Майдангер аталарымның ерлігі бізге үлгі

1584
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қай замандағы соғыс болса да оның қасіреті жайлы жазу кез-келген адамға ауыр тиеді. Әлемді дүр сілкіндірген, өмір мен өлімді  арпалыстырған екінші дүниежүзілік  соғыс  қай елдің  болмасын тарихынан қаралы   таңбасымен  орын алды. Сұрапыл соғыс зұлматы  жерімізді шарпып өткеніне біршама уақыт өтіпті.

Бүгінгі күнде  Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып отыр . Кескілескен күрес заманында ел қорғаған ерлермен қатар қазіргі  таңдағы  Солтүстік Қазақстан облысы,Шал ақын ауданы, Жаңажол  ауылының өреңдері де аянбай  соғыс майданында батырлық танытты. Ауылымыздан 116 боздақ майданға аттанды. Оның ішінде  57 жауынгер оралып, 59 боздақ сол бойы  ұрыс даласында  қаза тапқан.

Осынау қиын жылдарда ауылдың бетке ұстар азаматтары  майданға аттанды. Отты жылдарды  бастарынан кешкен  бірталай жауынгерлер  соғыстан аман оралып, уақыт келе  бейбіт елде еңбекке араласты. Ардагерлеріміздің соғыстағы  алған орден мен медальдары бейбіт еңбектегі марапаттармен толықты.

Елімізді  дүр  сілкіндірген, өмір  мен  өлімді  арпалыстырған  бұл  соғысқа   көптеген ауылымыздың  азаматтары  соғысқа   аттанып, ерліктерін көрсетті. Соның бірі  Есіл (Ленин) ауданында аудандық атқару комиетінде  ұзақ жыл бірінші басшы қызметін атқарған, бірнеше орден-медальдардың иегері, республикалық дәрежедегі  дербес зейнеткер Шәмшет Қабдунасов атамыз да  ауылымыздың тумасы, соғыс ардагері. Шәмшет атамыз аудандық органдарда  ірі қызметте болып, ерең еңбегімен ел құрметіне  бөленген ауылымыздың ардагері.

Соғыс кезінде Сталинградтағы Мамай қорғаны үшін   шайқас 135 тәулікке созылған, Қызыл  Армия мен Вермахт 51 мың әскерінен айырылған. Өте маңызды саналатын ол биіктікте  жау жеңіл  зеңбіректерімен ,минометтерімен, төрт жаққа  ірі калибрлі  пулеметтері орнатылған ДЗОТ-тарымен  62-армияның әскерлерін 4,5 ай бойына үлкен шығынға  ұшыратып, жоғары беттетпей  қойған.

Сол биіктікті 1943 жылдың 9 қаңтарында  284-атқыштар  дивизиясы  1045-атқыштар  полкының 2-атқыштар батальоны бірінші болып басып алғанынан бастап, одан жауды 26 қаңтарда  өзге бөлімдер  толық тазартқанша 17 күн бойына ұстап тұрды. Осы үшін батальон командирі лейтенант Шәмшәт Қабдунасов “Қызыл Жұлдыз”орденімен марапатталды. Қазақ офицері  Кеңес одағының Батыры атағына ұсынылған ардагер.

Талай жылдар ауылымызда қызмет жасаған Нұрпейісов Қайыр (1909-1987) атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері II дәрежелі “Отан соғысы” ордені, “Даңқ ” орденінің екі мәрте иегері. “Қызыл Жұлдыз” ордені мен бірнеше медальдардың иегері. Балалық  кезінен еңбекке ерте араласқан.

Тракторшы  мамандығының қыр-сырын  игеру мақсатымен колхоздан біріншілердің   қатарында болып, сол мамандықты игеруге аттанды. Уақыт өте келе 1938 жылы Қызыл Армия  қатарына  азаматтық парызын өтеуге шақырылды. Фин соғысына қатысып, елге оралар кезде Ұлы Отан соғысы басталды.

1945 жылғы жеңістен кейін жапон милитаристерімен соғысқа кірді. Манчьжурияда, Халхин-Голда соғыс қимылдарына қатысқан. Үлен,кіші Хинган тауларынан өзінің танкісі мен тура жол салып беріп, өзінің бөлімшесіне ыңғайлы  жол ашып берген. Соғыс басталғаннан бастап, жеңіс күніне дейін  «Т-34» пен неміс басқыншыларына қарсы жүздеген  жорықтарға қатысты. Осы ерлігі үшін батыр атағына да лайық еді.

Тайқошқаров Шекен Тайқошқарұлы  1909 жылы  қаңтар айында туған. Туған жері Жаңажол ауылы, өзімнің  атам. 1941 жылы соғысқа аттанған. Соғыс және еңбек ері Шаханов Шаяхмет атамызбен Калинин майданында  бірге болған. Кезіндегі айтулары бойынша сол майданда бірсыпыра  қазақ жауынгерлері жауға төтеп беру  жолында немістерге  бірге аттанған. Бірақ сол ұрыс  соңында біршама жауынгерлер қаза тапқандығын аталар сөзінен естігеніміз бар. 1942 жылдың наурызында жараланып госпитальға түседі. Жазылып шығысымен сол жылдың тамызында Смоленск  түбіндегі  соғысқа  кіріседі, 1943 жылдың қаңтар айында  жараланып, елге қайтып оралады. Елімізге  келіп еңбекке араласып, зейнеткерлік жасқа дейін қойма меңгерушісі жұмысын атқарды. Марапаттары: «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Жеңістің ХХ жылдық»,  «Жеңістің ХV жылдық» медалі «Тың және тыңайған жерлерді игеру», Г.Жуковтың медалімен және  1985 жылы Ұлы Отан соғысының  ІІ дәрежелі орденімен марапатталады.

Ахметов Әбілқайыр - қатардағы жауынгер. 1906 жылы Сергеев ауданы, Жаңажол  ауылында туған нағашы атам. Октябрь АӘК  арқылы 1941 жылы 17 тамызда әскерге алынып, 29048 әскери бөлімінің құрамында  атқыш ретінде  соғысқа қатысқан. 1943 жылдың желтоқсан айынан хабарсыз кеткен. Жаумен шайқаста өмірін Отаны үшін қиған ардагерлеріміздің бірі.

Ресейдің солтүстік астанасы мен Ленинград облысының орта тұсында Лодейнополь ауданы  орналасқан. Сол ауданда  зұлмат соғыс жылдары 314-ші атқыштар дивизиясы қызыл әскер намысын қорғап, совет елінің жерін қорғау жолында жан тәсілім еткендігі  бізге беймәлім еді. “Свирский  рубеж” атты отряд  командирі Дмитрий Зибнев  өзінің іздестіру  тобымен хабар ошарсыз жоғалған азаматтарымыздың мәйітін тапқан болатын. 314-ші атқыштар дивизиясы жоғарыдан үкім алып, 1941 жылдың қазан айында  Ново-Сегеж операциясы өткендігі  анықталды. Неміс әскерлерінің бұл кезекті шабуылы Ленинград аймағын қоршап алудағы  жоспарларының бірі болды. Күздің ызғарлы суығына қарамастан дивизия өзеннен жүзіп өтіп, неміс әскерлеріне төтеп берген .2012 жылы дәл осы аймақта  СҚО азаматы,екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері  Мұқажан Махметовтың сүйегі  табылды. Бұрынғы Октябрь қазіргі Шал ақын ауданы, Жаңажол ауылының перзенті Мұқажан атамыз әкесі Махмет және анасы Ақбілектен тараған отбасындағы  ең кенжесі болды. Бұл отбасыдан соғыс лебі ескен тұста үлкен ұлдары Омар, Серғали және Нұрғали майданға аттанған .Нұрғали ата соғыс жылдарынан кейін отау құрып, бес баланы тәрбиелеп өсірген.

Нұрқанов Нәжмидтен Нұрқанұлы  соғыс ардагері, марапаттары  І  дәрежелі Отан соғысы ордені, «Қызыл  Жұлдыз» ордені, «Германияны жеңген үшін»  медалі, мерейтойлық медальдар.  Нәжмидтен  Нұрқанұлы ауыр жараланып  ,туған елге оралған болатын. Мұғалімдер курсын аяқтап, шәкіртерге  білім нәрін берген ардагер ұстаз. Бастауыш сынып оқушыларына білім берген, қолыма қалам ұстатқан алғашқы ұстазым.

Келер ұрпақ өткеннің нәубетін біліп өссе деймін. Жеңісті негізгі  майдандағы азаматтар арқасы деп білгендігіміз, бағалағандығымыз  өте дұрыс, бірақ сол жеңіске  қол жеткізген азаматтарға  түпкі тіреуші, қолдаушы болған қаhармандар да елеусіз қалмағаны дұрыс.

Қанды соғыста қаптаған жауға  қарсы тұра білген ардагерлерімізге мың алғысымыздың өзі аздық етеді. Биылғы жылы сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай, өшпес ерлік жасаған аталарымызды мақтанышпен еске ала отырып келер ұрпаққа  өнеге есебінде жарияланып отыр.

Ербұлан Шекенов, Ғ. Малдыбаев атындағы  Жаңажол орта мектебі алғашқы әскери технология дайындық  пәнінің мұғалімі, Солтүстік Қазақстан облысы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -