Қазақстандағы Қытай елшілігінде «Композитор» фильмі көрсетілді

2409

Астанадағы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінде Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған киноқабылдау кеші өтті, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Іс-шара аясында қонақтар қазақстандық және қытайлық режиссерлер бірлесіп түсірген «Композитор» фильмін тамашалады. 

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хан Чуньлинь екі ел арасындағы мәдени байланыс дамып келе жатқанына тоқталды.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі «Композитор» фильмі туралы тарихи анықтама беріп, оның жасалу тарихына тоқталды. Ол Қытай мен Қазақстан халықтары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде терең достықта бірігіп, ұмытылмас тарихи үлес қосқанын атап өтті.

Елші атағандай, екі ел де әлемдегі прогрессивті күштермен бірлесіп, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс жетістіктерін қорғауға, Біріккен Ұлттар Ұйымы негізін құрайтын халықаралық жүйені және халықаралық құқыққа негізделген әлемдік тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ әділетті әрі ақылға қонымды жаһандық басқару жүйесін құруға ықпал етуге ниетті.

Былтыр маусым айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Қытай Төрағасы Си Цзиньпин халықаралық жағдай қандай болса да, Қытай мен Қазақстан арасындағы достықты нығайтуға деген нық ұстанымын білдірді. Қазақстан Президенті де өз кезегінде:

«Достық – бұл қатынастардың ең жоғары формасы, ол жауласудан да қымбат. Халықтар арасындағы достық – бұл адамдардың жақындығы, ал адамдардың жақындығы – адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастан туындайды»

Қазіргі таңда Қытай мен Қазақстан халықтары арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел азаматтарының өзара сапарлары жиілеп, адамдардың байланысы арқылы достық одан сайын тереңдеп келеді. Қазақстан визалық режимді жеңілдетті, бұл азаматтардың жүріп-тұруына едәуір жеңілдік туғызды, - деді елші.

Хан Чуньлинь атап өткендей, 2024 жылы Қытайда «Қазақстанның туризм жылы» болды. Енді биыл Қазақстанда «Қытайдың туризм жылы». Жалпы дипломаттың сөзінше, Қазақстан Қытай туристері үшін жаңа танымал бағытқа айналды.

«Композитор» - 2019 жылы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен туындысы, режиссері Шерзат Яхуп. Бұл тарихи байопик Қытайдың атақты композиторы Сянь Синхайдың (Сянь Сиңһай) Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алматыға эвакуациялануы және қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы баяндайды. Фильмнің басты рөлдерінде қазақстандық актерлер Берік Айтжанов пен Аружан Джазильбекова, сондай-ақ қытайлық актерлер Ху Цзюнь мен Юань Цуань ойнаған. 

«Композитор» фильмі Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға және екі елдің халықтары арасындағы достықты дәріптеуге бағытталған маңызды жоба.

Көрсетілімге елшілік өкілдері, жас дипломаттар және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Кеш барысында шай үстіндегі еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. 
«Композитор» фильмін көрген қазақстандық студенттердің пікірлерін бөлісті.

«Фильм мені қатты толқытты. Ән мен өнердің адамзатқа ортақ екеніне тағы бір көзім жетті. Қытай мен қазақ халқының достығын көрсету арқылы бұл фильм тек тарихты ғана емес, адамгершілікті де дәріптейді»
«Мен үшін бұл – тек тарихи драма емес, бұл – өмірлік сабақ. Тіл мен мәдениет айырмашылығына қарамастан, адамдардың бір-біріне көмектесуі мен қолдауы – үлкен күш»

Еске сала кетейік, фильмнің тұсаукесері 2019 жылы Қазақстан мен Қытайда өтті. Ол халықаралық кинофестивальдерде бірнеше мәрте марапатталды, оның ішінде 8-ші Ванкувер халықаралық қытай кинофестивалінде «Қызыл клен жапырағы» сыйлығының төрт номинациясында жеңіске жетті: «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік әйел рөлі» және «Үздік ер адам рөлі». Сондай-ақ, Камбоджада өткен Азия киносының екінші фестивалінде «Үздік фильм» сыйлығын жеңіп алды.

Тимур Раев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -