М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасында ғылым және жоғары білім саласында байланыс нығайды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әуезов университетінің делегациясымен бірге АҚШ-тың Аризона университетінің (Arizona State University, ASU) Темпе және Феникс қалаларындағы кампустарында болды. Делегация құрамында университеттің Басқарма Төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Заки бастаған оқу орнының өкілдері бар, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аризона университетінің атқарушы вице-президенті, бас операциондық директоры, доктор Крис Ховардпен кездесуде екі жоғары оқу орны арасындағы стратегиялық әріптестік мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, оқытушылар құрамының академиялық алмасуы мен біліктілігін арттыру бағдарламалары, студенттік алмасу, академиялық ұтқырлық және қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, М.Әуезов атындағы ОҚУ базасында Honors College ашу арқылы қос дипломды бағдарламаларды дамыту сияқты бағыттар қаралды.
Кездесу нәтижесінде М.Әуезов атындағы ОҚУ мен Аризона штаты университеті арасында халықаралық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Бұл құжат университеттің халықаралық интеграциядағы жаңа кезеңін білдіріп, жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтады.
Honors College-дің М.Әуезов атындағы ОҚУ базасында ашылуы – Аризона университеті және өзге де жетекші университеттермен бірлескен бағдарламаларды іске асырудың маңызды алаңы болмақ. Бұл қазақстандық студенттерге жоғары сапалы білім мен халықаралық академиялық мүмкіндіктерге жол ашады.
Сондай-ақ университеттің делегация өкілдері Fulton Center, Инженерлік факультет, Thunderbird жаһандық менеджмент мектебі және ASU-дың EdPlus білім беру платформасына барып, нақты серіктестік бағыттарын талқылады.