Қазіргі уақытта ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын жан-жақты саралап, терең зерделеу – ерекше маңызға ие. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы Арман Құдабай мәлімдеді. Оның пікірінше, Қожа Ахмет Ясауи идеяларын насихаттау – рухани бай, адамгершілігі биік әрі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жастарды тәрбиелеудің маңызды тетігі бола алады. Журналист атап өткендей, Қазақстанда ұлы ғалымның мұрасын сақтау бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойшыл еңбектерін тереңірек зерттеу мен кеңінен таныту ісіне жаңа серпін беруді тапсырған болатын. Толығырақ – сарапшы сұхбатында.
Арман Ақтайұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауиді – халқымыздың рухани тіректерінің бірі, бүкіл түркі әлемінде ислам дінінің орнығуына орасан үлес қосқан ұлы ойшыл деп атады. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
Иә, келісемін. Бірақ Ясауиді түсіну бұдан да тереңірек. Бізде ол көбіне ислам дінін насихаттаған дін қайраткері ретінде ғана танылады. Ал шын мәнінде, ол – сопылықтың (немесе түркілік сопылық бағыттың) негізін қалаушы, өзі де тақуалық өмір сүрген әулие болған. Тарихқа сәл тереңірек үңілейік. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ал 2018 жылдың маусымында Түркістан – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып қайта құрылды. Биыл, 3 наурызда Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл – қаланың тарихи мұрасын сақтау ісінің маңыздылығын айқындайтын нақты қадам. Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қала. Ол ғасырлар бойы Қазақ хандығының саяси және рухани жүрегі болған. Кейбір деректерге сенсек, қаланың жасы 3000 жылдан асады. Дегенмен бұл қаланың тарихы Қожа Ахмет Ясауи есімімен тікелей байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Тоқаев: «Түркістан мен кесене жайында айтқанда, Қожа Ахмет Ясауиді айтпай кету мүмкін емес. Бұл – халқымыздың руханиятының бір тұғырына айналған ұлы ойшыл. Ол бүкіл түркі әлемінде ислам дінінің орнығуына орасан үлес қосты. Бұл – Ұлы даламыздағы рухани дәстүрлердің сабақтастығын білдіреді», – деп атап өткен болатын. Бұған дейін де, қазір де Президент Ясауи еңбектерін терең зерттеудің, сондай-ақ осы бағытта арнаулы орталық немесе институт құрудың қажеттігін бірнеше рет айтқан.
Бірақ біз, өзіміз, ұлы ұстаздың еліміздің де, тұтас өңірдің де тарихына қосқан нақты үлесімен қаншалықты таныспыз? Қожа Ахмет Ясауидің есімі – яғни Хазірет Сұлтан деген атпен белгілі тұлға – Қазақстаннан тыс жерлерде де құрметке ие. Түркістандағы кесенеге Орталық Азия, Түркия, Ресей мен Таяу Шығыстан келген зияратшылар тағзым етеді. Бірақ дәл өз елімізде көпшілік ол туралы тек «Орталық Азияда исламды таратқан ұлы қайраткер» деген қысқа түсінікпен ғана шектеледі. Мұны мен өз жұмысымда жиі байқаймын – бұл тек жастар арасында ғана емес, ересек адамдар арасында да кездеседі. Түркістанға, Ясауи кесенесіне алыс шетелден, кейде тіпті түркі елі саналмайтын мемлекеттерден зиярат етіп келетіндердің не себепті арнайы жол тартатынына көпшілік жауап таппай жатады. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының алаңдаушылығы өте орынды.
Қожа Ахмет Ясауи еңбектері Қазақстанның рухани болмысын қалыптастыруда қандай рөл атқарады?
Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері – Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани болмысын қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Ол өмір сүрген дәуір – ислам діні Ұлы далаға енді ғана ене бастаған кезең. Араб тілін білмейтін, діннің мәнін толық түсінбеген көшпелі жұрт үшін жаңа дінді қабылдау оңай болмаған. Ясауидің ұлылығы – тек уағыз айтуда емес, ол ислам өркениеті аясында түркі халықтарының мәдени бағытын анықтап берді. Сонымен бірге ол жергілікті мәдениет пен сенімдердің негізін сақтай отырып, исламды халыққа түсінікті тілмен жеткізе білді. Тәңіршілдік, шаманизм, зороастризм секілді сенімдерді жаңа дінмен үндестіре отырып, исламды түркілерге жақын әрі қабылдауға оңай қылды. Қазіргі арабтандыру үрдісіне қарсы бағытта болған деуге де болады – ол өз тамырынан алыстамады.
Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері, әсіресе «Хикметтері», тек дін өкілдері ғана емес, сол заманның ғалымдарына, мемлекет қайраткерлеріне, ақын-сопыларға кеңінен ықпал етті. Ол жас кезінен түркі, араб және парсы тілдерін жетік меңгеріп, шығыс поэзиясы мен әдебиетін терең зерттеген. Алайда шығармаларын қарапайым халыққа түсінікті оғыз-қыпшақ диалектісінде жазған. Сондықтан да оның хикметтері Ұлы далада қолма-қол, ауызша, қолжазба күйінде кең тараған. Тарихи деректерге қарағанда, сол дәуірдегі түркі халықтары исламмен алғаш осы хикметтер арқылы танысқан. Ең танымал еңбектері – «Диуани хикмет» («Даналық кітабы»), «Мират ул-құлуб» («Жүрек айнасы»), «Фақырнама» («Кедейдің қиссасы»). Негізгі еңбегі – «Диуани хикмет» – көне түркі тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған. Өкінішке қарай, оның түпнұсқасы сақталмаған. Бізге XV–XVI ғасырларда жазылып, бірнеше мәрте көшірілген, өңделіп толықтырылған нұсқалар ғана жеткен. Қазіргі уақытта бұл қолжазбалар Стамбул, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматы мен Түркістан қалаларында сақтаулы. Еңбектің толық нұсқасы 149 тараудан тұрады. Бүгінде түркітілдес халықтар бұл туындыны қиындықсыз оқи алады. «Диуани хикмет» – түркі халықтарының тарихи әрі рухани қазынасы.
Бұл еңбек тек миссионерлік мақсатты көздеген жоқ. Ол – діни, адамгершілік, қоғамдық, тіпті саяси мазмұнға да бай шығармалар жиынтығы. Хикметтерде халық бірлігі, мемлекет тұрақтылығы, адалдық, әділдік, мейірім мен төзімділік секілді құндылықтарға шақырулар жиі кездеседі. Араб тілінде «хикмет» – даналық, терең білім, әділ пайым дегенді білдіреді. Ислам философы Имам Матуриди «Хикмет – тура жолда дұрыс пен бұрысты ажырату қабілеті» деп анықтама берген. Осы жерде Абайдың «Қара сөздері» еске түспей ме?
Ясауи Бұхарадағы медреседе оқып, діни іліммен қатар жаратылыстану ғылымдарын да меңгеріп, сопылық саласын терең игергеннен кейін Яссы (Түркістан) қаласына оралады. 34 жасында-ақ ол – ислам заңдары мен теологиясын терең білетін ғалым, мутақаллим (діни философ), факих (шариғат білгірі) атанып, өзінің сопылық мектебін – «Ясауийа» тариқатын ашады. Бұл бағыт исламда кейбіреулер үшін даулы саналса да, оның рухани, ғылыми және мәдени ықпалы зор болғанын жоққа шығаруға болмайды. Сопылық – құдайға терең махаббат пен рухани тәжірибе арқылы жетуді көздейтін аскетикалық ілім. Қожа Ахмет Ясауи өзі де тақуалық өмір сүрген. Бұл жолды бүгінгі радикалды топтар мойындамайды. Қазіргі таңда әртүрлі джихадшыл ұйымдар сопыларды қуғындап, кей елдерде тіпті қырып-жойып жатыр. Өкінішке қарай, мұндай үрдіс біздің елге де ене бастады. Жас жігіттер Қожа Ахмет Ясауидің ислам таралуындағы нақты еңбегін білмей, сырттан таңылған, жат пиғылды ұрандарды қайталауға бейіл болып барады...
Қазақстан Ясауи мұрасын насихаттау үшін қандай бастамаларды жүзеге асыруда?
Қазіргі кезең – Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасын, мұрасын, ілімін терең әрі жан-жақты қайта қарастырудың уақыты. Әсіресе жаһандану дәуірінде ұлт болмысын, рухани бірегейлікті, мәдени мұраны жоғалту қаупі күшейіп тұрған сәтте бұл мәселе ерекше өзектілікке ие. Сонымен қатар, Ясауи мұрасы түрлі өркениеттер арасындағы рухани көпір бола алады. Бұл – бүгінгі әлем үшін қажет – диалогқа, өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа бастар жол.
Осы бағытта Қазақстан нақты қадамдар жасауда. Жуырда ғана көне Түркістанда «Ясауи мұрасы – замандар мен мәдениеттер диалогында: гуманистік бағдарлар және қазіргі заман сын-қатерлері» атты халықаралық симпозиум өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі күндік конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапониядан келген 100-ге жуық ғалым қатысты. Әрбір зерттеуші ұлы ойшыл мұрасын өзінше бағалап, оның қазіргі қоғамға әсерін жаңаша саралады.
Жастарға Ясауи мұрасын үйрету қаншалықты маңызды?
Жастарды Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерімен кеңінен таныстырып, осы рухани мұраны насихаттау – өте маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі жастар арасында «рухани құндылықтардың барлығы тек араб мәдениетінен келуі керек» деген қате түсінік бар. Мен мұны өз құлағыммен жиі естимін. Сондықтан жастарға Қожа Ахмет Ясауидің ислам әлеміне, бүкіл Шығысқа қосқан зор үлесін нақты деректермен көрсету керек. Сонымен бірге, Ясауи есімін саяси құралға айналдыруға жол беруге болмайды. Өйткені оның ой-өрісі мен дүниетанымы ұлттық шеңберден әлдеқайда кең. Ұстаз сол заманда-ақ барлық түркі жұртын бауырластыққа, бейбітшілік пен татулыққа шақырған. Оның әділдік, мейірімділік, төзімділік пен руханият жайлы ойлары – бүгінде әлемнің көптеген түкпірінде белең алған моральдық дағдарыс пен қақтығыстарға қарсы нақты жауап.
Қожа Ахмет Ясауи ілімін зерттеу мен таныту – бүгінгі Қазақстан жастарын рухани терең, адамгершілігі жоғары, жауапты азамат етіп тәрбиелеудің кілті.