Қазақстан мектептерінде жаңа тамақтану стандарты мен санитарлық бақылау енгізіледі

1397
Фотосурет: DKnews

Еліміздің мектептерінде балалардың денсаулығы мен жазғы лагерлердегі қауіпсіздікті бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау, демалыс кезінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасай отырып, мектеп медицинасының дамуы, санитарлық бақылаудың күшеюі және балалар лагерлерінің сауықтыру маусымына дайындығы туралы айтты.

UKIMET

Елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Әр мектеп емханаға бекітілген және мейіргермен 95% қамтамасыз етілген.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша оқушылардың 90%-ы профилактикалық тексеруден өтті, бұл өткен жылғы деңгейден 9%-ға жоғары. Балаларды динамикалық бақылаумен қамту 3%-ға өсті. Көбінесе ас қорыту, көру, тыныс алу ағзаларының аурулары, сондай-ақ стоматологиялық мәселелер анықталады»  Ақмарал Әлназарова

Мектеп медицинасын жаңғырту шеңберінде келесідей шаралар жүзеге асырылуда:

  • мейіргер жүктемесін азайту (мектеп мейіргерінің 700 балаға 1 мөлшерлемесі 500 балаға 1 мөлшерлемесі деп азайтылды);

  • 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық аурулардың алдын алу кабинеттерін ашу;

  • медициналық-санитариялық алғашқы көмек жанындағы мектеп медицинасы бөлімшелерін ұйымдастыру;

  • кәсіптік тексерулер жүргізу тәртібін қайта қарау және мамандардың біліктілігін арттыру.

Сондай-ақ цифрландыру бойынша автоматтандыруға арналған келесідей IT-шешімдер енгізілуде:

  •  вакцинациялауды және тексеруді жоспарлау;

  •  балалардың өтініштерін онлайн тіркеу;

  • eGov және СМС арқылы ата-аналармен 1414-пен байланыс;

  • «Күнделік», «Bilim.Class», «Білімал» «EDUS.Mektep» жүйелерімен интеграциялау.

Ведомствоаралық өзара іс қимыл шеңберінде мынадай жобаларды іске асыру жүргізілуде:

  • ментальды және репродуктивті денсаулықты қоса алғанда, «Денсаулық сабақтары» (ҚР ОАМ);

  • жарақаттардың алдын алу жөніндегі жол карталары (ОАМ, ІІМ, ТЖМ және т. б.);

  • «Денсаулыққа ықпал ететін мектептер» жобасы (ҚР ОАМ және ЖАО);

  • 2030 жылға дейін мектеп медицинасын ғылыми зерттеу (ҚР ОАМ).

Денсаулық сақтау министрлігі жүктелген функциялар шеңберінде білім беру ұйымдарында санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтер талаптарының сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады.

2025 жылы барлығы 191 мектеп, оның ішінде 54 ас блогы тексерілді. Тексерулер саны 23 есеге азайды – қолданыстағы заңнамаға сәйкес (өткен оқу жылында тексерулер прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша жоспардан тыс тәртіппен жүргізілді).

Анықталған жүйелік бұзушылықтар мыналар: апаттық жағдайдағы ғимараттар; санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың болмауы; мектептердің шамадан тыс жүктемесі; санитариялық-техникалық жағдайлардың нашарлығы және басқалар.

Нәтижесінде:

  •  150 ұйғарым берілді,

  • 12 млн теңгеден астам (12 779 000 теңге) сомаға айыппұл салынды,

  • 31 адам жұмыстан шеттетілді,

  •  6 іс сотқа берілді.

«Осыған байланысты, өңірлердің әкімдері жаңа оқу жылына қатысты бұзушылықтарды жоюды қамтамасыз етуін сұраймыз. Маңғыстау облысындағы тамақтан улану оқиғалары ерекше алаңдаушылық тудыртады. Бұл тәсілдерді реформалау қажеттілігін көрсетіп отыр. Балалар болатын объектілердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында Министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын балалар объектілерін мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі жаңа тәсілдерді әзірледі» Ақмарал Әлназарова

Енгізілетін негізгі түзетулер:

  • балалар болатын объектілер үшін ерекше мәртебе беру;

  • объектідегі ағымдағы жағдайды дұрыс бағалау үшін алдағы тексерулер туралы алдын ала хабарламаны алып тастау;

  • объектілерді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында мониторингтік сапарлар жүйесін енгізу.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында дұрыс тамақтану бойынша халықаралық ұсынымдарға сәйкес әзірленген Тамақтанудың жаңа стандарты және көп нұсқалы үлгілік перспективалық мәзір қолданысқа енгізіледі. Тамақтанудың жаңа стандарты дұрыс тамақтануға бағытталған, атап айтқанда семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың даму қаупін азайту мақсатында қантты 3,6 есеге, тұзды 5 есеге дейін азайтуды көздейді» Ақмарал Әлназарова

Оның айтуынша, бұл норма инфекциялық емес ауруларды, атап айтқанда, балалардағы семіздікті 15%-ға дейін, қант диабетін 20%-ға дейін, артериялық гипертензияны 18%-ға дейін және басқа да созылмалы ауруларды 15%-ға дейін азайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ Тамақтану стандартында ас блоктары жоқ шағын жинақталған мектептер үшін мәзір көзделген, алғаш рет мектеп тағамдарына қанағаттану деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін Жеуге жарамсыздық индексі (ыдыстағы тамақ қалдықтары) ұғымы енгізілді. Тамақтанудың жаңа стандарты білім беру объектілері мен мектепке дейінгі балалар объектілеріне қолданылады. Тамақтану стандартын енгізу мақсатында қазіргі уақытта Білім және денсаулық сақтау басқармаларының, мектеп әкімшіліктері мен тамақ өнім берушілерінің қатысуымен оқыту семинарлары өткізілуде.

Балалардың жазғы демалысы кезінде Министрлік санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті және лагерьлерге медициналық қызмет көрсетуді бақылауды қамтамасыз етеді.

Шатыр түріндегі лагерьлерді қоса алғанда, әрбір лагерь, маусым басталғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) алуға міндетті.

«2024 жылы лагерьлердің 19%-ы (37) дайындықтан уақтылы өткен жоқ және балаларды қабылдауды уақтылы бастай алмады. Жазғы кезеңде балалардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр маусымдық лагерге санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бекітілді, лагерьдің басшылығымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде қауырыт желі ұйымдастырылды» Ақмарал Әлназарова

Осыған байланысты өңірлердің әкімдері жұмысты жеделдетіп, дайындық кезеңінде маусым басталғанға дейін мыналарды қамтамасыз етуі қажет:

  • жөндеулерді аяқтау;
  • аумақтарды абаттандыру;
  • инженерлік желілерді тексеру;
  • мүкәммалмен жарақтандыру;
  • СЭҚ-ны уақтылы алу.

«Жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру кезеңінде ата-аналарды уақтылы хабардар ету де маңызды саналады. Ата-аналарға Министрліктің веб-сайтындағы тізімге енгізілген лагерьлерді таңдауға және лагерьге жібермес бұрын балалардың денсаулығын бақылауға кеңес беріледі. Жаз мезгіліне дайындық – бұл бірлескен жауапкершілік. Ал басты мақсат – балаларымыздың қауіпсіз, сапалы демалысы мен денсаулығын қамтамасыз ету» Ақмарал Әлназарова

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -