Халқымыздың ардақты перзенті, ұлы жазушы Шерхан Мұртазаның «Түркібасы тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деген ұлағатқа айналған сөзі бар. Таңғажайып тұмса табиғатымен ерекшеленетін өңірімізде елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері дүниеге келіп, еліміздің дамуына елеулі үлестерін қосып келеді. Алдыңғы буынның ізін жалғап келе жатқан азаматтың бірі, жерлесіміз, белгілі журналист, медиа-менеджер Жандар Асан «Медиа және коммуникация» мамандығы бойынша Ph.D дәрежесін алып, ғылыми дәрежеге ие болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жандар Тұрарұлы бүгінде елордада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде еңбек етуде.
Ол 1990 жылғы 12 мамырда Шұқырбұлақ ауылында дүниеге келген. Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте, «Түркібасы» дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде білім алған. 2011 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриатын, 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасын үздік бағамен бітірген. Түркияның және Польшаның жетекші жоғары оқу орындарында біліктілігін жетілдіріп, ғылыми тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын 2010 жылы баспа корпорациясының бас редакторлығынан бастаған. Әр жылдары «КТК», «Хабар 24» республикалық телеарналарында тілші, шеф-редактор, редактор, продюсер қызметтерін атқарған.
2014-2017 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің баспасөз қызметінің басшысы, Ректор аппаратының басшысы, Ақпараттық-имидждік орталығының басшысы, 2017-2022 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Маркетинг және коммуникация департаментінің директоры ретінде еңбек еткен.
2022-2024 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі, Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы м.а., Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Ректорының кеңесшісі – Медиа орталығының басшысы қызметтерін атқарған.
Жандар Асанның авторлығымен 500-ден астам ғылыми және публицистикалық мақала жарияланған. Ол «Ұлағат ұясы» биографиялық энциклопедиясының, «Аңызға айналған Айгүл» кітабының авторы.
Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған.
«Сіз кез келген салада қызмет атқарып, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында Отаныңыздың абыройын асыра аласыз. Жалаң ұранмен емес, шынайы отансүйгіштікпен еліне, халқына қызмет ету – көзіқарақты жанның адами борышы, ұлт алдындағы парызы деп пайымдаймын. Елінің дамуына өзіндік үлесін қосып жатқанын сезіне білу азаматты бақытқа бастаса керек. Осы ретте кез келген адамның жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен астасса ғана шынайы патриотизм қалыптасатынын астын сызып атап өткім келеді» Жандар Асан