Атадан немереге: абырой эстафетасы

3883
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлы Отан соғысының ардагері Айтқали Сұлтанұлына арналады

Біз – Жеңімпаздардың ұрпағымыз. Біз – соғыстың от-жалынан өтіп, ерлікпен еркіндік пен бейбітшілікті қорғап қалған жандардың мұрагеріміз. Олардың қайсар ерік-жігері, отансүйгіштігі мен жанқиярлығы – бүгінгі бейбіт заманның негізі, болашаққа жол сілтер шамшырағымыз. Олардың ерлігі – тарихта қанмен, көз жасымен жазылып қалды, ал олардың жеңістері – жүрегімізде, жадымызда, сақталары хақ.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында біз жеңімпаздар ұрпағы екенімізді бұрынғыдан да терең сезінеміз. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ақпараттық-баспа бөлімінің бастығы -  «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы Сұлтанов Ерболат Мерсаинұлы осындай қаһарманның ұрпағы екенін зор мақтанышпен айтады. Өкінішке қарай, ол ардақты атасын көзі тірісінде көрмеген – Айтқали Сұлтанұлы Ерболат дүниеге келмей екі жыл бұрын, 1975 жылы өмірден озған. Атасы жайлы бар білетіні – әкесі мен ағайын-туыстарының естеліктері. Сол әңгімелерде ол атасының батыл, адал, өр мінезді бейнесін көз алдына елестетеді. Атасы – шын мәнінде батыр, жүрегі кең, рухы биік тұлға.

Қаны – қорғаушы, рухы – батыр

Айтқали Сұлтанұлы хан ордасы болған қасиетті Орда ауылында дүниеге келген. Ол әр бала – қуаныш, ал әулет – бекем шаңырақ болған көпбалалы отбасында өскен. Айтқали, Ғұмар, Әжіғали, Жұмағұл атты төрт бауыр бала кезден еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс жасап, есейе келе елден ұзамай, туған жерде тұрақтады.

1942 жылы Айтқали мен інісі Әжіғали майданға аттанды. Сол сәтте әжеміз Күмісханым оларды үнсіз, бірақ үміт пен уайымға толы жүрекпен шығарып салды. Алдымен Айтқали командирлер курсын бітіріп, 1943 жылдың қаңтарынан бастап 116-атқыштар дивизиясының 441-полкінде ротаның саяси жетекшісі болып шайқасқа қатысады. Украина, Беларусь жерлерін азат етіп, Польша, Чехия, Германия арқылы Австрияға дейін жетеді. 1945 жылы Вена үшін болған ұрыстарға қатысқан. Соғыс жылдарында ол ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Венаны алғаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Ата жолымен

Ерболат бала күнінен-ақ Белгород үшін болған ұрыста атасының «тілді» құрыққа түсіргені жайлы естіген. Ол кезде барлаушылар тұтқынға рақымшылық танытып, өздеріне жетпесе де нанымен бөліскен. Соғыс Айтқалиды шыңдады, сабыр мен жауапкершілікке баулыды.

Ол 1945 жылы 20 тамызда туған ауылына аман-есен оралды. Ал інісі Әжіғали хабарсыз кетті. Жақындары жылдар бойы үмітін үзбеді, бірақ тағдырдың жазғаны осы. Айтқали елге батыр ретінде оралды. 1966 жылы бұрынғы майдан даласы – Германияға делегация құрамында қайта барды.

Ол ешқашан майдандағы ерлігімен мақтанған емес. Елмен бірге еңбек етіп, балаларын тәрбиелеп, ауылдастарына көмектесіп тұрды. Турашылдығы, ақыл-кеңесімен бөлісе білетін даналығы үшін жұрт оны құрметтеді. 1975 жылы ол мәңгілікке аттанғанда, соңғы сапарға шығарып салуға бүкіл ауыл жиналды. Жақындары мен әріптестері оны жақсы сөзбен еске алды.

Алматы халықаралық журналистика институтын бітірген соң Ерболат Сұлтанов әскер қатарына шақырылады. Атасы жайлы тыңдап өскен Ерболат уақыт өте келе бір нәрсеге толықтай көзі жетті: ол да әскерде тәрбиелік бағытта еңбек еткісі келеді. Осылайша, ол Ұлттық ұланның ТжӘҚЖ бөлімшесінде жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаушы болып, бір мезгілде «Қалқан» газетінде тілші ретінде жұмыс істейді. Ерболат өз сөзімен, өнегесімен, ісімен елге пайдалы бола алатынын білді. 2022 жылы ол Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының ақпараттық-баспа бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

– Атам майданнан хат жиі алатын. Үшбұрыш хаттар – дем секілді, өмірдің бір тынысы еді. Жақындары «сақ бол» деп жазатын, Жұмағұлдың өскенін айтып, жаңалықтарымен бөлісетін. Ешкім шағымданбады. Сол хаттар оған рух берді, – дейді полковник Сұлтанов.

Ол отбасылық альбомды әлі күнге көзінің қарашығындай сақтайды. Ағайын-туыстармен отырып, кейде суреттерді қайта парақтайды. Атасының қаталдық пен мейірім, көзінде – қайсарлық бар бейнесіне ұзақ үңіледі.

Айтқали Сұлтанұлы саналы ғұмырын еңбекпен өткізді. Сауда саласында ұзақ жылдар қызмет атқарды, зейнетке шыққаннан кейін де еңбек етуден жалықпады. Күмісханым әжемен бірге үш ұл тәрбиелеп өсірді: үлкені Мэлс – мектеп директоры, ортаншысы Мерлян – зоотехник, кенжесі Мерсаин – Ерболаттың әкесі, теміржолда байланысшы болып жұмыс істеген.

Айтқали Сұлтанұлы өмірден озса да, оның жарқын бейнесі туған-туыстарының жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Еңбекқорлығы мен өмірлік ұстанымы немерелеріне үлгі болып, ісін жалғастыруға жол ашты.

– Атаның жолын жалғастырғаныма мақтанамын, – дейді Ерболат Мерсаинұлы. – Егер соғыс болмағанда, тағдыры басқаша болар ма еді, кім білсін? Бірақ дәл сол майдан оның шын болмысын – абыройын, адалдығын, ерлігін көрсетті. Ол – біздің әулетіміздің тірегі. Қызымды осындай тағылымды тарихты құрметтеуге үйретемін. Өйткені бұл – Отанның негізі.

Отбасы – бастау бұлағы

Полковник Ерболат Сұлтанов 1977 жылдың 28 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданына қарасты Сайқын ауылында еңбекқор отбасында дүниеге келген. Әкесі Мерсаин – теміржолшы, анасы Жаңылғаным – мемлекеттік сақтандыру компаниясында бухгалтер болған. Ерболат пен қарындасы Анаргүл бір үйдің балалары.

Кішкентайынан Ерболат спортқа құштар болып өсті: волейбол, футбол, үстел теннисімен айналысты. Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы халықаралық журналистика институтында білім алды. Иранда тағылымдамадан өтті. Еңбек жолын корректор болып бастап, журналист болды, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметін басқарды. Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның ақпараттық-баспа бөлімін басқарады.

Оның кәсіби шеберлігі мен адалдығы көптеген марапаттармен атап өтілген. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Ішкі істер министрінің, Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. ҚР ІІМ «Үздік қызметі үшін» І дәрежелі төсбелгісі мен «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі бар.

Отбасы, естелік пен атасы бастаған іс – оның өмірінің мәні. Жары Фарида – бастауыш сынып мұғалімі, қызы Лунара – мектеп оқушысы. Полковник Сұлтанов  естелік барда – адамның мәңгі екеніне сенеді. Айтқали Сұлтанұлы суретте, әңгімеде, немересінің әрбір қадамында өмір сүруін жалғастырып келеді.

Аға лейтенант

Нұрдәулет МЕРГЕНБЕК

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -