жастар үшін цифрлық сауаттылық та аса маңызды. Әртүрлі қосымшаларда (Indriver, Kaspi, Naimi.kz т.б.) маманның қызмет сапасы бағаланып отырады. Ол жердегі пікірлер – сенің кәсібіңнің айнасы. Сондықтан коммуникация, клиентпен дұрыс қарым-қатынас орнату, келіссөз жүргізе білу, адалдық сияқты дағдылар өте қажет.

Егер білмесең – мойында. Адам бәрін бірден білуі шарт емес. Ең бастысы – дамуға ұмтылу. Ақпараттық, психологиялық, цифрлық және қаржылық сауаттылықты арттырып отыру – бүгінгі күннің басты талабы.

Қазір көп жастар "жылдам жетістікке жетемін", "тез табыс табамын" деп ойлайды. Бірақ ондай жол – көбінесе жалған. Әлеуметтік желідегі "сәттілік" кейде арендадағы көлік пен жалған өмір. Нағыз жетістік – тек еңбекпен, біліммен, біліктілікті үздіксіз жетілдіру арқылы келеді. Өзім көріп жүрген табысты адамдар – барлығы ұзақ еңбек пен үнемі өзін дамыту арқылы сол дәрежеге жеткен.

Сондықтан менің кеңесім – өзіңізді үнемі дамытыңыз. Шынайы табыс – тек терең білім мен кәсіби шеберліктің жемісі.

 – Жақсы маманды дайындау барысында менторлар мен тәлімгерлердің рөлі қандай?

Кеңес дәуірінде қалыптасқан жақсы бір жүйе бар – бұл менторлық немесе тәлімгерлік жүйе. Жаңадан жұмысқа кірген маманға бірден тәжірибелі тәлімгер бекітілетін. Ол адам жаңа қызметкерге жұмыс барысын көрсетіп, үйретіп, өндіріс орнының тәртібі мен мәдениетін түсіндіретін. Мысалы, жас маман зауытқа немесе комбинатқа жұмысқа кірсе, оған «мынау осылай істеледі, бұл былай жүргізіледі» деп барлығын үйрететін. Осылайша жас маман қиналмай бейімделіп, жұмысқа тез кірісіп кететін. Себебі оның жанында бағыт-бағдар беретін, көмектесетін тәлімгері болады.

Осындай жүйені қазіргі кезде де қайта енгізу қажет деп ойлаймын. Мәселен, мектептерде жас мұғалімдерге тәжірибелі педагогтарды ментор ретінде бекіту өте тиімді болар еді. Себебі 25–30 жылдық тәжірибесі бар маманнан жас қызметкер көп нәрсе үйренеді, тез дамиды, кәсіби тұрғыда жетіледі.

Бұл жүйені заң түрінде болмаса да, арнайы бағдарлама ретінде қарастыру қажет деп санаймын. Себебі кез келген мәселе ғылыми негізде шешілуі тиіс. Бізде неліктен кей мамандықтар бойынша кадр жетіспейді? Бұл тапшылық қалай пайда болды және оны алдағы уақытта қалай шешеміз? Осы сұрақтарға нақты жауап іздеу керек. Балансты түрде зерттеп, терең талдау жүргізу қажет.

Қазірдің өзінде жұмыссыздық мәселесіне қатысты әлеуметтік ғылымдарда ғылыми жұмыстар, магистрлік және докторлық диссертациялар жазылып жатыр. Сондықтан бұл мәселелерді ғылыми тұрғыдан қарап, ғалымдарды осы процеске тартуымыз қажет.

Сонда ғана біз нақты не қажет екенін, қай мамандықтарды дамытуымыз керек екенін түсінеміз. Жай ғана формалды түрде емес, терең зерттеу жүргізіп, нақты ұсыныстар жасауымыз керек.

– Түсінікті. Әңгімеңізге көп рақмет!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -