Қазақстанда тұрғын үй тапшы: цифрлық құрылыс бұл мәселені шеше ала ма?

1727
Фотосурет: freepik.com

Қазақстанда жаңа тұрғын үй алаңдарының жетіспеу мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазақстандық БАҚ қала тұрғындарының кең, жайлы баспанамен жетерінше қамтамасыз етілмеуі мәселесі жөнінде үнемі жазып келеді және бұл туралы сарапшы қоғамдастықтар да хабарлауда. Соңғы бірнеше жылда құрылыс көлемінің ұлғаюына қарамастан, тапшылық әлі де сақталуда: ірі қалалардың белсенді урбанизациясы жалғасуда, тұрғындардың саны өсіп жатыр, отбасыларға тұрғын үй кеңістігін кеңейту қажет.

БҰҰ ұсынымдарына сай бір адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету стандарты 30 шаршы метрді құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткішке дейін әлі алыс. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша өткен жылы елімізде бұл көрсеткіш 24,5 ш. метрді құраған. Бес жылда тұрғын алаңмен қамтамасыз ету небәрі 2,3 метрге өскен. Мұндай қарқынмен Қазақстан жайлы тұрғын үйдің халықаралық стандарттарына тек 2040 жылға қарай қол жеткізе алады.

Ең ірі мегаполистер — Астана мен Алматыда жағдай жақсырақ сияқты. Өткен жылы елордада бір тұрғынға 32,3 ш. м, оңтүстік мегаполисте 30,6 ш. м келген. Қос астананың тұрғындары да өзге аймақтарға қарағанда кеңірек тұрғын үйлерде тұратыны анық. Кейбір облыстарда өмір сапасының бұл көрсеткіші өте төмен және орташа республикалық деңгейден едәуір артта қалып отыр. Оларға, мысалы, Жамбыл (18,8 ш. м), Жетісу (19,9 ш. м) және Абай (20,4 ш. м) облыстары кіреді. Сонымен бірге, экономикалық даму деңгейінің төмендігіне және халықтың төлем қабілеттілігінің төмендігіне байланысты, тіпті жеткіліксіз қамтамасыз етілген жағдайда да, ол жерлерде жаңа тұрғын үйге деген сұраныс басқа аймақтармен салыстырғанда ең аз болып қалады.

Жылжымайтын мүлікке сұраныстың аймақтық айырмашылықтарын жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің санынан байқауға болады. «„Азаматтарға арналған үкімет“ мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мәліметі бойынша ағымдағы жылдың сәуір айындағы жағдай мынадай. Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің ең көбі сол мегаполистерде тіркелді. 36,8 мың сатып алу-сату шарттарының жиынтығында 38,8%-дан астамы Алматы (7 мың) мен Астанада (7,3 мың) тіркелді. Бұл халықтың мегаполистерге көшіп келуіне және сол мегаполистердегі қала құрылысының белсенді дамуына байланысты. Қарағанды (2,9 мың мәміле) және Алматы (2,2 мың) облыстарындағы тұрғын үйге сұранысты да жоғары деп айтуға болады.

Жалпы, тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері санының айлық динамикасы 2024 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында жылжымайтын мүлікке сұраныстың белсенді болғанын растайды. Айлық көрсеткіштер 2023 жылғы мәндерден тұрақты түрде асып түсті. Шарттардың ең көбі желтоқсанда жасалды: бүкіл ел бойынша 50 мыңнан көп. Ағымдағы жылдың алғашқы екі айында аздаған ауытқулар байқалды: қаңтардағы динамика — минус 2,5%, ақпанда — минус 5%. Алайда көктемнен бастап тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелер санының қайтадан өсе бастағаны байқалды.

Артып келе жатқан сұраныс пен жайлы баспанаға деген қажеттілік жағдайында Қазақстандағы қалаларға энергияны үнемдеу, экология және цифрландыру технологияларын ескеретін сапалы, инновациялық, «ақылды» құрылыстар қажет. «Ақылды» құрылыс деп нені айтып тұрмыз және не үшін ол қала шетіндегі ешқандай ілеспе инфрақұрылымы жоқ стандартты көпқабатты үйлер құрылысынан маңыздырақ? Сарапшылар жаңа заман құрылысында қолданылуы тиіс бірнеше негізгі сипаттамаларды бөліп көрсетеді.

Ең алдымен, бұл тұрғын ықшамаудандардың құрылысын «қала ішіндегі қала» қағидаты бойынша жоспарлау, ол бойынша тек үй ғана емес, сонымен қатар мектеп, балабақша, емхана салынып, ауданның көлік қолжетімділігі ойластырылады. Екіншіден, бұл ақпараттық модельдеу мен жобаны бақылауды қолдана отырып, жаңа объектілерді жоспарлау, үйдің ішкі IT-инфрақұрылымын қалыптастыру. Үшіншіден, міндетті түрде инновациялық құрылыс материалдары мен технологияларын — аса берік бетонды, қосымша арқаулауды және т. б. қолдану. «Ақылды» құрылыстан кейін қызмет көрсететін компаниялардың да заманауи пайдалану технологияларын — инженерлік жүйелердің цифрлық телқосақтарын, экологиялық энергия тұтынуды және т. б. қолдануы өте маңызды.

Жоғарыда аталған сипаттамалардың көпшілігін қалалардың қалыптасқан инфрақұрылымы шеңберінде нүктелік құрылыс салу кезінде пайдалану өте қиын. Жаңа тәсілдерді сынауды Алматы маңындағы болашақ мегаполис — Алатау аумағында қолдануға болады. Бұл қала — таза парақ, ол басынан бастап салынып жатыр және ол жерде, былайша айтқанда, құлашты кеңінен сермеуге болады. Алатаудың бастапқыда Smart City тұжырымдамасына сәйкес құрылғаны да айтарлықтай маңызды, сондықтан оның құрылысы мен дамуына қатысатын компаниялар PropTech (property technology — жылжымайтын мүлік саласындағы цифрлық технологиялар) қолданатын болады.

Тың практикаларды Алатау «сынақ алаңында» сынап көргеннен кейін инновациялар бүкіл Қазақстан бойынша құрылыс индустриясына таралады. Мұның бірнеше артықшылығы бар. «Жекеден жалпыға» қағидаты бойынша даму тұтастай алғанда елдегі құрылыс саласының дамуын жеделдетуге, оның ЖІӨ-дегі үлесін арттыруға, инженерлік және инфрақұрылымдық жүктемені төмендетуге, қалалық ортаның сапасын арттыруға көмектеседі.

Инновациялық құрылыс технологияларының әлемнің дамыған елдерінде «ақылды» қалалардың дамуына ықпал етуін көрсететін бірнеше көрнекі мысал келтірейік. Мысалы, Швейцарияның солтүстігіндегі Smart City Zurich цифрлық телқосағы бар Цюрих қаласы құрылысты жоспарлаудағы инновациялық көзқарасымен танымал. Онда құрылысты бастамас бұрын болашақ жылжымайтын мүлік объектілерін көру үшін цифрлық модельдеу және VR технологиялары қолданылады. Салынған аумақтарды барынша тиімді пайдалану үшін қалада әртүрлі параметрлерді — ластану деңгейін, көлік инфрақұрылымының кептелісін және т.б. өлшейтін IoT-датчиктер желісі жұмыс істейді.

Тағы бір мысал — Норвегия астанасы Ослодағы FutureBuilt жалпылама аумақтық тұрақты даму бағдарламасы. Оған қазірдің өзінде 70-тен астам салынып жатқан объект қосылған. Компания пайдалану кезінде көмірқышқыл газының шығарындылары қолданыстағы стандарттардан төмен болатын технологияларды ұсынған жағдайда ғана құрылыс жобасы бағдарламаға қатысушы мәртебесін алады. Бұл жердегі әңгіме энергия тұтынудағы, сол сияқты қажетті ілеспе көлік инфрақұрылымын ұйымдастырудағы экологиялық тәсіл жайлы болып отыр.

Құрылыстағы инновациялардың қызықты тәжірибесін Сингапур қала-мемлекеті пайдаланады. Онда жаңа аса төзімді бетонды 3D-басып шығару бойынша ғалымдардың әзірлемелері сынақтан өткізілуде, құрастырмалы конструкцияларда әрлеу жұмыстарын орындау кезінде озық робот техникасы пайдаланылуда, жаңа ғимараттарды пилотсыз тексеруді енгізілуде. Бір қызығы, Сингапур BIM-технологияларын (Building Inforvtion Modeling — құрылыстағы ақпараттық модельдеу) пайдалануда көшбасшы болып табылады. Ондағы барлық жаңа құрылыс жобаларының 80%-дан астамы BIM-технологияларына сай жүзеге асырылады.

Ең бастысы: кез келген табысты жоба одан әрі басқа қалалар мен елді мекендерге таралады және мемлекеттердің экономикасы мен жалпы өмір сүру сапасына оң ықпалын тигізеді. Дәл осы тәсіл «ақылды» құрылысты және PropTech-ті экономикалық және әлеуметтік өсудің негізгі нүктесіне көтереді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -