2387
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыстың аяқталғанына да 80 жыл толып отыр. Бірақ, Ұлы Жеңіс күні сияқты, соғыс та талай жанның жанына жазылмастай жара салды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен 1,2 миллионнан астам жауынгер аттанды. Олардың жартысынан көбі майданнан оралмады.

Мыңдаған қазақ жауынгерінің арасында өшпес ерлік жасағанымен, атақ-даңққа ілікпегендері де бар. Отаны үшін жанын пида еткен батырлардың есімдері ұрпақтың жадынан ешқашан өшпеуге тиіс.

Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде майдан даласында 4 жыл бойы фашистермен соғысқан, ерлігі елеусіз қалмаған ардагердің немересі қызмет етеді. Ол – кіші сержант Шыныбеков Алихан Қайратұлы.

Халқымызда қарты бар үйдің қазынасы бар деп білген, ал атаның бала тәрбиесіне берер үлесі ұшан - теңіз. Өмірдің өнегелі жақтарын көңілге тоқыған, қиын-қыстау сынақтардан сүрінбей өткен ардагер  әкесі -  Жетес ақсақалдың тәрбиесіне ата-анасы 1 жастан енді асқан кішкентай ғана бала Алиханды  береді. Ер жетіп есейгенше, атасының қасынан қалмаған Алиханның Отан қорғаушы болуына да бірден бір себеп болады.

«Атамның еліміздің бейбіт өмірі үшін соғыста қосқан үлесін, оның адамдық қасиетін, батырлығын мақтанып айтып жүру мен үшін үлкен абырой»,- деген кіші сержант Шыныбеков Алихан атасының өмір жолынан естеліктермен бөлісті.

1922 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген Жетес Шнарбаев сол өңірдегі мектеп-интернатта білім алады. Мектептегі білімін аяқтаған соң, Ресейдің Томск қаласындағы артиллериялық училищесіне әскери оқуға түседі. Алайда Ұлы Отан соғыс басталған соң, оқуын аяқтамай майдан даласына аттанады. Соғыста жүріп көптеген қалаларды азат етуге қатысқан. Өзі құралайды көзге атқан мерген болған екен. Соғыстың соңғы жылында майданда қатты жараланып, әскери госпитальға түседі. Майдан даласынан еліне оралған соң, отбасымен Қазалыдан Шымкент қаласына көшіп келеді. Ташкент қаласында теміржол техникумін сырттай аяқтап, теміржол саласында зейнеткерлікке дейін қызмет атқарады. Қарапайым жұмысшыдан бастаған қызметі ерен еңбегінің арқасында ревизор қызметіне дейін көтеріледі. Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесін басқарып, жастармен жиі кездесулер өткізіп, майдан даласындағы батырлардың ерлігі, Ұлы Жеңіс туралы әңгімелерімен бөлісіп жүрді.

Соғыс даласындағы өзінің ерлік оқиғасы туралы көп адамға ашылып айта бермеді. Шнарбаевтар отбасының мұрағатында оның ең құнды жәдігері ретінде жауынгердің Еуропаның бірқатар қалаларын жаудан азат етуге қатысқаны үшін Жоғарғы Бас қолбасшы, Кеңес Одағының Маршалы Сталиннің алғыс хаты сақталған. Ардагердің марапат парағында майдан жолындағы қызметі туралы көптеген мәліметтер жазылған екен. Сол кезде Жетес Шнарбаев Бірінші Беларусь майданының 9-шы гвардиялық кавалериялық Сидльце полкінің бірінші эскадрильясында мерген болып қызмет етіпті. «1945 жылы 2 ақпанда Польша жеріндегі ұрыста ол жау шабуылы кезінде өз өмірін аямай, жолдастарын шабуылға шығарып, жеке қаруымен алты неміс солдатын өлтірді. Осы шайқаста ол ауыр жараланды, бірақ шабуыл тоқтағанша ұрыс даласынан кетпеді» делінген жазба бар.

Ол сол есте қаларлық шайқасы үшін тіпті марапатқа да ұсынылғанын айтты. Бірақ содан кейін жауынгер ауыр жараланып, госпитальға түсіп, ұзақ уақыт емделеді. Көп ұзамай Жеңіс те келді. Осылайша мыңдаған батырлардың ерлігіндей оның ерлігі де белгісіз болып қала берді деп сенді.

Алихан ардагер атасының соғыс даласындағы ерлігі үшін берілген марапатын кейіннен Алматы қаласында оқитын ағасы Шыңғыстың іздеп тапқанын айтты. Ол «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігі» электронды деректер базасынан атасының аты-жөнін – Жетес Шнарбаевты табады. Оның есімі 3-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған жауынгерлер тізімінде жазылған екен. Бұл мәліметті растау үшін майдангердің отбасы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына сұрау жібереді, ол жақтағылар бұл мәліметті растайды. Өкінішке орай, ұрпағы бұл қуанышты жаңалықты тапқанда, майдангер – батыр өмірден озған еді. Жұбайы  - Күлжан әжеймен жарты ғасыр өмір сүріп, бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді, Ал, немерелері батыр аталарының рухын ардақтап, мақтан тұтады.

Марапат - батырды тапты. Бұл ерен ерліктің ешқашан елеусіз қалмайтындығының тағы бір дәлелі!

6698 әскери бөлімі капитан Шынжігітова Малика

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -