Бүгін Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағасына тал егілді.
Осылайша, Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ ауқымды әрі бірегей орман климаттық жағдайды жақсартуға бағытталған жоба іске қосылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жоба аясында ондаған жыл ішінде 3,5 млн ағаш отырғызу жоспарланған, ол елдің жаңа экономикалық және климаттық ресурсына айналады. 1500 гектар жер аумағында жасыл орман екпелері, фермерлік учаскелер мен экотуризм объектілері пайда болады.
Әр гектар жыл сайын шамамен 26 тонна CO₂ сіңіріп, 30 жылдан кейін 1,2 миллион тонна шығарындыларға айналады. Сарапшылардың пайымдауынша, көрсеткіш 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге, климат жөніндегі Париж келісімін және «Таза Қазақстан» республикалық акциясын орындауға елеулі үлесін тигізеді.
Қазақстандық SAFC компаниясы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және Халықаралық SEFE Marketing & Trading-пен серіктестікте іске асырылатын жоба жай ғана дәстүрлі экоакция емес. Аталмыш бастама ел үшін экономикалық пайданы да анықтайды. Жоба егіншілік пен экотуризмге жаңа мүмкіндіктер ашып, жұмыс орындарын құруға атсалысады, сондай-ақ экологиялық тұрақты бастамаларға инвестициялар тартады.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов атап өткендей, бұл жоба өндірістің тазалығын ғана емес, сонымен қатар бизнес тазалығының жоғары стандарттарын бейнелейтін жарқын үлгі болып табылады.
«Бүгінгі іс-шара - бизнес пен ғылымның жұмысын өзара тандемде жүзеге асыру. Бұл жоба орманды қалпына келтіруге салынған инвестиция рентабельділігін көрсете отырып, кәсіпкерлікке жол ашады. Сонымен қатар, біз Қазақстанға жеке инвесторлар үшін жаңа перспективалар аша отырып, барлық халықаралық стандарттар бойынша көміртегі бірліктерін сату тәжірибесін енгіземіз. Мұндай мысал инвестициялық климатты жақсартудың катализаторы болады әрі экожобалардың да пайдалы болуы мүмкін екенін көрсетеді» Райымбек Баталов
Жобаны іске асыру барысында өндірілетін көміртегі бірліктері батыс компанияларына сатылып, ел экономикасына айтарлықтай қаржылық түсім әкеледі.
SAFC бас директоры әрі негізін қалаушы Юрий Ким жоба болашақта қазақстандық бизнес-сектор үшін тартымды бірнеше негізгі салалық тауашаларды қамтитынын жеткізді. Олар ауыл шаруашылығын дамытуға және жергілікті экономиканы жақсартуға ықпал етеді. Олардың ішінде мал шаруашылығын дамыту, дәнді-дақылдарды өсіруге және экотуризмге бағытталған жеміс-көкөніс бағытын айта кетсек болады.
Бұл ретте барлық өндірістік процестер су үнемдеу және энергия үнемдеу технологияларын қолдана отырып, органикалық егіншілікке бағдарланады.
Аталмыш шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев та қатысып, бұл көміртекті несиелерді дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бастамасы ғана екенін атап өтті.
«Халықаралық ұйымдар, шетелдік компаниялар және жергілікті ғылыми қызметкерлермен қойылған жұмыстың арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылады» Марат Сұлтанғазиев
Қазірдің өзінде аумақты игеру, инфрақұрылым құру және жеке инвесторларды тарту бойынша қадамдық жоспар әзірленді. Жоба тек Алматы облысымен ғана шектелмей, басқа да өңірлерді қамтуға және бүкіл ел бойынша экологиялық тұрақты жобаларға қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, бастаманы іске қосу туралы Меморандумға Мемлекет басшысының қатысуымен Дубайда өткен COP28 Климаттық саммитінде қол қойылған. Ал 2024 жылдың күзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Париж келісімі аясында елдің міндеттемелерін орындау жөніндегі бастамаларды іске асыруға кірісіп, парниктік газдар шығарындыларын сіңіруді сатып алу туралы Emission Removal Purchase Agreement (ERPA) келісіміне ресми қол қойылғаннан кейін халықаралық тәжірибеге сәйкес келтірудің маңыздылығын жеткізді.
Жыл басында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге осындай тәжірибелерді белсенді енгізуді тапсыра отырып, экологиялық жобалар тек жасыл болашаққа қосқан үлес қана емес, сонымен қатар, өңірлерді дамыту мен бизнестің тиімді құралы екенін айтқан болатын.