Астанада 3656, 6636, 5573 әскери бөлімдерінің психологтарымен үш күндік оқу-әдістемелік жиын өтті. Сонымен қатар, жиынға Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі және ҚР Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері де қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жалпы саны 20-дан астам адам қамтылды.
Жиынның басты мақсаты – жеке құрамның тәрбиесіне, оның моральдық-психологиялық жай-күйін нығайтуға, ұжымдағы салауатты ахуалды сақтауға арналған және әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлерінің кез келген жағдайда тапсырмаларды орындауға психологиялық тұрғыдан дайын болуына ықпал ететін бірыңғай көзқарас қалыптастыру.
Сондай-ақ, психологиялық жұмысты ұйымдастыру және жүргізу ісінде кәсіби шеберлікті арттыру, жеке құрам арасында жағымсыз құбылыстарды болжау, анықтау және алдын алу, шұғыл әрекет ету мен психологиялық көмек көрсету дағдыларын жетілдіру де маңызды орын алды.
Шақырылған қонақтардың арасында Орталық Азия аймағының когнитивті-мінез-құлықтық терапия қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің президенті Жаннат Нұркина болды. Жаннат Кенжебаевна «Когнитивті-мінез-құлықтық терапияға кіріспе» тақырыбында дәріс өткізіп, жиынды басқарды.
Сондай-ақ, лекция оқыған мамандар қатарында психология ғылымдарының PhD докторы, психиатр-дәрігер, психотерапевт, Орталық Азия аймағының когнитивті-мінез-құлықтық терапия қауымдастығының мүшесі Ләйлә Өтениязова болды. Ол «Алаңдаушылық бұзылыстары мен бейімделу қиындықтары» тақырыбында баяндама жасады. Ал Астана қаласы әкімдігіне қарасты Қалалық психикалық денсаулық орталығының суицидолог-психиатры Лаура Жексембаева «Әскери қызметшілер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында сөз сөйледі.
«Төтенше жағдайлар аймағында жедел психологиялық көмек көрсету бойынша практикалық элементтері бар тренинг» тақырыбымен ТЖМ қызметкерлері Дария Ақитова мен Динара Жақыпбекова дәріс оқыды. «ҚР арнайы операциялар күштері әскери қызметшілерінің психологиялық дайындығы» тақырыбында Қорғаныс министрлігіне қарасты Арнайы мақсаттағы бригаданың психологы Санжар Әлжанов баяндама жасады. Ал «Көмек көрсететін мамандық иелерінің ресурстық күйі мен эмоционалдық күйіп кетудің алдын алу» тақырыбын «Soul Clinic» менталдық денсаулық клиникасының жетекшісі, психология және педагогика магистрі (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің PhD докторанты), гештальт-терапевт, Қазақстан психологтар одағының мүшесі, екінші деңгейлі ICF коучы Нұрсұлтан Баязитов талдап берді.
– Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының психологтарымен бірге өзара ынтымақтастықтағы күштік құрылымдар мамандарының қатысуымен өткен үш күндік практикалық дайындық жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жиын тәжірибе алмасу мен күштік құрылымдардағы психологиялық қамтамасыз ету жұмыстарына қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік берді, – деді ҚР ҰҰ Бас қолбасшылығының психологиялық жұмыс қызметінің бастығы майор Азамат Макин.
Дайындық бағдарламасына теориялық блоктар, тәжірибелік жаттығулар, кейстерді талдау және жағдайға байланысты модельдеу жұмыстары енді. Әсіресе суицидтің алдын алу, дағдарыстық кеңес беру, психологиялық диагностика әдістері және жеке құрамның күйзеліске төзімділігін дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.
Жиынға қатысушылар жоғары белсенділік пен кәсіби қызығушылық танытты. Әр ведомстводан келген мамандардың бірлескен жұмысы психологиялық қатерлерге әрекет етудің бірыңғай қағидаттарын қалыптастыруға және әскери қызметшілерге психологиялық қолдау көрсету саласындағы ведомствоаралық өзара әрекеттестікті нығайтуға сеп болды.