Майдангерлерге - мың тағзым

2090
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

​Адамзат тарихында Ұлы Отан Cоғысы деген атауымен қалған 1941-1945 жылдары болған алапат қырғынның аяқталғанына биыл 80 жыл толады. Өз елін қорғап, құрбан болған және соғыс атты аждаһаның аузынан аман қайтқан аға ұрпақтың теңдессіз ерлігі, отаншылдық нәріне суарылған биік парасаты, асқақ адами болмысы бізге мәңгі өнеге, өмірлік мектеп, ізгілік пен адамгершіліктің үлгісі болып қала береді.

Өкінішке орай, майдангер аталарымыздың қатары жылдан жылға сиреп, қырғын соғысқа қатысқандардың саны саусақпен санарлықтай болып қалды.  Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша сәурдің басында елімізде 111 соғыс ардагері қалған екен. Олардың алды ғасырлық жастан асып, кейінгілері тоқсан жастың белінен басып отыр.

Бүгінгі мақаланың өзегіне Ұлы Жеңістің 80 жылдығына жете алмай бақилық болып кеткен, өзім көзін көріп, жас кезімде бір дастарқаннан ас ішкен майдангер құдаларым туралы естелігім арқау болды.

Құда болу деген халқымыздың әдет-ғұрпында ерекше орны бар дәстүр. Қазақ құдасын қашанда болсын құдайдай сыйлаған. Құдандалы ағайынның өздерінің көзі кетсе де құдалығы одан әрі ұрпағы арқылы жалғасын тауып жатады. Сондықтан құда мың жылдық болсын деп бекер айтпаған.

1980 жылы үлкен апам Үмітжан тұрмысқа шығып, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы, Жаңажол ауылына бас құда болып бардым. Менің жасым сол кезде 17-18-дің шамасы болса да әкем Әбілмәжін жастарды бастап бар деп, үйлену тойына жіберді. Бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша қызына құда түспей, болашақ күйеу бала алып қашса жастардың тойына қыздың әке-шешесі бармайтын.

Сөйтіп, марқұм жездеміз Ермектің әкесі Нұрғали атамен және құдағиымыз Күліш апаны бірінші рет көріп таныстым. Нұрғали ата ол кезде алпыстың асқарына шыққан, соғысты басынан өткерген майдангер екен. Содан бері мені өз баласындай жақсы көріп кетті. Тіпті әскер қатарына кетерде де, Отандық борышымды өтеп келгенде де шаңырағына соғып, сәлем беруге бірінші ат басын бұрғаным бар. Сонда мені атамыз құрақтай ұшып күтіп алып, бір күн болған соң өз ауылыма жолға шығам дегенде: «Мен құдамның баласын өзім алып барамын!», -  деп жолға бірге шыққан еді.

Махметов Нұрғали Махметұлы 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың 17 шілдесінде Октябрь әскери комиссариатымен Қызыл Армия қатарына шақырылып, соғысқа аттанады. Ленинград майданында 314 атқыштар дивизиясының 1078 атқыштар полкінің құрамында майданда болады.

1943 жылы неміс басқыншыларымен кескілескен шайқас кезінде көзінен қатты жарақаттанып, контузия алады. Ауыр жарақат алған жауынгер Челябі қаласында госпитальда емделеді. Сол жылы 1 топтағы мүгедек ретінде елге оралады. Одан кейін майдангер Қызылжар қаласындағы Молотов атындағы әскери қару-жарақ зауытында жұмыс істеп, соңында Уфа қаласына жіберіледі. Бірақ, денсаулығының жарамауына байланысты 1 топтағы мүгедек ретінде біржола туған жеріне оралады.

Елге келген соң Нұрғали ата қол қусырып отырмайды. Аудандағы Марьевка кентіндегі малдәрігерлік курсын бітіріп, мал бордақылау совхозында ветеринар болып жұмыс істейді. Майдандағы көрсеткен ерлігі үшін бірнеше медальдармен және I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Нұрғали атаның әкесі Махмет пен анасы Ақбілектің отбасынан Омар, Серғали және Нұрғали есімді ұлдары соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанған екен. Одан кейін үйдің кенжесі Мұқажан аттанады. Сол кеткеннен белгісіз болып кеткен Мұқажанның мүрдесі 72 жылдан соң 2010 жылы Ресей Федерациясының Ленинград облысы, Лодейнополь ауданының Новая Сегежа елді мекенінің жанынан табылды.

Бір жылдан соң, 2013 жылы атамыздың үлкен баласы Балуан Нұрғалиұлымен бірге арнайы шақырту қағазын алып, Ресейге бардық. Онда біз Махметов Мұқажанның сүйегін Старая Слобода елді мекенінің жанындағы бауырлас зиратына қайта жерлеу рәсіміне қатыстық. 72 жыл белгісіз болып келген Мұқажан атаға арнап жергілікті әкімшілктің атынан граниттен тақта орнатылды, туған жерінен ала барған бір уыс топырақты қабіріне салдық. Сөйтіп, майдангердің басына алғашқы рет құран бағыштау  бізге бұйырды..
Ұлы Отан соғысынан төрт ағайындының ішінен тек Нұрғали ата ғана елге оралған. Қалғандары майдан даласында ерлікпен қаза тапты.  

Нұрғали Махметов елге оралған соң Күліш апаға үйленіп бес бала тәрбиелеп өсірді. Үлкені Балуан көп жылдар бойы сот саласында қызмет етіп, зейнетке шықты, қазір Астанада тұрады. Үлкен қызы Сәруар отбасымен Қарағанды қаласында, екінші қызы Сартай мен жолдасы Аманкелді балаларының қолында елордада тұрады. Қайрат және Ермек есімді ұлдары дүнеден ерте озды. Осы шаңырақтың келіні, біздің апамыз Үмітжан, баласы Ержан мен келіні Маржанның қолында, төрт немере сүйіп отыр. Ермек жездеміз тұңғыш немересінің атын да Мұқажан деп, соғыстан оралмаған атасының атымен қойып еді. Сол жиеніміз қазір Еуразия ұлттық университетінің спорт факультетін бітіріп, жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Республикалық және халықаралық каратэ мен дзюдодан жарыстардың жүлдегері. Қыздары Жәзира мен Нәзира да тұрмыс-
та, үйлі-баранды болды.

Екінші біздің майдангер құдамыз – Дүйсенов Дәуренбек Сәрсенбайұлы 1925 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы (бұрынғы Ленин ауданы) Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1943 жылдың 29 қаңтарында белі бекімей жатып Кеңес Армиясы қатарына алынады. Толарсақтан қан, тілерсектен саз кешкен кешегі Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін бірнеше орден медальдармен марапатталады. Соғыста 742-ші атқыштар полкі, 6-шы атқыштар бригадасының 346 жеке пулеметшілер мен артиллерия батальонында автоматшылардың болып қызмет атқарған. 1945-1948 жылдары Суворов және Кутузов атындағы 44-ші Полоцск Қызыл тулы мотоатқыштар бөлімінде минометчик болады. Соғыстан соң көп жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының Горный елді мекеніндегі ЕС-164/4 түзеу мекемесінде қызмет істейді. 3 дәрежелі «Даңқ» орденімен,  2 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 1941-1945 ж.ж. ҰОС Германияны жеңгені үшін» медалімен,   «Кенигсбергті алғаны үшін» медалімен марапатталған. Аудандық маслихаттың депутаттығына да сайланған, еңбек ардагері болған.

Дәуренбек атамен де құдандалы болғанда таныстық. Менімен тетелес өскен қарындасым Майра осы үйге келін болып түсіп, артынан қуып барғанда Дәуренбек ақсақал мен Кәмен құдағи қарсы алған болатын. Ерлі-зайыпты Дүйсеновтер отбасында 6 бала, оның ішінде екі ұл мен төрт қыз жетілді. Біз ауыл іргесі жақын болғандықтан аралас-құралас болып кеттік. Майдангердің жары Кәмен апаның айтуынша ақсақалдың есімін туғанда азан шақырып атақты әнші Үкілі Ыбырайдың өзі қойыпты. Кезінде әкесі Сәрсенбай мен Үкілі Ыбырай айнымас дос болған көрінеді.

Дәуренбек ақсақал өте қарапайым, жинақы, таза, аузынан сөз ала алмайтын азамат еді. Есімде қалғаны, қашан барсаң да жасына қарамай елпеңдеп, «құдам келіп қалды», - деп күтіп жататын. Сөзге сараң Дәкең құданың аузынан соғыс туралы әңгіме естіген емеспін. Ол туралы көп айта бермейтін. Алайда Дәуренбек ақсақал нағыз батыр болып шықты. Ұмытпасам өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болуы керек, майдангердің соғыс кезіндегі ерлігі үшін  марапаттаған наградасы табылып, бүкіл ел болып тойлаған еді. Сол кезде аудандық  әскери комиссариатың бастығы III дәрежелі «Даңқ» орденін арнайы келіп тапсырған болатын. Сөйтіп награда иесіне көп жылдардан кейін тапсырылды.

Жуырда, құдамыз туралы жаңа деректі «Память народа 1941-1945» сайтынан таптым. Қатардағы жауынгер соғыс кезінде 3 Белорусь майданының 152 бекініс ауданы 346 жеке пулеметшілер артиллериялық батальонында пулеметші болған. Ол соғыстың соңғы жылының ақпанында көзсіз ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне де ұсынылғанын анықтадым. Батальон командирінің наградтау парағында былай деп жазылған: «При прорыве обороны немцев в районе п. Мильзан 17-18.2.1945 года из своего пулемета уничтожил пулеметную точку противника, 4-х солдат противника и двух вражеских снайперов. Чем дал возможность продвижения своему взводу на выгодные позиции. Рядовой Дюсенов достоин правительственной награды ордена «Красная звезда». Өкінішке орай, бұл награда иесін тапқан жоқ.

Батыр ақсақал Дәуренбек Дүйсенов кіші ұлы Марат пен келіні Майрадан туған Әсет пен Рахат есімді немерелерін көріп кетті. Ата жолын қуған немерелері ҚР Ұлттық ұланының қатарында қызмет етті. Лейтенант Рахат Дауренбеков майдангер атасының жолын әлі де жалғастыруда.

Дәуренбек ата 1998 жылы 73 жасында дүниеден озды.   Кәмен апа болса Рахат немересінен туған Әли есімді шөпшегінің қолынан май жалап, 2023 жылы 96 жасында мәңгілік мекеніне аттанды.

Үшінші құдамыз майдангер Тасмағамбетов Сәтбек атамен де құдандалы болғанда танысып едік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. 1992 жылдың қазан айында Торғай облысы, Жанкелді ауданы Ақкөл ауылынан жеделхат алдық. Мен ол кезде отбасылы, совхозда қызмет етіп жүргенмін. Әлгі тілдей қағаздың бетінде: «Тойға шақырамыз, той иелері Сәтбек-Сәпия», - деп жазылыпты.  Күні мен айы да көрсетілген екен. Кімнің тойы дейсіз ғой? Қарындасым Толқын мен болашақ күеу баламыз Эмлістің тойына шақырыпты. Бұл жеделхат басымызға жәй түскендей болды. Ақмолада оқып жүрген Толқынның қалай ол жаққа барғанын түсінбей қалдық. Не керек, үйдің үлкені мен тағы да қарындасымды іздеп, жолға шықтым, жанымда жұбайым Мағрипа бар.

Совхозда егін алу науқаны енді аяқталып, жүргізуші атаулының бәрі кәсіби мерекелерін тойлап жатқан. Директорға кіріп, жаңадан келген «ЗИЛ» көлігін жаздырып алдым. Қазан айының аяғы болатын, алғашқы қар да түсіп үлгерген. Мың шақырымдай жерді артқа тастап, әлгі жеделхатта көрсетілген ауылға түн ортасында жеттік. Ауыл ішінен сұрастырып жүріп, құданың үйін тауып алдық. Бізді сонда Сәтбек құдамыз қарсы алды. Өйткені күйеу баламыз Эмліс тұңғыш немересі болған соң ата, әжесінің қолында тәрбиеленіпті.

Ол кісі де үлкен жасына қарамай құдайдай күтті. Жарықтық, өзі майдангер, ауданның құрметті азаматы екен. Екі-үш күн болғанымызда жанымыздан бір елі қалмады. Кәсіби балықшы екенін ауладағы балық аулайтын құралдар мен аулардан байқадық. Той өтіп, қоштасар сәтте маған: «Құда! Ау тоқитын бір бума кендір жіп беріп жіберші,  - деп өтінішін білдіргені бар. Артынша бақилық болып кетті. Көзі көргендердің айтуынша Сәтбек ата аштық жылдарында ауыл тұрғындарына көп көмек көрсетіп, аулаған балығымен бөлісіп, аман алып қалған дейді. Қармағына алабұға түсіріп, балықтың еті мен сорпасына бір әулетті асыраған.  

Сәтбек Тасмағамбетов алаштың қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы, 1916 жылы бұрынғы Торғай облысы, Жанкелдин ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Кезінде жазушы Сырбай Мәуленов пен жолдас болған.

Ұлы Отан соғысында 520 атқыштар полкінің құрамында Украина майданында болған. Соғыстан екінші топтағы мүгедек болып қайтқан. Жанкелдин ауданының құрметті азаматы. «Отан соғысы» орденінің иегері және бірнеше медальдармен марапатталған. 1992 жылы 76 жасында дүние салды.

Жұбайы Сәпия Ахметқызы екеуі 9 бала көрген, артында қалған Өтеміс, Лиза, Серікбай, Досымбек, Лидия, Елшібек есімді балалары үйлі-баранды болып немере - шөбере көріп отыр, бәрі Астана қаласында тұрады. Ал, Сәтбектің бауырында өскен үлкен ұлы Өтеміс пен Ақыш Бейтілеу қызының (ол кісілер де марқұм болып кетті) тұла бойы тұңғыштары Эмліс пен қарындасым Толқын майдангер әулетін одан әрі жалғастыруда. Төрт ұл тәрбиелеп өсірді, алдыңғы ұлдарын үйлендіріп, келін түсіріп, екі немере сүйіп отыр.

Сәтбек ата көзі бар кезінде айтқанындай ол Украина майданында 167 дивизияның 520 атқыштар полкінің құрамында болған.

- Менің атам соғыс кезінде Днепр өзенінен жүзіп өтіп, қарсы беттегі жауды қалай қуып шыққандарын әңгімелеп отыратын, - дейді немересі Эмліс.

- Күздің қара суығында Днепрден өтіп, арғы жағадағы қаланы басып алған жау әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасау керектігі жөнінде бұйрық берілді.  Біз 15-20 адамнан қайыққа отырып, қарша бораған оқ, жарылған бомба мен снарядтың астымен өзеннен жүзіп өттік. Қаншама адам құрбан болғанына есеп жоқ. Адам толған қайықтарға бомба, снаряд тиіп, су түбіне кетіп жатты. Сол аласапыраннан аман қалғандарымыз шабуылға көштік. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді», - деген. Етің тірі болса бәріне де көнеді екенсің. Оқ пен оттың, өлімнің ортасында бір Жаратушыға ғана сыйындық. Сол соғыста аяғымнан оқ тиіп қатты жарақаттандым, - дейтін, жарықтық атам.  

Соғыс архивтеріндегі жазбаларда бұл оқиға былай айтылады.

1943 жылдың 28 қыркүйегінде 167 атқыштар дивизиясы Вишгород қаласының  аумағында Днепрді кесіп өтіп, қаланы жау басқыншыларынан босатады да уақытша плацдарм құрады. Алайда неміс басқыншыларының күші басым болғандықтан бекіністі көп уақыт ұстап тұруға мүмкіндік болмайды. Одан әрі дивизия солтүстік бағытқа ауыстырылып, жаудың үздіксіз бомбалауы мен снарядтың атқылауына қарамастан 8-9 қазанда Лютежский плацдармына өтеді.

Міне, менің майдангер құдаларым туралы естелігім осындай. Олар туралы жазып, еске алуымды өзімнің парызым деп санадым.  Жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын.

Запастағы полковник Қуаныш Қожахметов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -