Қазақстанда бюджет қаражаты есебінен берілетін дәрілердің халыққа қолжетімділігі мәселесі тағы да қызу талқылануда. Бұл жаңа тақырып емес: қазақстандықтар қажетті препараттарға рецепт алу проблемалары жайлы инстанциялар мен БАҚ-қа үнемі шағымданады.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекованың сұрауы ағымдағы жылдың сәуір айында ақпараттық желеу болды. Сенатор үкіметке жазған хатында «Денсаулық сақтау министрлігі қабылдап жатқан барлық шараларға қарамастан, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде іркілістерді болдырмау мүмкін емес» деп жазады. Барлық кезең бойынша жұмыста олқылықтар бар: ауруханалар қажетті көлемде сатып алуға өтінімдерді уақытында бере алмайды, тендер жүйесінің өзі уақытында жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
«Күнтізбелік жылдың басында және соңында барлық өңірлерде амбулаториялық және стационарлық деңгейде дәрі-дәрмек тапшылығының көпжылдық проблемасын ескере отырып, біз Денсаулық сақтау министрлігінде де, «СК-Фармация» ЖШС-да да, сол сияқты жергілікті жерлерде медициналық ұйымдар деңгейінде де жүйелі проблема бар екенін түсінеміз», — дейді депутат.
Бірыңғай дистрибьютор — «СК-Фармация» ЖШС — айтылған біршама кедергілер мен тәуекелдердің бар екенін мойындайды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есебінде мамандар компаниядағы бизнес-процестерді автоматтандырудың әлсіз деңгейі туралы хабарлайды. Проблемалардың қатарында денсаулық сақтау жүйесін жеткіліксіз қаржыландыру, логистикалық қызметтердің бағасының өсуі, бірыңғай жоспарлау әдіснамасының жоқтығы атап өтілген.
Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютордың фармацевтикалық құралдар мен препараттарды сатып алуын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы бюджеттен және Міндетті медициналық сақтандыру қорынан (ММСҚ) бөлінген қаражат көлемі соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткішке жетті: 479,9 млрд теңге. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9,8%-ға және бес жыл бұрынғыдан 2,4 есе көп.
Сәйкессіздік парадоксы, ең алдымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ММСҚ сатып алуды көбейтіп жатқанымен, жеткізу жүйесінің соншалықты әлсіз әрі тұрақсыз болуына байланысты, нәтиже пациенттердің үмітін ақтамайды. Дәлірек айтсақ, депутат жазғандай, «нәтиже жоқ, өйткені дәрі-дәрмек жоқ». Көбінесе мұндай шағымдар тендер өтіп, препараттар әкелінгенше күте алмайтын науқастардан түседі. Бұл жерде әңгіме диабетпен, эпилепсиямен, қатерлі ісікпен ауыратын науқастар жайлы болып отыр.
«СК-Фармация» ЖШС есептеріндегі деректерге сай, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана дистрибьютордың байланыс орталығында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша 33,4 мың шағым мен өтініш тіркелген — бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,7%-ға көп. Көбінесе қант диабетімен (бір жылда плюс 43,4%), гипертензиямен (плюс 15,8%), эпилепсиямен (2 есе көп) ауыратын науқастар шағымданған.
Объективті болу үшін сандарды салыстырайық. Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 380 мыңнан астам адам бар, ал дәл осындай науқастардан түскен шағымдардың саны 8 мыңды құрады. Бір қарағанда, үлес аз сияқты, бар болғаны 2%, бірақ абсолютті мәнде өмірлік маңызды инсулинді уақытында ала алмаған немесе басқа дәрі-дәрмекті алуда қиындықтарға тап болған қазақстандықтардың саны өте үлкен.
Денсаулық сақтау саласына арналған деректердің, технологиялардың және сервистердің халықаралық провайдері Proxima Research Қазақстан бойынша аналитикалық есебінде ҚР-дағы фармацевтикалық нарық өткен жылы ақшалай 17%-дан астамға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жеткенін жазады. Сатылған дәрі-дәрмек көлемінің заттай өсуі елеусіз болды: небәрі 1,5%-ға артқан. Бұл көрсеткіштер арасындағы корреляцияның болмауы медикаменттер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қымбаттауын білдіруі мүмкін.
Дәрі-дәрмекті мемлекет пен ММСҚ есебінен сатып алу фармацевтикалық нарықтың құндық көлемінде 43,8% үлесті алып, 519 млрд теңгеге жетті. Бұл деректер «СК-Фармация» ЖШС-ның 2024 жылғы көрсеткіштерімен сәйкес келмейді, сондықтан біз оларды тек анықтама үшін келтіреміз.
Бюджеттік сегмент ішінде сату жөніндегі ақпарат заттай дәрі-дәрмектер көлемінің азайғанын көрсетеді. Егер 2023 жылы стационарлар мен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін 120 млн қаптама фармацевтикалық препарат сатып алынған болса, өткен жылы небәрі 106 млн қаптама (минус 11,7%) сатып алынған. Бұл ретте бюджет пен ММСҚ есебінен медициналық бұйымдар мен препараттарға жұмсалған шығынның жалпы сомасы 18%-ға өскен.
Соңғы сөз. Өз сауалында ҚР Парламенті Сенатының депутаты пациенттердің жекелеген санаттары үшін, әдетте, сирек кездесетін аурулармен ауыратын емделушілер үшін қымбат тұратын дәрі-дәрмектерді төлеуге мемлекеттің дайындық шегін енгізу жоспарларына назар аударды. Бұл бюджеттің тек орфандық ауруларға шалдыққан науқастар үшін қымбат дәрі-дәрмек сатып алуға кететін шығынның бір бөлігін ғана төлеуге дайын екенін, ал қалған шығынды, жоспар бойынша, қайырымдылық қорлары өтейді дегенді білдіреді. Ұсыныс сирек кездесетін ауруларға шалдыққан адамдарға арналған дәрі-дәрмектерге көп таралған аурулармен ауыратын науқастарға қарағанда бірнеше есе көп ақша қажет болатынымен дәлелденген.
Мысалы, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мукополисахаридозбен ауыратын 75 қазақстандық үшін дәрі-дәрмек сатып алуға 4 млрд теңге, яғни бір адамға 53,4 млн теңгеден жұмсалған. Қазақстанда жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын науқастардың саны 388,6 мың адамды құрайды, олардың әрқайсысының емделуіне 6,3 мың теңге кетеді. Елімізде артериялық гипертензиясы бар, тегін дәрі-дәрмекті қажет ететін қазақстандықтардың саны 1 миллионға жуық, олардың әрқайсысының емі 7,5 мың теңгеге бағаланады. Дәл осы санаттағы емделушілерден дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты шағымдар жиі түседі.
Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім БАҚ-та ресми түрде жарияланған жоқ, дегенмен орфанды ауруларға шалдыққан науқастарды емдеуді «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қаражаты есебінен қаржыландыру қазірдің өзінде басталып жатыр.