Сталинградтан берлинге дейін

1562
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Таңның ертесінде ұялы телефоным шыр ете түсті, шынай сезіммен Қарағанды қаласынан  ауылдасым Қорғанбектің даусын естідім: «Аға, құанышты хабар, деді інім, мен көптен бері іздеген әкемнің майдан жолындағы «Даңқ» орденімен марапаттауға ұсынылған  құжатын таптым.  Бұл әкемнің екінші «Айбын» ордені. Міне сол құжаттардың бірі, оқып көріңіз».

Ұмыттырмайтын даңқ...

Құжаттың мазмұны мынадай: «Марапат тарақ 19.7.1944 ж. Гомель  қаласы үшін шайқаста Михин автоматшылар тобымен  бірге жаудың тыл жағынан кіріп, фашистің штаб машинасын жойып, тұтқынға офицерді және төрт неміс содатын ұстайды. Соларды қырағы бақылап әкеле жатып Михин бір үйдің терезесінен жаудың жасырын қиымылын байқап, тапқырын танытып терезеге үш гранатты лақтырады, солай  пулеметті, үш фашист солдаттың көзін жояды, бірақта өзі де жараланады. Отан ұрыстарында ол үш рет жаралы болды.                                                                                      

Михин Үкіметтің марапаттау үшінші дәрежелі «Даңқ» орденіне лайықты. 271 гвардиялық атқыштар полкінің командирі  гвардия майоры Кияткоуский « 1 » қазан 1944 ж.».        

«Ұмыттырмайтын – даңқ, ұмытпайтын -халық» дейді, дана аталарамыз. Иә, батырлық ешқашан ескерусіз қалмас, Екі дүниежүзінің соғыс ардагері Баяхмет Михиннің артында ұрпақтары барда. Қорғанбек батырдың төрт ұлының бірі, бүгін ол Қарағанды қаласының орта мектебінде ұстаз, Қарулы Күштеріміздің ардагері, запастағы подполконик оқушы балаларды бойындағы жастық жалын мен  елімізді  көздің қарашығындай сақтауға үйретуде. Сондай-ақ батырдың немересі Айымбек Михин де әскери киім киіп, подполковник дәрежесіне жетіп,  осы күндері Қарулы Күштерімізде қызметін жалғастыруда.  Ал, Жұлдыз Михин – аға лейтенант, полиция қызметкері.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген де сөз бар ғой қазақта. Тірі кезінде соғыс ардагері, екі мәрте «Айбын» ордендерінің иегері, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданынындағы Дәуқара ауылының тумасы  Баяхмет Михинмен кездесіп едім, айтқан әңгімесі осы күнге дейін жазба кітапшамда. Бүгін марқұмның осы дүниеге келгеніне 103 жылдан асқан екен, ана дүниеге кеткеніне  41 жыл болған екен. Әйтсе де батырлық, еңбек өмір жолына көз жіберсем, оңай болған жоқ екен.

«Айналайын, ер жігіт үшін сын сағаты соқты...»

1941 жылдың маусым айы. Таң қылаң бере Баяхмет әдеттегідей ұйқыдан ерте оянды. Күндегідей жуынып-шайынып болып, киіне бастаған баласын шешесі Қадиша байқап қалып:

– Балам, таңғы тәтті ұйқыңды бұзып, қайда асығып тұрсың? – деді.

– Апа, ұйқы қайда барады, жұмыс көп, өгіздерді ұстап әкеліп, малға жөнелуім керек, – деп жерүйдің есігін ақырын ашып, Баяхмет далаға шығып кетті.

Күн әлі ұясынан шықпаған екен, салқын самалмен ұйқысын ашқан соң, көзі жаздың самсаған жұлдыздарына түсті. Қолына арқанын алып, “Мыңқой” деп аталатын шоққа қарай жүрді. Тұнық жұпар ауаны көкірек кере жұтып, жан-жағына қарады. Жап-жасыл теңіздей боп толқыған шүйгін шөп тізесінен биік, әлдеқайдан жусан иісі келіп мұрын қытықтайды. Ұшы қиырсыз далада сан алуан құлпырған гүлдер көз арбап, Баяхметтің көңілін көтерді.

Жас жігіт асықпай аяңдап келе жатып, шоқтың бауырында жайылып жүрген қара малды көрді. “Дәуде болса өгіздер осы малдың ішінде шығар”, – деп ол шоққа қарай тура тартты. Шөпке тойған өгіздерді тауып алып, жетектеп, әлгіндей болмай ауылға қарай жүрді. Алдынан шөп шабуға шыққан ауылдастары кездесіп, бәрімен де сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасты. Олардың арқаларына ілген шалғылары таң сәулесімен шағылысқандай. Жаз шыға, пішен шабу науқанына бұл ауылдың үлкен-кішісі түгел атсалысушы еді.

Үйіне келісімен анасы қайнатып қойған қою шайды ішіп, Баяхмет күндегідей малға жөнелді.

Түс ауа батыс жақтан қатты жел соғып, дауылға айнала бастады. Түнерген қара бұлттар шайдай ашық аспан жүзін көлегейлей берді. “Сірә, жауын болар”, – деп ойлады Баяхмет. Осы кезде малшы жігіттің құлағына “Мешел, Мешел!” – деген қатты дауыс шалынды. Ауылдастары Баяхметті кішкентай кезінен Мешел деп атап кеткен, сол лақап есімі өмірден озғанынша сақталды.

Баяхмет колхоз басқармасының төрағасын көріп:

– Ассалаумағалейкүм, Әутақ аға! – деді әдеттегідей. – Жаңағы сіздің дауысыңыз екен ғой. Неге іздедіңіз?

Өңі сұп-сұр болып, өрт сөндіргендей өзгеріп кеткен төрағаның ерні дірілдеп кетті. Баяхмет те қобалжып, бір сойқанның болғанын сезді.

Осы кезде Әутақ жас жігіттің қос иығынан қапсыра құшақтап, арқасынан қағып:

– Айналайын, ер жігіт үшін сын сағаты соқты, – деп, Баяхметтің қолына әскери комиссариаттың шақыру қағазын ұстатты.

Баяхмет қағазға үрейлене қарады.

– Соғыс… – деген суық сөз колхоз төрағасының аузынан әзер шықты.

Жігіт жүрегі дүрс-дүрс соғып, суық хабардан қалшиып тұрып қалды. Әутақ Әбілнәсірұлы да күрсініп, ойға батты. Ойланарлық себеп аз емес еді. Ауылдықтар “басқарма” деп атайтын колхоз басшысы Баяхметке қандай жұмыс тапсырса да, қой ауызынан шөп алмайтын, момын жігіт бәрін тап-тұйнақтай қылып атқаратын. Михиндер шаңырағының бас көтерер үлкені де, иесі де сол болатын. Ол таң атқаннан күн батқанға дейін дамыл алмай, колхоз малының соңында жүрсе де, басқа ауыр жұмыстарға да араласатын, орылған бидайды өгіз арбамен қырманнан астық бастырғышқа – “молотилкаға” таситын.

Сонымен, кешке жақын Михиндер шаңырағына ауылдың шал-кемпірлері, бала-шаға жиналып, үлкен әбігер болды. Бәрінің де әдеттегі көтеріңкі көңілдері су сепкендей басылған. Өксіп жылау-сықтау да басталған. Ақсақалдар болса, соғыс жөнінде әртүрлі болжам айтып жатты. Біреуі өзінше күшейіп: “Гитлердің түбіне жетіп, құрту керек. Белдесуді бастаған екен, ендеше, белін сындыру керек…” – десе, басқалары оны жағалай қостап қойды: “Иә, біз ешкімге тиіспейміз, бірақ өзі тиіскенге ешқашан бас имейміз, фашистердің күл-талқанын шығаруға әскеріміздің күші жеткілікті. Керек болса, біз де дайынбыз”.

Ал, Баяхметтің анасы болса, өксіп жылап, аппақ қардай орамалының ұшымен көзін сүртіп: “Құлыным, жауыз фашисті тезірек жойып, аман-есен ортамызға оралуға жазсын. Алла, тілегімді қолдай гөр!” – деп батасын берді.

“Қош, бауырым, сұмырай жаудың алдында жүректі бол, намысыңды берме! Алла тағала елге аман келуге жазсын”, – деген баталы  сөздер естіліп жатты.

Ат жеккен арбаға мініп, аудан орталығына қарай жүріп кеткенде шығарып салып тұрған жұрт көздеріне жас алып, қол бұлғап қала берді. Иттер де бірдеңе сезгендей, қыңсыласып, аттың соңынан біразға дейін еріп жүрді. Артта сарбаздардай сап түзеген ақ қайыңдар, ақ селеуі желбірей жайқалған кең дала қалды бір тылсым үнсіздікке беріліп. Тек арба доңғалақтарының сықыры ғана естіледі. Түнгі жол жеткізбейтіндей, уақыт баяулап қалғандай көрінді. Баяхмет туған жерін қимай, аспанда жыпырлаған, жанып-сөнген жұлдыздарға қарап, өткен күндеріне ой жіберіп, алда не күтіп тұрғанына алаңдай бастады…

Дзоттың амбразурасын күл - талқанын шығарды

– Сонау қаһарлы күндерді еске алу оңай емес, өйткені, талай қандыкөйлек достарым ұрыс даласында көз жұмды. Не дегенмен, жүректегі жара, иыққа тиген оқ әлсін-әлсін мазалайды, - деп әңгімесін бастаған еді  Баяхмет Нұрмағанбетұлы.

Сосын Баяхмет аға бір сәт үнсіз қалып, күрсініп қойып, әңгімесін жалғастырды:

– Мен қатысқан зор шайқас 1942 жылдың күзінде Сталинград түбінде болды. 88-інші атқыштар дивизиясы қалаға шабуыл жасады. Біздің екінші ротаның жауынгерлері өздеріне жүктелген міндеттерін мүлтіксіз орындауға сақадай сай болатын.

Жаңа ғана жер-дүниенің ойран-топырын шығарған “соғыс тәңірі” – артиллерияның қолдауымен біз жаудың траншеясына “уралап” айқайға басып, ұмтылдық. Кенет бір бүйірден фашистердің пулеметі сақылдай жөнелді. Біз, лап қойған автоматшылар, жер бауырлап жата қалдық. Таяқ тастам жерде снаряд, миналар жарылып жатыр. Бомбалаушы және шабуылдаушы ұшақтар аспаннан отты нөсер жаудырды. Бір кезде гитлершілердің жаяу әскерлері ұзын арқандай шұбатыла шабуылға шықты.

Рота командирі жас капитан, бәрімізбен ортақ тіл табыса білетін әрі ержүрек адам болғанымен, бөлімшені қарсы шабуылға көтеруге қанша тырысса да, сәті келмеді. Айналадағы тарсыл-гүрсіл еш саябырлар емес.

– Жігіттер, – деді командир қараңғы түскен кезді пайдаланып. – Бір қадам шегінуге болмайды, тек қана алға! Біреуің шегінетін болсаң, мен оңдырмаймын, текке оққа ұшасыңдар…

Пулеметтен және басқа да қару-жарақтан атылған оқтардың толастар түрі жоқ. Фашистер табанды қарсылық көрсетіп бақты. Олар үйлердің жоғарғы да, астыңғы да қабаттарында, қиратылған зауыттардың ішінде бекініп алған. Ауыр да азапты ұрыс әрбір үй мен көше, трактор зауыты, жол үшін жүріп жатыр. Әр тұстан, қираған үйлердің терезелерінен де автоматтардан, пулеметтерден, винтовкалардан үздіксіз оқ атылуда, танк, зеңбіректердің де гүрсілі әлсін-әлсін құлақ жарады. Жараланған мен өлгендер де бар. Кеңес сарбаздарының қас-қабақтары түнеріп кеткен, ашу-ызаларында шек жоқ.

Қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан бір сәтте командир мені қасына шақырып алып: – Жолдас Михин, сізге үлкен сенім артамын, анау бөгет жасап тұрған жаудың ұясын жойыңыз! Міне, екі гранат, – деп бұйрық берді. – Құп болады! – дедім де, жау шебіне қарай еңбектей жөнелдім…

Айта кету керек, қатардағы жауынгер Михинді командирлері, жолдастары ержүрек, салмақты да сабырлы, мерген, жалын мен оттан жаралған жігіт десетін.

…Міне, Баяхмет жер бауырлап алға жылжып келеді. Ысқырған, зыңылдаған оқ бүркіп тұр. Тірі қалуы екіталай. Бірақ, бораған оқтың астында жолдастары жатыр. Сарбаз соны ойлап, жаудың ұясына жақындап, пулеметтің тұрған жерін анықтап алды да, гранатаны лақтырып жіберді. Пулеметтің үні өшті. Шаң-топырақ аспанға көтеріліп, оқ-дәрінің иісі бұрқырай шықты. Сол сәтте аспанды қызыл түске бояп, ракета атылды да, рота жауынгерлері жатқан орындарынан шабуылға көтерілді. Алайда, жаудың тағы бір пулеметі сақылдап қоя берді. Не істеу керек? Әрбір секунд санаулы. Сол иығынан оқ тиіп, қансыраған Баяхмет жер бауырлаған күйінде, алға көз салып, екінші пулеметтің ұясын көрді. Жанын сала жылжи-жылжи жау амбразурасының ажал шашқан аузына жақын келіп тоқтап, бар күшін салып, соңғы гранатаны ДЗОТ-қа құлаштап лақтырды. Граната жарылған жерінің шек қарынын ақтарғандай, солқ еткізді. Бұл пулеметтің де сақылдаған үні сап тыйылды.

– Ура! Отан үшін! Алға!

Сарбаздар фашистердің алғы шебіне лап қойды. Осы шайқастағы жанқиярлық ерлігі үшін Баяхмет Михин  “Даңқ” орденімен марапатталды. Осыдан кейін де талай шайқастарға қатысып, батырлық танытады. Сөйтіп, оның кеудесіне екінші дәрежелі “Даңқ” ордені де тағылды.

Алғашқысын фашистің амбразурасын жойғаным үшін, ал, екіншісін барлауда жаудың “тілін” әкелгенім үшін.

Әрине, Жоғарғы Бас қолбасшының: “Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз!” деген сөздері жауынгерлерге күш-жігер беретін. Сондықтан да олардың майданда жасаған ерліктері, көп-ұлтты халықтың бірлігі мен достығы жеңісіміздің қайнар көзі болды. Қысқасы, әрқайсымыз жеңісті жақындата түсуге не қажеттің бәрін істеуге ұмтылдық. Сонау Сталинградтан Берлинге дейін жеттім  бірнеше жаралы болғаныма қарамастан   - алғашқыда 1-Украин майданында, соңында  1- Беларусь майданының қарамағында болып  Еуропа елдерін фашизмнен азат етуге  атсалыстым.

Баяхмет Нұрмағанбетұлы біраз үнсіз ойға шомып отырып, тағы да тіл қатты:

– Иә, соғыс аяқталғаннан бері қаншама жылдар, “қысқа жіп күрмеуге келмеген” қиын кезеңдер өтті. “Алыс пен жақынды жортқан біледі, ащы мен тұщыны татқан біледі”, деп тегін айтпаған ғой аталарымыз. Майдангерлер, тылда еңбек еткендер бұл өмірде не көрмеді? Тылдағылардың еңбегі де ерлік, оны да ұмытуға болмайды. Сол соғыс жылдары ерлер атқарған ауыр жұмыстар кемпір-шалдардың, әйелдер мен жас балалардың мойындарына жүктелді. Бүкіл ауыртпалықты көтере жүріп, соғыс кезінің балалары ерте есейді. Ол кездегі шаруашылықтың жағдайы бүгінгідей емес еді, техника дегенді білмейтінбіз. Трактор мен комбайнның жұмыстарын өгіз, ат атқаратын. Ағаштан жасалған тырнауышқа, шөп сыратын сырмаға екі пар өгіз жегілетін. Солардың соңында балалық шағын көрмей, таңнан кешке дейін буыны бекімеген жасөспірімдер жүретін. Қиыншылық көрсе де, үлкен-кішінің бәрі де ынталана еңбек етіп, майдандағыларға азық-түлік, жылы киім-кешек жіберіп, көмек көрсетті.

Ал, ауылға алғашқы ағаш кабиналы “ЗИС-5” автомашинасы келгенде жерлестеріміздің қуанышы қойнына сыймап еді. Оның руліне алғашқы болып отырған Қасен Омаров еді. Ол кісі жұрттың арасында сыйлы болды. Бәріміз оның талабы зор, өз ісіне тиянақты, кәсіби жүргізуші екендігін мақтаныш қылатынбыз. Ел басына күн туған кезде Қасен де майданға автомашинасымен аттанып, әскери жүргізуші болып, соғыстағы ерлігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен, медальдармен марапатталды. Соғыстан оралған соң үйреншікті кәсібін жалғастырды.

Осылай деген Баяхмет Нұрмағанбетұлының өзі де соғыстан кейін, талай рет жаралы болғанына қарамастан көп жылдар адал еңбек етіп, жерлестерінің ортасында беделге бөленді. Адамдарға деген айрықша мейірімділігімен, байсалдығымен, ақжарқын мінезімен танылды. Ол тек жұмыста ғана емес, отбасысында да адамгершілік қасиеттерімен үлгі-өнеге болған абзал адам еді. Жұбайы Күлжан апай да өзіне сай ақкөңіл, адал жан еді.  Тылдағы еңбек ардагері атанған әжеміздің жастарға айтар әңгімесі аз емес болатын.

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, Баяхмет ағамыздың осындай өнегелі отбасыда тәрбиеленген балалары Амантай, Аман, Маман, Қорғанбек, Есләмбек, Айнагүл – бәрі де өмірде өз орындарын таба білді.

“Біздің көргенімізді сендердің бастарыңа бермесін. Оқыңдар, адал еңбек етіңдер, сонда ғана алдарыңа қойған мақсаттарыңа жетесіңдер” деген әке өсиетін балалары есте ұстап, өсті.

Сапарғали Жағыпаров, әскери журналист, отставкадағы полковник

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -