Алматы тағы да ауасы ең лас қалалар тізіміне енді. IQAir халықаралық компаниясы жасайтын рейтингке әлемнің 125 ірі қаласы енді.
Биыл мамыр айының екінші жартысында Қазақстанның Оңтүстік астанасы бұл рейтингте 42-ші орынға тұрақтады. Алматыда ластану деңгейі — орташа, ауа сапасының индексі — 61. Өткен жылғы деректерді талдасақ, мамыр айы бұл көрсеткіштер бойынша ең нашар ай болмағанын атап өтуге болады. Қаладағы ең күрделі жағдай желтоқсаннан наурызға дейін, ең суық уақытта. Өткен жылдың қаңтар айының ортасында нақты уақыт режиміндегі рейтинг бойынша Алматы тіпті әлемдегі ең лас қалалардың көшін бастады, ол кезде индекс 250-ден асып кеткен болатын. Тіпті суық күндер аяқталғаннан кейін де Оңтүстік астананың нәтижелері, ең болмағанда, орташа көрсеткіштерден алыс, ал онсыз да пессимистік көрсеткіштердің қыста нашарлауы жыл сайынғы проблема болып табылады.
«Қазгидромет» РМК мамандары Алматыны Қазақстандағы атмосфераның ластану деңгейі жоғары және өте жоғары қалалардың қатарына жатқызады. Мұндай қорытынды екі экологиялық индикатор — ластанудың стандартты индексі (СИ) және ең көп қайталану (КҚ) индикаторы бойынша жасалды. Соңғы бірнеше жылда Оңтүстік астанадағы СИ үнемі жоғары ластану санатына жатқызылды (5-тен 10-ға дейін), ал 2023 жылы өте жоғары болды (15,6-ға дейін). КҚ индикаторы бойынша да ұқсас жағдай: Алматыда көп қайталанатын ластану деңгейінің жоғары (20%-дан бастап) және өте жоғары (50%-дан астам) көрсеткіштері байқалады. Яғни, қаланың ауасы өте лас және бұл жағдай үнемі қайталанып отырады.
Оңтүстік астанада атмосфераның ластануының негізгі себебі көлік құралдары болып табылады. Бұл гипотеза емес, қала үшін шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық көлемін жасаған сарапшылардың қорытындылары. Бұл деректерді ҚР Үкіметі жариялаған болатын. Құжатта 189 мың тонналық шығарындының жалпы жылдық көлемінің 112,7 мың тоннасы немесе 59,6% автокөліктерден екені айтылған. Бұл көлемнің тағы төрттен бір бөлігін немесе 52,1 мың тоннасын стационарлық көздерден шығарылатын ластаушы заттар құрайды.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай соңғы бірнеше жылда Алматы мен Алматы облысының автопаркі 28,8%-ға өскен. Ағымдағы жылдың мамыр айының басында агломерациядағы автомобильдердің саны 1,4 млн-ға жуықтады. Біз әдейі тек Оңтүстік астанадағы емес, сонымен қатар жақын аймақтағы көліктердің жалпы санын ескердік, өйткені теңселмелі көші-қон салдарынан қалаға күн сайын ондаған мың автомобиль кіреді. Олардың жартысына жуығын ескі-құсқы көлікке жатқызуға болады: 609,7 мың машина 20 жылдан астам, 313,9 мың машина 10 жылдан 20 жылға дейін қолданылып келеді.
Қалада 19 экологиялық бекет жұмыс істейді, онда автомобильдердің шығарынды нормативтеріне сәйкестігі тексеріледі. ҚР Үкіметінің деректеріне сәйкес өткен жылы тексерілген автокөлік құралдарының 17%-да бұзушылықтар анықталған. Айтпақшы, 2020 жылы мұндай машиналардың үлесі 20%-ды құраған. Өткен жылы экологиялық бекеттерде 31,7 мың бұзушылық анықталып, олар үшін әкімшілік жазалар қолданылған. Айыппұлдың жалпы сомасы 581,8 млн теңгені құрады.
Осы бекеттерде болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары олардың жұмысын тиімсіз деп санайды. Осы тақырыптағы депутаттық сұратуда: «Былай қарағанда, экологиялық бекеттер қалаға кіретін жолдардың барлығын жауып тастайтын сияқты, ал тиімділік нөлге жуық: қалаға 700 мыңға жуық машина кіретініне қарамастан, әр бекетте күн сайын төрт жүргізушіден аз ресімделеді. Қорытынды: олар не мүлдем жұмыс істемейді не өз қалталарын үшін жұмыс істейді. Бұл жерде әңгіме бюджетті айыппұлмен толықтыруда болып отырған жоқ, жүргізушіні катализатор орнатуға, іштен жанатын қозғалтқышты, карбюраторды жөндеп, ластаушы заттардың шығарындыларын қалыпты деңгейге дейін төмендетуге ынталандыруда. Экологиялық бекеттердің қойылған міндеттерді шешпейтіні анық, бұл күпірлік тек жүргізушілердің ашуын келтіреді», — деп жазылған.
Еліміздің премьер-министріне жазған хатында депутаттар бұл жағдайдан шығудың бірнеше жолын ұсынды. Экологиялық бекеттерді атмосфераға шығарындылардың асып кетуін тіркейтін және автоматты түрде әкімшілік айыппұл салатын модификацияланған бейнебақылау камераларына ауыстыру, сондай-ақ қоғамдық электр көліктерінің үлесін арттыру, қаланың барлық такси парктерін біртіндеп электромобильге көшіру туралы ұсыныс айтылды. Бұған жауап ретінде министрлер кабинетінің басшысы экологиялық бекеттердің жұмысын тоқтатуға, сондай-ақ барлық таксиді біртіндеп электромобильдерге көшірудің үш жылдық бағдарламасын әзірлеуге әлі ерте екенін айтты. Оңтүстік астанада мыңдаған электромобильдің пайда болуы оларды қуаттауға арналған тиісті инфрақұрылымды салуды және ең бастысы электр энергиясының жаңа көздерін іздеуді қажет етеді. Ал қалада онсыз да энергия тапшылығы бар және электр желісіне жүктеме өте жоғары.
Алматының көлікпен байланысты экологиялық мәселелерін шешуде кедергілер көп. Олардың барлығы ұзақ мерзімді стратегияларды және елеулі инвестицияны қажет етеді. Оңтүстік астанадағы осындай орасан зор көлік ағынын төмендету жолдарының бірі, ең алдымен, теңселмелі көші-қон мәселелерін шешу болуы керек. Өйткені, облыстан көптеген автомобильдердің келуінің өзі, ал Алматының жол инфрақұрылымы мұны көтере алмайды, экологиялық шамадан тыс жүктеме себептерінің бірі болып табылады. Алматының маңында тағы бір мегаполис Алатау пайда болған кезде ол Оңтүстік астананың демографиялық жүктемесінің бір бөлігін өзіне ала алады. Оның үстіне қала Smart City қағидаттары бойынша салынатын болғандықтан, оны жобалау кезінде әуел бастан кең даңғылдар мен магистральдар, «ақылды» (оның ішінде экологиялық) бақылау жүйесін салуға қаражат бөлінеді.
Алматы үшін экологиялық буфер бола отырып, Алатау көлік ағындарының бір бөлігін өзіне қабылдай алады. Мегаполисте жайлы баспана сатып алып, жаңа жұмысқа орналасқан адамдарға күн сайын Оңтүстік астанаға барудың қажеті болмайды. Сондықтан өмір сүру сапасы жоғары баламалы қала орталығын құру Алматыдағы шамадан тыс жүктеменің бірден бірнеше негізгі мәселесін шешуге көмектеседі.